- Бөлісу
Қазақстанның тұмса табиғаты – саяхатшылардың елімізге деген толассыз қызығушылығының басты себебі. Әйтсе де, осы ретте сәулет мұрамыздың алар орны ерекше, маңызы орасан зор.
Сіздің назарыңызға еліміздегі таңқаларлық сәулет нысандарының үздік «жетілігін» ұсынып, құрылыс барысында табиғат тарту еткен саз, тас, ағаштан бастап, заманауи бетон, болат, шыныға дейін қолданыс тапқан бірегей ғимараттар жайлы сөз қозғаймыз.
1. Киіз үй
Сәулет – ұлттық мәдениет жайлы сөзсіз сөйлеп, тілсіз баяндап бере алатын асыл қазына. Ал көшпенділер мәдениеті турасында ғасырдан ғасырға сыр шертіп келетін бірегей құрылыс – киіз үй. Көшпенділер панасы өз бастауын біздің заманымызға дейінгі ХІІ ғасырдан алады. Шеңбер күмбезді қазақ киіз үйінің соңғы сипаты ХІХ ғасырдың басында толық қалыптасқан. Жылыстап жылдар өтсе де, қазақ тұрмысы танымастай өзгерсе де, киіз үй қазақстандық шаруа өмірінің таптырмас бөлігі, бұлжымас қажеттілігі болып қалыптасқан. Неге десеңіз, киіз үй - дала жағдайыдағы ең қолжетімді, оңай тасымалданып, жылдам құрылып-жиылатын, ызғарлы жел мен нөсерлі жауыннан қорғай алатын жалғыз баспана. Бар артықшылығына лайықтап, «Көшпенділер сәулетінің жауһары» деп аталған киіз үйдің құпиясы да осы көпқызметтілігінде болар.
2. Хан Шатыр
Қазақстан астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының сән-салтанаты жылдан жылға артып, аса жылдам қарқынмен дамуда. Елорда келбеті «Бәйтерек», «Солтүстік шұғыла» және сырт көрінісі оттыққа ұқсайтын «Transport Tower» ғимаратымен шектелмек емес. Бүгінде ұшқыр қиялдың жемісі болған бірқатар дәулетті құрылыстар әсем астананың тартымдылығын еселеп тұр. Соның бірі – Хан Шатыр.
«Шатыр атаулының Ханы» әлемдегі ең биік шатыр ретінде Гиннес рекордтар кітабына енгізілген. Оған қоса Хан Шатыр - Орталық Азиядағы ең ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының бірі, әрі «Forbes» журналы пікірінше әлемдегі үздік экоғимараттардың ондығына кіреді.
Биіктігі 150 метрге жететін шатыр инновациялық материалдардан жасалған. Соның нәтижесінде ғимаратқа тән жайлы микроклимат қалыптасып, «мәңгілік жаз» орныққан.
Хан Шатыр – жас астананың көп қырлы келбетінде айқын бедерленген заманауи сәулет өнерінің озық үлгісі.
3. Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстан баб кесенелері,
Қадір-қасиеті еленіп, ел арасында «Екінші Мекке» атанған Түркістан қаласы тарихи сәулет ескерткіштерімен танымал. Айтулы ескерткіштердің ең көрнектісі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Десек те, Әзірет Сұлтан жайлы сөз болғанда, оның ұлы ұстазы Арыстан баб жайлы айтпай кете алмаймыз.
Бұл кесенелердің салыну тарихы да аса тағылымды. Алтын Орданы бағындырған Әмір Темір, ендігіде дін ғұламасын ұлықтап, зәулім кесене тұрғызуға ниеттенеді. Ясы шаһарының қақ ортасында бұрын соңды болмаған құрылыс басталады. Құрылыстың ауыр жүгін бар қала халқы жұмыла көтергенімен, адам баласының ақылына сыймайтын себептермен тұрғызылған қабырғалар қирай береді. Сонда Әзірет Сұлтан Әмір Темірдің түсіне кіріп, бірінші кезекте өз ұстазына кесене салдыруын аян етеді.
Ендігіде Арыстан баб дүниеден өткенінде, ХІІ ғасырда оның жолын жалғастырушы шәкірттерімен салынған екі бөлмелі кішігірім мазардың орнында салтанатты кесене бой көтереді. Біздің күнге дейін Әмір Темір салдырған кесене талай қирап, қайта қалпына келтірілген. 1971 жылы қала тұрғындары қаражат жинап, Арыстан баб кесенесін күйдірілген кірпіштен қайта тұрғызған. Ақсақ Темір дәуірінен оюлы бағаналар ғана қалып, көздің қарашығындай сақталып келеді.
