yandex alt

menu

Логотип Kazakh  tourism

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Логотип Kazakh  tourism

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Басты бет

Шығармалар

Ақтауда балалармен демалысты қалай өткізуге болады

  • Қалалар

Ақтау. Балалар демалысының таңдаулы орындары.

Ақтау – қарт Каспийдің жағасында бой көтерген ірі өндірістік шаһар. Жылдың қай мезгілінде де үлкенді-кішілі барлық қала тұрғындары мен қонақтары үшін мұндағы басты демалыс теңізбен байланысты. Теңіз бойындағы жаңадан салынған жағалауда серуендесеңіз де, теңіз айдынында катамарандармен өткізілетін экскурсияға қатыссаңыз да қала мен теңіздің көз тоймастай керемет көріністеріне куә боласыз.


Аймақта мұнай мен газдың қоры анықталған сәттен-ақ, елсіз шөлдің ортасында қала құрылысы басталады. Бұл ХХ ғасырдың 60-шы жылдары еді. Ақтау маңында табиғи тұщы су көздерінің жоқтығы себебінен жергілікті халық «өмір өзегін» Каспийдің суын тұщыландыру арқылы тауып отыр. Мұның өзі тұтас өңірдің байлық-берекесі болған Каспийдің қасиеті мен құндылығын аңғартады. Қала тарихынан хабары бар әрбір жанның Ақтаудың көлеңкелі саяжолдарымен серуендеп жүргенінде еріксіз көңілі толқып, шынайы таңданысын жасыра алмасы анық. Оған қоса, қаланың бүгінгі заманауи көрісі де тамсана қарайтындай деңгейге жеткен.

Орталық саябақта балдырғандарға қызықты да танымды дүние жетерлік: қазақстандық шекарашыларға арналған ескерткіш, темір жол аттракционы, оның жанындағы Эйфель мұнарасы мен басқа да түрлі мүсіндер көптеп кездеседі.

Жергілікті көрнекті орындардың бірі – шамшырақ. Тұрғын үйдің төбесіне орнатылған шамшырақтың «міндеті» кемелерді теңіз портына бағыттау. Балаларыңызбен демалып жүргеніңізде Ақтаудың бұл мақтанышы да назарыңыздан тыс қалмасын.

Орталық алаңдардың бірінде бүйірінде «Ақтау» деген жазуы бар, қоладан соғылған желкекті кеме түріндегі «Каравелла» субұрқағының жанында әдемі естелік сурет жасай аласыз.

Балаларыңыз құмары қанғанша ойнап-күліп алсын десеңіз, сізге керегі - «Ақ бота» аттракцион паркі! Бірақ парктің жылдың жылы мезгілдерінде ғана жұмыс жасайтынын естен шығармаңыз.

Қыс мезгілінде Ақтауда ақ ұлпа қар жоқтың қасы. Қар болмағасын үйреншікті коньки мен шана тебетін алаңдарды да таба алмайсыз. Сауда үйлеріндегі кішігірім мұз айдынын қанағат етуге тура келеді. Десек те, еш әуреленбей-ақ, қаланың дәл ортасында «қанаттылардың» беймарал тіршілігін бақылап, киелі аққу бастаған теңізді пана еткен құстарға жем беріп, ой-санаңызды тынықтырып қайтуыңызға болады. Осынау ерекше демалыстан кейін құстар әлеміне деген қызығушылығыңыз артатын болса, қала сыртындағы Қаракөл көліне аттанып, қоқиқаздарды тамашалай аласыз.

Жаяу серуендер жайлы 

Қаламен азды-көпті танысқаннан соң, теңізге жол тартсаңыз болады. Ақтаулықтардың сүйікті орны – жағалау. Жағалаудың негізгі бөлігі кеңестік уақытта салынған, теңізден жағалауға қарай бірнеше көркем кескінді баспалдақ салынған. Кешқұрым Күннің батар ұясы Каспийдің тұңғиығында жатқандай әсер сыйлайтын ғажап көрініс пайда болады. Осыған орай жағалау жоспары да сәтті құрылғандығы байқалады: қонақтар мұндай қайталанбас сәттерді жайлы жерде өткізу үшін 20-30 метр сайын отыратын орын ойластырылып, жасалған.

Бір жағы – көркем қалыпты жартастар, екінші жағы – көк теңіз болған жаңа жағалау құрылысы да соңғы жылдары қарқынды жүргізілуде. 2018 жылдың тамыз айында амфитеатрдың ашылу салтанаты өтіп, нысан халық игілігіне тапсырылды. Бұл жерде суға шомылу мүмкін болмаса да, есесіне еш қиындық- қауіпсіз үңгірге түсе аласыз. Басқасы басқа, бұл балаларыңыздың есінде ұзақ сақталары талассыз.

