Нұр-Сұлтан (Астана) қаласының көрікті жерлері

Аңыздарды заманауи ақиқатпен сабақтастырған - Бәйтерек, бүгінгінің болмысымен белгісіз болашақтың бейнесін танытқан – Нұр Әлем, тарих тағылымын талғампаз сәулетпен үйлестірген – Хан Шатыр сияқты бірегей нысандарға бас шаһардың бар кереметі дарыған
Time left

Time

GMT +6

Spots

16

tourist attractions

Time left

Weather

+12°C

Нұр-Сұлтан

Қазақстан астанасы – таңғажайып көркем Нұр-Сұлтан қаласы. Мұнда әр апта келіп, демалыс күндеріңізді өткізіп тұрсаңыз да жалықпайсыз. Астанамызда күннен күнге жаңа ғимараттар саны артып, қала тез арада кеңейіп барады. Қала ландшафтында жасыл желектер күн сайын артуда; қаладан жаңалық пен заманауилық лебі сезіледі.

Футуризмнен классикаға дейін

Егер де жаныңызға футуристік ғимараттар, кең даңғылдар мен көшелер жақын болса, онда сол жақ жағалауға қош келдіңіздер! Яғни, Есіл өзені қаланы екіге: оң жақ жағалау мен сол жақ жағалауға бөліп тұр. Сол жақ жағалауда баршамызға танымал Астана қаласының көрікті орындар орналасқан:

  • 97-метрлік Бәйтерек – астанамыздың символы, Самұрық құсы туралы ежелгі аңыз негізінде жүзеге асырылған алып мұнараға көтерілсеңіз, Нұр-Сұлтан қаласы алақаныңызда тұрғандай көрінеді.
  • Жалтыраған көкшіл сфера пішініндегі болашақ энергия мұражайы – Нұр Әлем (дүниежүзілік Экспо-2017 көрмесінің мұрасы.
  • Ғимарат ішінде жағажайы бар, әлемдегі ең биік шатыр – Хан Шатыр сауда және ойын-сауық орталығы.
  • Хан шатырдан тікелей Ақ Ордаға апаратын, салтанатты футуристік сәулет құрылыстарымен қоршалған Нұржол бульвары.

Ескі қаланың байсалды әрі жылы атмосферасын таңдайтын жандарға оң жақ жағалау нағыз жаңалық іспеттес. Қаланың бұл бөлігі сол жақ жағалаудан қатты ерекшеленеді: 100 жыл бұрын салынған көне ғимараттардың көрінісі, Кеңес одағы дәуірінен қалған үйлер сізге өткен шаққа сапар шегуге мүмкіндік береді.

  • «Ескі қаланың» орталығында серуендеуге бел бусаңыз, Б. Қосшығұлұлы салдырған мұсылман балаларға арналған мектеп (қазіргі күні Халық банкі орналасқан), көпес Матвей Кубриннің сауда үйі (қазіргі Астана супермаркеті), көпес Василий Кубриннің үйі (Мемлекеттік мұрағат), Көпес П.Г.Моисеевтің үйі (ҰОС мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталь) және басқаларын тамашалай аласыз. Міндетті түрде ғимараттардың ішіндегі ең көнесі – Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайға кіріп, ардақты ақын әрі қоғам қайраткерінің өмірімен танысып шығыңыз.
  • Оң жақ жағалаудың кең көшелі, жаңа ғимараттарға толы аумағында Орта Азиядағы ең үлкен әрі салтанатты мешіт Әзірет Сұлтан мешітіне, жылтыраған пирамида пішініндегі Бейбітшілік және Келісім сарайына, Ұлттық мұражайға баруға кеңес береміз.

Өнер сүйер жандарды сонымен қатар:

  • «Астана Опера» опера және балет театрына және «Астана Балет» театрына барып, әлемдік әрі отандық классика үлгілерімен үнемі жаңарып тұратын репертуарынан таңдаған қойылымдарды тамашалауға шақырамыз.

Спорт сүйер қауым астананың қызықты спорттық өмірін, халықаралық турнирлер мен түрлі матчтарды келесі спорттық ареналарда тамашалай алады:

  • «Барыс Арена» спорттық кешені. Бұл жерде хоккей жарыстары ғана емес, концерт, форумдар мен басқа да іс-шаралар өтіп тұрады.
  • «Астана Арена» стадионы. Амфитеатр түрінде салынған стадионда әлемдік деңгейдегі футбол матчтары, және басқа да спорттық, мәдени шаралар өткізіледі.
  • «Алау» мұз айдыны – коньки тебуге арналған жабық стадион, және басқалары.

Бұл – Қазақстан астанасының, сіз үшін дайындаған көрікті орындардың аз бөлігі ғана. Олардың саны өте көп, сондықтан барлығын асықпай қарап шығу үшін сізге бір емес, бірнеше күнге қалуға кеңес береміз.

Photo gallery

Нұр-Сұлтан

Add your photo

Choose one or more photo

PublicationsAll publications