Павлодар облысының көрікті жерлері
Павлодар облысының бас жауһары – Баянауыл. Құтты мекеннің бар кереметі жасыл желекке оранған тау бөктерінде, тұңғиығы аңызға толы – Жасыбай көлінде, табиғаттың тылсым күшімен түрлі кейіп қабылдаған алып тастардың көркем көрінісінде жасырылғандай!
Павлодар облысы
Павлодар облысы денсаулыққа аса пайдалы сазбен емдеу орындары, Баянауыл курорттық аймағының көркем табиғаты, елдегі ең ірі, туристерге ашық көмір алабымен танымал. Ал Павлодар қаласы мен облысындағы туристік инфрақұрылым жыл санап жаңа деңгейге көтерілуде.
Павлодар облысының көрікті жерлері
Саяхатты, әрине Баянауыл ұлттық саябағынан бастаған жөн. Жазық даладағы бірнеше сағаттық сапардан кейін алдыңыздан күтпеген жерден мәңгі жасыл қылқан жапырақты орманмен қапталған алып тау массивтері өсіп шығады. Бұралаң тау жолдарымен алға жылжыған сайын, көз алдыңызда таңғажайып пейзаждар ашылады. Қандай керемет! Тау етегінде су беттері көкшіл түстермен жалтылдаған төрт көл орналасқан, оның ішінде ең танымалы – Жасыбай көлі. Бұл – табиғаттың нағыз сұлулығы!
Баянауылдың басқа да көрікті орындары туристердің қызығушылығын тудырады, мысалы, Әулиебұлақ пен Сарыадыр бұлақтары, Қоңыр әулие үңгірі, және Кемпіртас.
Ал қыстыгүні Баянауылда Мырзашоқы шаңғы курорты қонақтарды қарсы алады. 2019 жылы ашылған курорттың шаңғы тебу трассасының ұзындығы – 960 метр. Бұл жерде төменгі және жоғарғы станциялар толығымен жабдықталған, таудың жоғарғы жотасында қар тоқтату бөгеті орнатылған.
Киелі және тарихи орындар:
- Облыстың ең көне киелі жерлері ішінде – Драверт үңгірінің тасқа салынған суреттері, Ақбидайық петроглифтері, және басқа да ежелгі тас жазбалары.
- Ғалым, тарихшы, этнограф, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931 жж.) кесенесі.
- Абылай ханның немере ағасы, би, басқа елдермен дипломатиялық қарым-қатынасты нығайтуға атсалысқан Сұлтанбет сұлтанның ордасы.
- Ақкелін тарихи-мемориалды кешені – Мұса Шорманұлының қонысы және кесенесі.
Павлодар облысының еліміздің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқанына қарамастан, ауа-райы бұл жерде тым қатал емес. Температура көрсеткіші жазда +30 градусқа дейін көтеріледі, сол себептен Баянауыл көлдерінде шомылу үшін көптеген туристер келеді. Қыстыгүні аяз түскен кезде, коньки мен шаңғы тебу, ит жегілген арбамен серуендеу секілді қызықты уақыт өткізу тәсілдері ұсынылады.