yandex alt

menu

Логотип Kazakh  tourism

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Логотип Kazakh  tourism

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Басты бет

Шығармалар

Байқоңырға апарар жол. Ғарыш біз ойлағандай алыс емес.

  • Белсенді демалыс

Ғарыш айлағына жасаған саяхатыңыз жадыңызда мәңгі сақталмақ!

Бала қиялымызда әрқайсымыз ғарышқа жеткіміз келсе де, іс жүзінде ғарышкер атану санаулы адамның ғана қолынан келген. Оған тарих куә. Дегенмен, бүгінде бұл тылсым әлемге бір елі жақындауға керемет мүмкіндігіміз бар! Неге десеңіз, ғарышқа апарар төте жол Қазақтың дархан даласынан бастау алады, ал Байқоңыр сол жолдың «қақпасы» іспеттес. Дәл осы жерден Әлемдегі алғашқы зымыран мен жасанды Жер серігі ұшырылып, 1961 жылы тұңғыш рет адам баласы ғарыш кеңістігін бағындырған еді. Ондаған жылдар бойы жабық стратегиялық аймақ болған Байқоңырды бүгінгі күні турист ретінде тамашалап қайтуға болады.

«Байқоңыр» – қала мен ғарыш айлағын біріктіретін ірі кешен. Екеуінде де көруге тұрарлық дүние жетерлік. Ғарыш кемелерін ұшыруға орай ғарыш айлағына түрлі турлар ұйымдастырылады.

Бұл турлар аясында ғарыш зымырандарын құрастыру-сынау кешендерінің жұмысын бақылауға, Байқоңыр қаласында серуендеп, жергілікті тұрғындармен сұхбаттасуға болады. Айлақта жоспарланған ұшырулар кестесі ашық жарияланатындықтан, туроператорлар туристік топтарды алдын ала құрайды. Жыл сайын Байқоңырдан халықаралық ғарыш бекетіне (ХҒБ) 20-ға жуық зымыран ұшырылады. Олардың басым бөлігі ғарышкерлер мен түрлі жүктерді тасымалдап, Жер орбитасына жасанды серіктерді жеткізеді. Әйтсе де, ұшырулар мерзімдерінің басым көпшілігі нақты бекітілмеген. Осыдан болар, Байқоңырдан ресми түрде 2018 жылы 4, 2019 жылы 3 ұшырудың ғана нақты мерзімі жарияланған.

Қосымша мәлімет: Байқоңыр – Қызылорда облысы, Қазалы қаласы мен Жосалы елді мекенінің арасында, Төретам кенті маңында орналасқан әлемдегі тұңғыш ғарыш айлағы. Аумағы 6717 шаршы шақырымды құрайтын «Байқоңыр» кешені 2050 жылға дейін Ресей Федерациясына жалға берілген (ақпарат көзі: roscosmos.ru).

Ғарышқа бастар сөре алаңы

Шүбәсіз, «ғарыш қақпасына» жасалатын сапардың басты оқиғасы – зымыран ұшырылуы. Оны бақылау үшін Байқоңырдағы ең қауіпсіз аймақ - радиусы 1,4 шақырымға тең №1 сөре алаңы. Ол «Гагарин сөресі» деп те аталады. Бұл шолу алаңынан барлығы өте айқын көрінеді.

Ғарыш айлағындағы №81 сөре алаңы ірі жүк тасымалдаушы «Протон» зымырандарын ұшыруға арналған. Мұндағы қауіпсіз аймақ 3 шақырым қашықтықтан басталады. Көз көргендердің айтуы бойынша, бұл сөре алаңындағы гүріл мен жан түршіктірер көріністің әсерлілігі «Гагарин сөресіндегіден» әлдеқайда жоғары. Зымыранның ұшырылуын көргеннен кейін, өне бойыңызға адреналин тарап, туған ғаламшарыңызда қалғаныңызға не қуанып, не ғарышты аңсап, мұңайып қаласыз. Осынау сезімдер аттракционынан кейін, турдың танымдық бөліміне көшсеңіз болады.

Қосымша мәлімет: Байқоңыр ғарыш айлағы – қуатты ғылыми-сынақ кешені. Оның құрамына:

● әрекет етуші 5 сөрелік кешен;

● 13 құрастыру-сынау корпусы: онда ғарыштық аппараттар мен зымырантасығыштарды ұшыру алдындағы дайындыққа арналған34 техникалық кешен орналасқан;

● заманауи ақпараттық-есептеу орталығымен жабдықталған өлшеу кешені: өлшеу кешенінің негізгі міндеттеріне зымырантасығыштардың ұшуын бақылау, ғарыш аппараттарын басқару, өлшеу ақпараттарын өңдеу жұмыстарын іске асыру жатады;

● екі аэродром: «Крайний» мен «Юбилейный»;

● және тағы басқа нысандар кіреді (ақпарат көзі: roscosmos.ru).

