menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Ұлыстың ұлы күні. Қазақ жерінде Наурыз қалай тойланады?

  • Көшпелі мәдениет
  • Шаралар

Ата-бабамыздың танымында Наурыз адам мен табиғаттың «жаңаруы», жаңа өмірдің бастамасы ретінде қабылданған. Мақаламыз арқылы кешегі мен бүгінгінің Наурызмен танысып, Қазақ жерінде ұлыстың ұлы күнін тойлаудағы ұрпақтар сабақтастығын саралап көруге шақырамыз!

21 наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелу күні. Қытымыр аяз бен қара суықтың орнына көктемгі жайма-шуақ ауа райы орнап, мыңдаған шақырымды еңсерген құстар аяулы ұяларына қайтып оралатын, тіршілік атаулы жанданып, мұз құрсауында қалған өзен-көлдер еріп, қуаттана түсетін осынау берекелі маусым - түркі халықтарының ғасырлар бойы тойлап келе жатқан басты қуанышы - Наурыз мейрамы.

Парсы тілінен аударғандағы «наурыз» сөзі «жаңа күн» деген мағынаны береді. Әр елдің тілдік ерекшеліктеріне қарай, Наурыздың жазылуы мен айтылуы әрқалай: Новруз, Навруз, Нуруз, Невруз, Нооруз, тағысын тағы да.

Мәдениеттанушы, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Әсия Мұхамбетованың пікірінше, қазіргі кезде Наурыз аталып жүрген Ұлыстың Ұлы күні – ежелгі тәңірлік күнтізбенің айнымас бір бөлігі. Өзінің зерттеу еңбектерінің бірінде: «Бүгінде 12 жылдық қытай немесе шығыс күнтізбесі ретінде көбірек белгілі Тәңірлік күнтізбе - көшпелі өркениеттің бастауы, әрі көшпенділер қоғамындағы өмірдің барлық саласын реттеп, теңшеуші құрал болған»,- деп жазады Әсия Ибадоллақызы. – Қазақтар оған «мүшел» деген атау берген, бұған қоса күнтізбенің негізі болған 12 аңға сәйкестендірілген 12 жылдық кезең де – мүшел аталған. Көшпенділер арасында мүшел өмірдің басты «өлшемі» болып танылғандықтан, әр қазақ тәңірлік күнтізбе жайлы айтарлықтай білімге ие еді. Бұл күнтізбе көшпенділердің дәстүрлі дүниетанымын, рухани өмірін, ұлттық мінез-құлқын зерттеудегі аса құнды деректер көзі болып табылады».

Наурыз мейрамының пайда болу тамыры тереңде жатыр. Бірқатар ғалымдардың зертттеулеріне сүйенетін болсақ, ол көнеирандық Күнге табыну дәстүрі мен аты аңызға айналған Заратуштра пайғамбармен байланысты. Жалпы адамзат тарихына көз жүгіртер болсақ, күн тоқырауына негізделген мейрамдардың барлығы дерлік көшпелі және отырықшы мәдениет өкілдеріне бірдей түсінікті, Жер шарындағы ең ежелгі мерекелер екенін аңғарамыз. Себебі адам баласы бағзы замандардан-ақ Күн мен Ай ырғақтарына ерекше мән беріп, табиғатқа етене жақын болуға талпынған.


Бұдан беріректе, көктем келуін тойлау жайлы естеліктер қалмақтар, сақтар, ғұндар турасындағы тарихи жазбаларда кездеседі. Алтын Орда дәуірінде Наурыз, осы күндегідей, мемлекеттік мейрам мәртебесіне ие болған екен.

Дәстүрлі түрде, Күн мейрамдары таңды қарсы алу мен Күнмен құшақ жая сәлемдесу жоралғыларымен сабақтасады. Адам таза қонысы мен таза тәніне Жаңа Күнді кіргізіп, жаңа өмірге жол ашады. Күн мен Түн теңескен шақта дүниеде бар жарық пен жақсылықтың күш-қуаты тасып, барлығы қайта жанданады деседі.

Көшпенді қазақтар үшін жыл мезгілдерінің ауысуында ерекше астарлы мән-мағына бар еді. Оның ішіндегі ең ауыр да азаптысы – қыстауларда өтетін қаһарлы қыс болатын. 12 жылдық күнтізбе бойынша әр 5-6 жыл сайын даланың құтын қашырған жұт қайталанып тұрған. Қыстан жан мен мал аман шығуының өзі – дала жұрты үшін аңсар бақыт, асқан береке саналған. Көктеуге көшкендегі қуаныш үлкен тойға ұласып отырғандығы содан да болар.

