Шымкент қаласының көрікті жерлері
Шымкент – шығыс мәдениетінің бар кереметін жиып, сақтаған қазыналы қобдиша іспеттес. Шаһар тіл үйірер тағамдарымен және Ұлы Жібек жолының жұрнағындай болған шығыс базарларымен ерекше тартымды
Шымкент
Шырайлы «шығыстың» ерекшеліктеріне құмар жандарды Шымкент қаласы құшағын жайып қарсы алады. Оңтүстіктің жүрегі, таңғажайып көне қала. Ол – жазық даланың тап ортасында, ыстық күн шуағының астында орналасқан. Қала аты – Шымкент «бақ қаласы», яғни жасыл қала дегенді білдіреді, сондықтан мұнда келгенде нағыз шұратқа тап болғаныңызды аңғарасыз.
Қаладағы қызықтар
Мұнда жануарлар мен құстарды табиғи ортасында көруге болатын саялы бақтар бар. Міндетті түрде Дендробақты өз жоспарыңызға қосыңыз, бұл – тек туристердің ғана емес, жергілікті тұрғындардың да жиі серуендейтін орны.
Оазис тұжырымдамасына сай, Шымкентте бассейндері мен су аттракциондары бар аквапарктер мол. Ыстық күні қала ішінде серуендеген соң, сергіткіш салқын суға шомылып, су аттракциондарында көңіл күйді көтеруге не жетсін! Мұндай белсенді демалыстан кейін міндетті түрде дәмді тамақтан ауыз тию керек: кез келген мейрамханаға кіре берсеңіз болады, себебі Шымкентте бағалар өте тиімді, ал тіл үйірер тағамдары – алуан түрлі. Алтын түстес нағыз палаудың, арнайы рецепттер бойынша әзірленген хош иісті лағманның, кәуаптар мен самса және көптеген басқа тағамдардың дәмін татуға кеңес береміз.
Базарларды да аралап шыққаныңыз жөн болар. Түрлері мен дәмдері сан алуан қарбыз, қауын, алма, түрлі жаңғақтар мен тәттілер... Барлығынан да ауыз тиіп көруге болады: саудагерлер барын салып, ең жақсысын ұсынуға тырысары сөзсіз!
Шымкент қаласының тарихи орындары
Қаланы біраз аралап шыққаннан кейін, тарихи атмосфераны жақсырақ сезіну үшін міндетті түрде мәдени, тарихи орындарға барған жөн:
- Орталық мешіт
- Шымкент өлкетану мұражайы
- Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай;
- «Кең Баба» этнографиялық саябағы.
- Сайрам көне қалашығы – ұлы философ, ғұлама ақын Қожа Ахмет Яссауидің туған жері, орта ғасырлардағы ірі әкімшілік және сауда орталықтарының бірі.
Сонымен қатар, қаладан тыс көне киелі жерлерге сапарға шығуға болады:
- Арыстан Баб кесенесі;
- Түркістан қаласы
- Отырар және Отырар оазисі;
- Ақмешіт үңгірі
- Домалақ-Ана кесенесі;
Шымкент – тарихы бай, келешегі жарқын қала, сондықтан мұнда әрқашан да баруға және көруге тұрарлық орындар жетерлік.