Әзірет Сұлтан кесенесінің биіктігі 37,5 метрге тең. Құрылыс 1405 жылы аяқталған. Кесене қазақ халқының бай тарихын танып, ғасырлар тұңғиығына бойлауға мүмкіндік береді.
Киелі Түркістанға келген туристер арасында да ұлы ұстазға деген құрмет дәстүрі қалыптасқан. Қасиетті мекенге саяхат Арыстан Баб кесенесіне барып, тағзым етуден басталады.
4. «Қазақстан» қонақ үйі
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Алматы қаласы – қазақстандық сәулеттің тәжірибе алаңы іспеттес еді. Нәтижесінде кеңестік модернизм сипатындағы көптеген құрылыстар пайда болды. Оның айқын көрінісі – 32 жыл бойы оңтүстік астананың ең биік ғимараты болып келген, биіктігі 102 метрге жететін 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйі.
Сейсмикалық қауіпті аймақ саналатын Алматы аумағында 12 қабаттан биік ғимарат салуға рұқсат берілмеген. Дегенмен, құрылыстағы озық әдістер мен технологияларды қолданудың арқасында «Қазақстан» әлі күнге дейін Алматы қаласындағы жер сілкінісіне төтеп беру әлеуеті өте жоғары ғимарат болып табылады.
Төбесіне алтын тәж орнатылған ғимарат арайлы Алматының ең танымал белгісі, қаланың бетке ұстар рәмізі болып қала бермек!
5. Әулие-Вознесенский шіркеуі
Алматы қаласында ежелгі құрылыс технологиясымен, тек қана ағаштан, бірде бір шеге қағылмай салынған, төрткүл дүниеге аты шыққан діни сәулет ескерткіші орналасқан. Православиялық шіркеудің Алматы төрінде бой көтерген ордасы әлемдегі ағаштан жасалған ең биік ғимараттардың «сегіздігіне» кіреді. Шіркеудің сырт көрінісінің көркемдігі ғимараттың ішкі әсемдігімен ерекше үйлесім тапқан. Храм суреттермен, жапсырылып мәнерленген әшекейлермен безендірілген.
Шіркеу 1907 жылы ашылды. Ал 3 жыл өткеннен кейін қала қоршағанның бәрін жермен жексен еткен қуатты жер сілкісіне тап болады. Құрылыстағы бірегей технологиялардың пайдалануы шіркеу ғимаратын бұл нәубеттен де аман сақтап қалған.
Қазірде шіркеуде жүздеген христиандықтар үшін құлшылық ету жөн-жоралғылары өткізіліп, діни қызмет көрсетіледі. Әулие-Вознесенский шіркеуінің өзі Қазақстан ғана емес, бүкіләлемдік тарихи мұра ретінде мойындалды.
6. «Көк төбе» телемұнарасы
Кезекті алматылық сәулет кереметі – «Көк төбе». Нақты техникалық қызмет атқару мақсатында бой көтерген мұнара, көрнекті дизайны мен биіктігінің арқасында күтпеген жерден Алматының аса танымал рәміздерінің қатарына қосылды.
Телемұнараның құрылысына өз заманының бар инновациялары жұмылдырылды.
Сазды жерге орнатылған 372 метрлік мұнараның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін салмағы 45 мың тоннаны құрайтын бетонды негіз құйылды. Жалпы құрылыс салмағы 50 мың тонна екендігін ескерсек, шынымен таңқаларлық жайт екенін аңғарамыз!
Маятниктік тербелістерді бәсеңдеткіш жүйе қолданылатындықтан, телемұнара күшті желдерге оңай төтеп беріп, 10 баллдық жер сілкінісін еңсере алатын тұрақтылыққа ие.
«Көк төбе» еліміздегі ең биік құрылыстар қатарында екінші орынға жайғасқан.
7. Бекет ата мешіті.
Бекет ата жерасты мешіті Ақтау қаласының маңындағы Оғланды шатқалында орналасқан. Құрылыстың басты ерекшелігі – мешіттің жартас ішінде қашалып салынуы. Бұл қарапайым үңгір емес, толыққанды бірнеше бөлмеден тұратын мінәжат орны.
Мешіт қабырғалары араб және парсы жазбаларымен безендірілген.
Тақуалық өмір кешкен Бекет ата Қазақ жерінде осы тәріздес 4 сәулет ескерткішін салған. Жыл сайын бұл қасиетті жерге мыңдаған адам келіп, құлшылық жасап, ғибадат етеді.