- Бөлісу
Қапа болмаңыз! Тіпті 1 тәулік ішінде арайлы Алматыдағы демалысыңызды сапалы өткізіп, көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, қайталанбас әсер алып үлгересіз.
Шынымен де, мұндай мәселені шешу қиынға соғары анық. Себебі көпқырлы Алматының алуандылығын танып білу үшін тіпті бірнеше апталық саяхат аздық етеді. Дегенмен, 1 тәулік ішінде де көруге тұрарлық әрі үлгеруге боларлық дүние жетіп, артылады. Соның алғашқысы - таулар! Бұл - асқар таулардың керемет көріністерін тамашалап, өне бойыңызды саф ауаға қанық қылып, биіктігімен еліктірер шыңдарға бір елі жақындауға керемет мүмкіндік. Таулардың тылсым әлемі қуат сыйлайды, ақыл-ойыңызды тазартып, кемелдікке деген ұмтылысты күшейтеді.
Әрине, Алматы қаласының өзі де ерекше ықылас пен назарға әбден лайық. Бірақ саяхатыңыздың уақыты шектеулі болса, басымдылықты тауларға бергеніңіз жөн. Қала қызықтарына тау жорығынан соң жан дүниеңіз тынығып, деніңіз шаршағаннан кейін ғана көңіл бөлуді ұсынамыз. Қалада думанды көшелер мен дәулетті даңғылдарда серуендеп, мәні мен сәні жарасқан көрікті орындарға барып, еншіңізде уақыт қалса бірқатар қызықты жерлерді араласаңыз болады. Олар жайлы осы мақаламызда баяндап береміз.
Ыңғайлы жайғасып, қиялыңызды қосып, мақаламызды оқуға кірісіңіз!
Таудағы белсенді демалыс
Алматыдағы саяхаттың ең әсерлі сәттері мен жарқын естеліктері әрдайым таулармен байланысты. Бұл - жыл мезгілі мен ауа-райына тәуелсіз қалыптасқан, уақытпен тексерілген қағида. Елестетіп көріңіз, қаланың қарбаласқан тірлігінен 10 минуттық жерде ғана Солтүстік Тянь-Шаньның ірі жотасы - Іле Алатауының бауырайы жатыр. Жазғы уақытта жексенбілік жаяу жорықтарға шығып, Көк Жайлау, Үлкен Алматы көлі, көптеген шатқалдар мен сарқырамалардың көркем көріністерін көруге болады. Ал жаяу жүруді қаламасаңыз, халықаралық тау-шаңғы курорттарына "Қош келдіңіз!",- дейміз.
Қазақстандағы ең көне тау-шаңғы базасы - «Шымбұлақ»
Шымбұлақ өзі аттас тау шатқалында орналасқан тау-шаңғы курорты. Мұнда "қар" спортына арналған барлық табиғи және техникалық жағдай жасалған. Шымбұлақ иелігінде халықаралық аттестациядан өткен үш жоғары жылдамдықты трасса, шаңғы тебуді енді меңгеріп жатқандарға арналған көптеген қауіпсіз беткейлер және дайындықтан өткен, тәжірибелі шаңғышылар үшін "қызыл" және "қара" трассалар бар. Арнайы мамандандырылған мекемеде қажетті құрал-жабдықты жалға алып, беткейлерді бағындыру бойынша сабақ өтіп, машықтануға болатын курстар ұйымдастырылады. Ал егер сіздің спортқа терең үңілу ойыңыз болмаса, жергілікті мейрамханалардың бірінен тамақтана отырып, батыл шаңғышылар мен табиғаттың көзтартар көріністеріне куә бола аласыз.
"Медеу" биіктаулы мұз айдыны
"Медеу" әлемдегі ең әйгілі мұз айдындарының бірі. Сол себепті мұз үстінде еркін қозғалып, коньки тебуді білмесеңіз де міндетті түрде Медеуге келуіңіз керек. Кафеде тәтті тоқаш пен дәмді кофемен әлденіп алып, ашық аспан астында коньки теуіп, көңілді уақыт өткізе аласыз. Бұл жерде конькиді жалға алу да оп-оңай.
