yandex alt

menu

Логотип Kazakh  tourism

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Логотип Kazakh  tourism

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Басты бет

Шығармалар

Димаш Құдайберген: Қазақстанға жол салған музыка

  • Мәдени мұра
  • Қалалар

Қазақстандық әнші, композитор, бесаспап музыкант Димаш Құдайбергеннің өнері – оның жанкүйерлерінің Қазақ еліне, мәдениетіне, тіліне деген қызуғышылығын оятқан бірегей құбылыс. Бүгінде Әлем таныған жұлдыздың туған жерін, әсіресе Ақтөбе қаласын танып-білуге құмартқандардың саны күн сайын толығуда. Осыған орай, 2018 жылы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Димаштың ата-анасымен және Ақтөбе облысы әкімдігінің Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесе отырып әншінің дарынына таңдай қаққан жанкүйерлеріне арналған турмаршрут құрастырған болатын.

Аталмыш тур барысында жанкүйерлер Димаштың туып-өскен үйін, барған балабақшасын, кәсіби өнер жолының бастауы болған музыкалық мектепті, тыңдаушысымен асыға жолығатын салтанатты залдарды, бір сөзбен: Димаштың дарынын дамытқан жерлерді өз көздерімен көріп, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын аралап қайтуға мүмкіндік алады.

Димаш Құдайбергеннің өмірбаянынан:

Димаш Құдайберген музыка әлеміне жақын отбасында дүниеге келіп, екі жасынан-ақ сахнада өнер көрсете бастаған. Өзінің 2015 жылы белорусиялық Витебск қаласында өткен «Славян Базары» жас орындаушылар байқауындағы жеңісінен кейін туған жерінде де, шетелде де зор танымалдылыққа ие болды. Дәл осы жылы Отаны да өнер майданында жүрген батырын ұлықтап, Димаш «Эстрада әртісі» номинациясы бойынша «Халық сүйіктісі» Ұлттық сыйлығымен марапатталды. Бұл жеңісінен кейін әншінің атына түрлі еуропалық және азиялық елдерге шақыртулар түсе бастады. 2016 жылы 19 жасында жазған «Ұмытылмас күн» әнімен аттас турнемен Қазақстанның бар өңірін қамтыған гастрольдік сапар өткізді. Дегенмен, Димаштың атағын аспандатқан танымалдылық оның қытайлық Hunan TV арнасында өткізілген «I am a Singer-2017» телевизиялық шоуынан кейін келді. Ол күрделі іріктеуден финалға дейінгі жолды еңсеріп, Әлемді мойындатқан әншілермен сайысқа түсіп, нәтижесінде 2-ші орынды иеленді. «I am a Singer-2017»-де Димаш өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Оған Димаш әндерінің халықаралық рейтингтердегі жоғарғы орындарға тұрақталуы дәлел бола алады. Мысалы QQ iTunes чартында «Ұмытылмас күн» және «Eternal Memories» әндері шыққан күнінен бастап-ақ 1-ші орынды иеленген. Димаш Құдайберген аты шулы «Грэмми»-дің қатарласы саналатын Музыка саласындағы Қытай сыйлығының 24-ші салтанатында «Үздік азиялық әнші», Tencent MTV Asia музыкалық салтанатында «Ең танымал шетелдік әнші» сияқты халықаралық беделді музыкалық марапаттарға ие болды.

Елордамызда 2017 жылы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Димаш Құдайбергеннің «Bastau» атты алғашқы ірікөлемді 30 мың көрерменнің басын қосқан жеке концерті өткізілді.


Димаш академиялық ән орындау саласында музыкалық білімін тәмамдағаннан соң Astana Opera мемлекеттік опера және балет театрына шақырту алады. Дегенмен, әнші поп-музыка, классикалық және дәстүрлі қазақ музыкасы элементтерімен әрленген заманауи музыканы таңдады. Жанкүйерлер санының жылдам қарқынмен өсуі жоғарыда аталған таңдауының абзал болғандығын көрсетеді. Соған қоса, Димаш та өнерін тамашалап жүрген көрермендерін Отанын көріп-білуге үгіттеп жүр. Өз кезегінде еліміз бұл мақсатты іске асыру жолында жаңа мүмкіндіктер ашып, оңтайлы жағдай жасауда.

«Көптеген адамдар Димаштың өнеріне тамсанып, оның шығармашылығына деген шынайы ілтипатын білдіреді. Сүйікті әншілерінің кіндік қаны тамған туған жерімен танысу үшін мыңдаған шақырымды артқа тастап, Қазақстанға келеді. Біздің тур Димаштың «Welcome to Kazakhstan» деген шақыртуын ерекше құлшыныспен және құрметпен қабылдайтын саяхатшы-жанкүйерлерге бағытталған. Жүргізген санағымыз бойынша, туристер әлемнің 60 елінен жиналған. Мысалы, Димаштың кішкентай малайзиялық жанкүйері - Заим өз отбасымен сүйікті әншісінің еліне келген. Заим өздігінен қозғала алмаса да, бұл оның «ААА»(тур бастапқыда «Астана-Ақтөбе-Алматы» деп аталған) турына қатысуына еш кедергі бола қоймады. Бозбала Қазақстанға келгендігіне бақытты екенін айтып, Димаштың Малайзияда гастрольдік сапар өткізуін армандайтыны жайлы ой бөлісті»,- дейді «Димаш-тур» жобасының ұйымдастырушысы мен үйлестірушісі Мейрамгүл Балғожина.