Қазақ халқы, басқа да түркі халықтары секілді, Наурызды өзгерістер өзегі деп түсінген. Мейрамның қамын қамдау бірнеше апта бұрын қолға алынатын: барлығы ең өңді киім-кешегін дайындап, үй-жайын жақсартып, аула-қорасын реттеген. Әз Наурыз келген күннен қалың бұқара жиналып, ән шырқап, би билеп, мол дастархан жайылып, шат-шадыман той тойланған. Алғыр ақындардың айтысы, дала баласының күші мен айласы сарапқа салынған қазақша күрес алаңы, ақыл-сана сыналатын тоғызқұмалақ ойыны, тұлпарлардың бағы мен бабын байқатар бәйге (5-15 шақырымға созылатын ат жарысы) тойдың сәнін келтіріп, мәнін еселей түскен.

Наурызға жайылған дастархан да молшылығымен ерекшеленетін. Астан бұрын және кейін аруақтардың жанына медеу болар деген ниетпен дұға бағышталған. 7 түрлі дәмнен әзірленген наурыз көже – мерекелік дастарханның міндетті де басты тағамы ретінде ұсынылатын.


Ежелгі мерекенің заманауи сарында тойлануы: бүгінгінің Наурызы

Заманауи Қазақстанда Наурыз мейрамы 21-23 наурыз аралығында тойланады. Заңнамаға сәйкес бұл күндер – мемлекеттік мереке болып бекітілген.

Мейрамның басты қағидалары мен дәстүрлері қаз қалпында, еш өзгермеген. Ертедегідей, барша адамдар біріне бірі амандық, саулық, береке-бірлік тілейді. Қалалар мен ауылдарда көшелер мен саябақтарды тазалау жұмыстары жүргізіледі, көшеттер егіліп, абаттандыруға көп көңіл бөлінеді. Орталық алаңдарда қазақстандық өнердің жарқын жұлдыздары қатысатын керемет концерттер ұйымдастырылып, сән-салтанаты жарасқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылып, наурыз көже мен палау дайындаудан сайыстар өткізіледі. Ұлттық спорттық жарыстардың жеңімпаздары да көбіне көп Наурыз қарсаңында анықталады.

Жыл сайын жарқын мерекелік бағдарламасымен елордамыз ерекше көзге түседі. Іс-шаралардың негізгі желісі көпжылдық дәстүр бойынша астананың ашық алаңдарында және «ЭКСПО» көрмесі аумағында өрбиді.

Батыстағы ағайын көне дәстүрлерді сақтай отырып, Наурызды ресми бекітілген мезгілден 2 апта бұрын тойлай бастайды.

Барлық ірі қалалардың аумағында этноауылдар бой көтереді. Мұнда барлық тұрғындары мен қонақтары таңнан бастап ыстық бауырсақтан дәм татып, тіл үйірер наурыз көжемен ауқаттанып алса болады. Киіз үйлердің төңірегінде қашан да қызыққа қанық шаралар ұйымдастырылып жатады: концерттер, театрландырылған қойылымдар, спорттық жарыстар мен түрлі жүлделер ойнатылатын сайыстар жетіп артылады. Келесі бір жерде сауданың қазаны қайнап жатқан қолөнершілер көрмесі мен ауылшаруашылық жәрмеңкелері жүріп жатады. Бұл тараптан көздің жауын алар ұлттық нақыштағы бұйымдар мен құрт, жент, май, сүзбе, ірімшік сияқты таптырмайтын тәтті-дәмдіні сатып алуға мүмкіндік көп.


Халқы Наурыз мейрамын ерекше ықыласпен тойлайтын өңір деп Түркістан облысын айрықша атай аламыз. Еліміздің мәдени орталығы танылған киелі Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Әдетте дәл осы жерден ауыл тұрғызылып, Наурыз тойланады. Еш әсірелеусіз, тонналап палау пісіріліп, өзен боп наурыз көже құйылады. Бұл кереметтен бөлек, оңтүстік өлкеде дәстүрлі түрде түйе және жылқы керуендері көрсетіледі. Бұл арқылы халық береке-бірлігін айқындап, соның барлығын сыйлаған ұлы күштерге тағзым етеді.

Қанша дегенмен, Ұлыстың ұлы күнін ірі қалаларда тойлау ғана қызықты деген жаңсақ пікірден аулақ болуға шақырамыз! Ауыл-аймақтағы Наурыз қайталанбас әсер қалдырары шүбәсіз. Жергілікті ауылдық кең алқаптарда қалалық кеңістікте өткізуге келмейтін көптеген ұлттық ойындар өткізіледі. Мәселен, тоқтыны арқалаған ерлердің арасында сол «тірі» жүкпен кім көбірек отырып-тұра алатыны анықталады. Нағыз қазақы тартысқа куә боламын десеңіз, осы ауылдардың маңында өтетін көкпар мен бәйге ойындарын көруге міндеттісіз. Сондықтан, Наурызды тойлауға дайындықты ертерек бастағаныңыз жөн: Таңдауыңыз қаладағы этноауыл мен ұлттық шығармашылық көрсетілімдеріне түседі ме? Әлде ауылдағы көшпенділіктің шынайы көріністері жаныңызға жақынырақ па? Бір сөзбен айтқанда, Наурызды қайда және қалай тойласаңыз да ұмытылмас әсерлерге кенеліп, керемет көңіл-күйге бөленеріңіз айдан анық.