Әдемі әуен. Таудан ескен самал. Көркем табиғат. Бір сөзбен - Романтика!
"Көк төбе" биіктаулы ойын-сауық кешені
Алматының нақ орталығында орналасқан Достық даңғылындағы бекетте кабинага мініп, арқан жолымен 1620 метр биіктікке көтеріле аласыз. Бар-жоғы 6 минут. Осы аз уақытта сізге Алматының бар ажары мен салтанаты ашылады: қаланың шыршалы жасыл желегі, тарих тұнған көшелер мен даңғылдар, әйгілі алматылық биік ғимараттар. Мінекей, көз алдыңызда "Қазақстан" қонақ үйі. Бұған дейін бұл көріністі талай рет ашық хаттар мен газет-журналдың бетінен, теледидардан көрген боларсыз. Таңданысыңыздан айыға алмай тұрған сәтте Көк Төбеге жетіп, қызықты аттракцион паркінің дәл ортасынан табыласыз. Таңырқау ендігіде шаттықпен жалғасады. Скалодром, шанамен жылдам сырғанап түсу, 30 метрлік шолу дөңгелегі сізге сергектік сыйлап, қандағы адреналин мөлшерін еселері анық. Егер сізге жануарлар әлемі қызық болса, осы жердегі хайуанаттар бағы мен экзотариумды көруіңіз керек. Ескертетін жайт - уақытыңызды бағалаңыз! Көк Төбедегі толған қызықтың ішінде уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалу қауіпі өте жоғары.
Осымен Алматының тауларына арналған шолуды аяқтаса да болады. Алуан түрлі әсерден сіздің шаршап, белсенділікке құлшынысыңыз жоғалып кетуі мүмкін. Дегенмен, бар күш-жігеріңізді жинап, әсем Алматыдағы қалған уақытыңызды пайдамен өткізіп, қаланың қыр-сырын барынша ашуға арнаңыз. Осы орайда, сіздің тарапыңыздан туындайтын заңды сұрақ:
Қалған уақытымды қалай өткізсем болады?
Алматының тарихи, мәдени, ойын-сауық орындарына бай болғаны сонша, бұл сұраққа жауап іздеудің қажеті де шамалы. Мұражайлар, театрлар, мейрамханалар, демалыс кешендері, тағысын тағы. Дегенмен, уақыт тығыздығын ескере отырып, бұл тізімді ең қызық деген нысандармен шектеуге тура келеді. Сонымен, бастайық!
Күндізгі белсенді демалыстан кейін жақсылап тамақтануға деген тәбетіңіз ашылары сөзсіз. Осы тұста жылдам тамақтану орталықтары мен дәмханаларды шетке ысыра тұрып, қазақ ұлттық асханасымен танысу үшін дәстүрлі мейрамханалардың дастарханынан дәм татуға кеңес береміз. Тағамдардың тіл үйірер дәмі, талғамды ұсынылуы, қонақжайлылық сізді көшпенділердің аспаздық дәстүрлеріне ынтызар етеді. Дәмді астан кейін ағзаға пайдалы серуен мен дүниетанымға пайдалы экскурсияны біріктіріп, Алматының көрнекті орындарын араласаңыз болады.
Серуенді "Көк базардан" бастаңыз. Жеміс-жидек, көкөніс, жаңғақтар, түрлі дәмдеуіштер, ет пен сүт өнімдері, тәттілер толған сөрелер Алматының берекесі мен молшылығын көрсетіп тұрғандай. Мұнда көптеген дертке шипа бола алатын емдік тұнбалардан бастап, тірі өсімдіктерге дейін - бәрін таба аласыз. Сіз өнім сапасына толық көз жеткізсін деген ниетпен жомарт та мейірбан сатушылар қашанда көмек беруге дайын. Сондықтан сауда жасап жүріп, өзіңізге ұнаған өнімнен дәм татудан тартынбаңыз (әсіресе, сізге таңсық тағамдар болса). Көк базарда палаухана мен лағманхана сияқты кішігірім дәмханалар көп. Шағын мәзірінде 5-6 түрлі тағам ғана болса да, ауыз толтырып айтарлықтай дәмді, өте тойымды. Ал мұндағы қызмет көрсету деңгейі - шынайы ілтипат пен қонақжайлылықтың көрінісіндей.