Ал мұхит асып, Америкадан келген жанкүйерлер Димаш білім алған колледже болып, жаздың күні сыныптардағы қапырық ыстықты сезінгеннен кейін, оқушылар жайлы жағдайда білім алсын деген ниетпен оқу ордасына кондиционерлер сыйға тартқан болатын. Осы жанкүйерлердің қатарында болған Умут Сатрон: «Олар бұған лайықты. Алтын балалар!»,- деген екен.

Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы қалаларын қамтитын, 10 күнге созылатын тур бағдарламасы әр туристік топқа жеке-жеке құрастырылады. Елордадағы туристер баратын негізгі нысандар қатарында мұражайлар, мешіттер, «Бәйтерек» кешені, Astana Opera, EXPO көрме-кешені, Щучье-Бурабай курорттық аймағы және де Димаш білім алған Қазақ ұлттық өнер университеті бар. Университет ректоры Айман Мусаходжаева қонақтарды өзі қарсы алып, әншінің сабақтары өткен аудиториялармен таныстырады. Осыған қоса, жанкүйерлер үшін екі қабатты Red Bus экскурсиялық автобустарында өтетін түнгі караоке-тур дайындалған. Бұл жерде туристер Димаштың орындауындағы үздік әндерін тыңдай отырып, түнгі астананың әсем көріністерімен танысады. Тур ұйымдастырушылары жанкүйерлердің қазақ мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне, ұлттық өнеріне терең бойлауына баса назар аударады.Осылайша, қонақтардың домбыра мен саз сырнайда ойнап, «Қара жорғаны» билеп көруге мүмкіндіктері бар.

Нұр-Сұлтандағы үш күндік экскурсиядан кейін жанкүйерлер Алматыға жол тартады. Мұнда туристер Панфиловшылар саябағын аралап, мешіттер мен шіркеулермен танысып, Көк базарда сауда жасап, Талғар шатқалына көтеріліп, Медеу, Шымбұлақ, Шарын шатқалы, Үлкен Алматы көлі мен Көк-төбе сияқты қайталанбас жерлердің көркем көріністеріне куә болады. Табиғаты мен тарихы еліктірер Алматы қаласында Димаштың жанкүйерлері төрт күн өткізеді.


Димаштың Отанымен жақсырақ танысып, қанық әсер алған туристер ендігіде оның туған өлкесі - Ақтөбе қаласына аттанады. Дәл осы жерде жанкүйерлер сүйікті әншілерінің өмірі мен өнері жайлы естеліктер сақтаған орындармен танысады. Мысалы, Димаш оқыған мектепте қонақтар Димаштың ұстаздарымен тілдесіп, ол отырған партаға отырып, дарынды түлегіне арналған бөлімі бар мектеп мұражайын аралайды. Димаштың мектептегі суреттері мен бағалары жанкүйерлер үшін айрықша қызықты. Сонымен қатар, тур бағдарламасына Димаштың музыкадан сабақ берген ұстазы – маэстро Марат Әйтімовтің шеберлік сабағы кіреді. Маэстро өз оқушылырының үлгісінде түрлі тембр мен октаваларда ән айту әдіс-тәсілдерімен таныстырады, өзінің танымал шәкіртінің студенттік өмірімен байланысты қызықты да көңілді әңгімелермен бөліседі. Ал кешкісін жанкүйерлер караокеде бас қосып, маэстромен сұхбаттасып, қосылып Димаштың әйгілі әндерін шырқайды.

Ақтөбедегі экскурсия аяқталғаннан кейін, жанкүйерлер Нұр-Сұлтанға оралып, қалған уақыттарын сүйікті әншілерінің Отаны жайлы естелік болатын кәдесыйлар сатып алуға, астаналық салтанатты сәулеттің аясында фотосессия жасауға арнай алады.

Бүгінгі таңда аталмыш маршрут туристер арасында айтарлықтай танымалдылыққа ие. Димаш Құдайберген – «Қазақстан туризмі елшісі». Елінің мәдениетін, өнерін, тілін, дәстүрін әлемге танытып жүрген «Дала дарыны» бұл ардақты атаққа әбден лайық.

Димаштың өмірбаянынан алынған қызықты деректер

  • Сәби күнінінен бастап үлкен сахнада ән айтуды армандаған.
  • Мектеп қабырғасында білім алып жүргенінде қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін зерделеп, музыкаға түсірген. Өлең жазып, әуен өңдеген.
  • 2010-2013 жылдар аралығында төрт бірдей ірі сайыста жеңімпаз атанды: Қазақстанда – «Байқонырдың Әсем дауыстары» халықаралық фестивалі, «Жас Қанат», Украинада - «Шығыс базары», Қырғызстанда – «Мейкин Азия».
  • 2013 жылы ерекше танымалдылыққа ие болған Орал Байсеңгірдің сөзіне жазылған «Ұмытылмас күн» және әкесі Қанат Айтпаевтың сөзіне жазылған «Көркемім» әндеріне әуен жазып, үш музыкалық бейнебаян шығарды.
  • Әжесінің айтуы бойынша, Димаш барлық әндерін жанды дауыста толықтай беріліп айтатыны сонша, концерттен кейін жейделерін бір сығып алуға жарайды.
  • 2016 жылы Димаш Бейжің қаласындағы Black Gold Talent агенттігімен келісім-шартқа қол қойды.
  • 22 жасында Қытайда өткен «I am Singer» телевизиялық байқауының тарихындағы «ең жас» қатысушы атанып, қытайлық танымал орындаушылармен иық теңестіріп, байқау қорытындысы бойынша ақтық сынға жетіп қана қоймай, Гонкогтық Сэнди Лэмнен кейінгі екінші орынды иеленді.


Биографиялық мәліметтер көзі