Ары қарай жүре берсеңіз, қонақ үйге жақындай түсесіз. Қонақ үйдің маңында түнде жартастарды жарықтандыратын прожекторлар орнатылған. Еш әсірелемесіз, бұл да ғажап көрініс.

Жағалаудың бойында автокөліктен басқа, шағын дөңгелекті «серіктеріңізге» арналған жолдар жасалған. Жаяу серуеннен жалығып, велосипед тебемін десеңіз, мархабат!

Теңіз серуені

Ауыз толтырып айтарлықтай қызық көп болғанымен, Ақтаудағы демалыстың мәңгі ұмытылмас бөлігі –теңіз серуені. Қаланы толық аралап болсаңыз, көп күттірмей, балаларыңызбен бірге теңіз айлағына жол тартсаңыз болады. 14-ші шағын аудан жағалауында, «Аққулы» мүйісінде орналасқан айлаққа түсіп, катамаранға міне салысымен нағыз «каспийлік» серуеніңіз басталмақ. Балалардың жасына да еш шектеу қойылмайды. 

Демалыстың бұл түрі жайлы Наталья Ворожейкина толығырақ тоқталды:

  • Біздің бағдар жағалаудың орталық тұсын: 14-ші шағын ауданнан танымал қонақ үй кешеніне дейінгі аралықты қамтиды. Өз кезегінде, жартастарға кіріге салынғандықтан, кешеннің жергілікті көрнекті орын ретіндегі маңызы зор. Катамаранмен жүзіп жүргендерінде, туристер теңіз жақтан қарағандағы қаламыздың басқа да негізгі көрнекті орындармен таныса алады. Жартастардағы соқпақ көрініп, түнгі уақытта жартастардың өзі де жарықтандырылады. Бұдан соң катамаран қалалық яхт-клубтың аймағын бір айналып, 14-ші шағын аудандағы айлаққа қайтып оралады. Әдетте, катамарандар жазда таңғы 3-4-ке дейін, ал қыста кешкі 8-ге дейін жүреді. Иелігімізде катамаранның екі түрі бар. Ақырын жүрісті катамаранды таңдаған туристер емін-еркін суретке түсіп, жалпылама қозғалуларына болады. Ал жылдам катамаранды таңдайтын тәуекелшіл демалушылар арнайы қауіпсіздік белдіктерін тағып, сақ болулары тиіс. Оның жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетеді, түрлі маневрлер орындауға да икемді. Тек жас бойынша шектеу бар: 5 жастан бастап қана мінуге рұқсат. Сонымен бірге, барлық жолаушыларымыздың назарына үш тілде қолжетімді, қаламыздың тарихы баяндалатын шағын аудиоәңгімені ұсынамыз. 
  • Қаламыздағы «Бриз» яхт-клубының жұмыс жасап тұрғанына осымен 50 жылдың жүзі болды. Аталмыш клубтың көмегіне жүгіне отырып, теңізде жүру өнерінің қыр-сырын толық меңгеріп алуға болады. Одан бөлек, вейкбординг пен виндссерфингпен айналысатын спортшылардың машығын қызықтай аласыз. Ақтаудағы демалысыңыз қандай да бір спорттық жарыспен тұспа-тұс келсе тіпті «жолым болды» дей беріңіз. Мәселен, бүгінде «Алтын нактоуз» халықаралық желкенді қайықтар жарысы Ақтаулық жағалауда 40 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді.

Ақтаудағы түрлі туристік агентіктер яхталарды жалға беретінін де атап өтуіміз керек. Бағасы сағатына 30 мың теңгеден басталады. Бір яхта сыйымдылығы: 15 адам.

Суға шомыламын десеңіз

Қаланың жағалық белдеуінің көп бөлігін ірі тастар алып жатыр. Күнге қыздырынуға өте ыңғайлы, әйтсе де шомылуға тіптен келмейді. Ашық ақпарат көздердегі мәліметтерге сүйенсек, Ақтауда 7 жағажай бар және оның 5-еуі жеке-меншік иелігінде. Соңғыларында судағы да, құрлықтағы да ойын-сауық үшін барлығы жасалған: шатырлар, хауыздар, баттутер мен үрлемелі аттракциондар, тағысын тағы да. Жалға берілетін скутерлер мен қайықтар да жетіп артылады.

Суреттер «Гуна Ақтау» компаниясымен ұсынылған