Базардан шыққан соң бірден Жібек Жолы даңғылына беттеп, қала бойынша экскурсияңызды жалғастырсаңыз болады. Көненің көзіндей болған, қайта жөндеуден өткен ескі үйлер мен енді тұрғызылған заманауи, жаңа зәулім ғимараттардың үйлесіміне куә боласыз. Қазыбек би көшесіндегі аты аңызға айналған 28 панфиловшы атындағы шыршалармен шырайланған саябақ, қазіргі Н.Назарбаев, бұрынғы Д.Фурманов және К.Тимирязев көшелері қиылысындағы Тұңғыш Президент саябағы есіктері өз келушілері үшін айқара ашық.
Нағыз эстетикалық ләззат алу үшін музыка мен актёрлық шеберлік әуесқойлары концертке, театрға немесе джаз-клубқа барса болады. Оның ішінде концептуалды "АRTиШОК" театры, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Абай атындағы опера және балет театры, Алматы концерт залы сияқты орындарды ерекше атап өткен жөн.
Егер өнер, тарих, көне жәдігерлерге деген қызығушылығыңыз айрықша болса, Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптар мұражайы, Ә.Қастеев атындағы ҚР өнер мұражайы, ҚР Ғылым академиясының археологиялық мұражайы сіз үшін таптырмас қазына. Бұл мұражайларда ешқашан зерікпейсіз, ерекше тақырыптық көрмелер, таңғаларлық экспонаттар, түрлі экспозициялар білімпаз туристтің көз қуанышына айналады.
Жақындарыңызға базарлыққа, өзіңізге естелікке кәдесый сатып алғыңыз келсе, кез келген сауда-ойын-сауық кешенін таңдауыңызға болады. Сауда бутиктерінен бөлек, бұл кешендерде алуан түрлі дәмханалар орналасқан фудкорт, 7D кинотеатрлар, аттракциондар жетерлік.
Жоспарларыңызды толықтай іске асырып, бар күшіңізді пайдалы іске жаратқан соң, сол күшті қайта қалпына келтіру керек. Ол үшін Алматыда көптеген заманауи SPA-салондар өз қызметтерін ұсынады. Массаждың түр-түрі, бүкіл денеге арналған SPA-кешен, wellness-терапия, талассотерапия, хамам, арома-процедуралар, детокс және тағы басқа. SPA-салондағы осындай тынығу Алматыдығы қызыққа толы 24-сағаттық демалыстың сәтті қорытындысы болмақ.
Көргеніңіздей, еншіңізде небәрі 24 сағат болса да, Қазақстанның оңтүстік астанасында сапалы, танымды, көңілді саяхат жасап үлгересіз. Бірнеше сағаттың ішінде Алматы сізге тым жақын, әр жері жақсы таныс, ерекше тартымды қала кейіпінде көрінеді. Осы демалысты тағы бірер күнге ұзартуды қалап, сізді құшақ жая қарсы алған Алматымен қимай-қимай қоштасуға тура келеді. Әр келуіңіз ендігіде осылай аяқталмақ. Себебі Алматы - шексіздік қаласы. Келген сайын еш жалықпастан Көк базардан апорт алма мен ыстық тоқаш алып, көше суретшілерінің туындыларына тамсанып, тағы бір рет арбатпен серуендегіңіз келеді. Жаныңыз осыны қалайтындықтан, бұның барлығы шексіз қайталана бермек.
Осыдан болар, Алматы - жан-дүниемізге арналған бірегей қала!