Әдетте, сөре алаңын көруге зымыран ұшырылуынан екі күн өткен соң рұқсат етілген. «Гагарин сөресі» - шын мәнісінде тарихи орын! Дәл осы жерден 1961 жылы 12 сәуірде тұңғыш рет ұшқыш-ғарышкер Юрий Гагарин тізгіндеген «Восток» ғарыш кемесі ұшырылған. Бұл - адамзат тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі. Бұдан бұрын, 1957 жылдың 4 қарашасында Байқоңырдан алғашқы жасанды Жер серігі ғарышқа жіберілді.

Сонымен қатар, №31 сөре алаңымен танысуға кеңес береміз. Бұл - ғарыш айлағының маңызы бойынша екінші орындағы «Зенит» зымырантасығышын ұшыру кешені. Оған қоса, Жер орбитасына 22 тонна, Марс, Шолпан және жасанды Жер серіктері орбитасына 6 тонна жүкті жеткізуге қауқарлы «Протон» зымырандары ұшырылатын орындармен таныса аласыз. Аты аңызға айналған «Протон» зымырандары «Мир» бекеті мен бүгінде әрекет етіп тұрған ХҒБ-інің құрылысына қатысқан. Қазірде бұл зымырандар аталған бекеттерге жүк тасымалдау мақсатында қолданылады.

Сөре алаңдарын аралап шыққаннан соң тарих тұңғиығына кеткен «Энергия-Боран» жобасымен танысуға кеңес береміз. «Энергия-Боран» ғарыш кемесі орбитаға көпреттік автоматты жүк тасымалдау үшін қолданылады деп жоспарланған болатын. Дегенмен, ғарыш кемесінің алғашқы ұшуы бір сәтте соңғы болып қала берді. N112 сөре алаңында аталмыш жобаның құрастыру-сынау кешені орналасқан еді. Ғимараттың үш аралық өткелінің төбесі қирап, кешенге үлкен зауал тигізген. Нәтижесінде «Энергия» зымырантасығышының жеке бөліктері мен көрсетілімге арналған макеті, ұшуға жарамды жалғыз «Боран» ғарыш кемесі толықтай бұзылған. Қазіргі таңда нысанды қашықтықтан тамашалауға болады. Мұндағы тот басқан алып ұшу аппараттарды көргенде ғана зымырандардың шынайы өлшемін көз алдыңызға елестете аласыз.

Космонавтика мұражайы да міндетті түрде баруға тұрарлық нысандар қатарында. Мұражай 3 бөлімнен тұрады: екі қабатты үлкен ғимарат, ашық аспан астындағы экспозиция және КСРО-ның бас зымыран құрастырушысы Сергей Королёвтің және Әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің өмір сүрген үйлері.

Мұражайда Ғарыш кеңістігіне тұңғыш рет адамзат баласын аттандырған ұшуларды бастауға белгі берген тарихи пульт орналасқан. Құнды жәдігерлердің ішінде полковник Ю.А.Гагарин кителінің түпнұсқасы мен «Союз» ғарыш кемесінің түсірме аппараты, ғарышкерлердің тұрмыстық заттары мен құрал-жабдықтары бар. Ашық аспан астындағы мұражайды аралап жүріп, экспозицияға қойылған зымыран қозғалтқыштарының көлемділігіне еріксіз таң қаласыз. Туристер «Боран» ғарыш кемесіне көтеріліп, қаласа ұшқыштың орнына отырып көруге рұқсат етілген.

«Ғарыш» шаһары

Байқоңыр – тыныс-тіршілігі түгелдей ғарышпен байланысты қала, сол себепті қаладағы көрнекті орындардың барлығы Жерден тыс кеңістікті игеру тарихы жайлы сыр шертеді. Қалада ғарышқа «жол салған» әйгілі ғалымдар мен зерттеушілердің құрметіне орнатылған ескерткіштер, өз заманының алыбы болған ұлы тұлғалардың есімі берілген саябақтар өте көп. Г.М. Шубников атындағы саябақта «Ғылым-Ғарыш» деп аталатын ерекше сәулетті-монументалды экспозиция жасалған. Онда бір қолында Жер шарын, екінші қолында ғарышқа ұмтылған зымыран ұстаған әйел адам бейнеленген. Ғарыш айлағын игерудің 25-жылдық мерейтойы құрметіне аталған алаңда өзінің шынайы өлшемінде жасалған «Союз» зымырантасығышының макеті орналасқан. Осы даңғыл бойында, алаңға жақын маңда Ю.А.Гагарин ескерткіші бой көтерген. Бұған қоса, тұңғыш ғарышкердің есімімен әуежайдан қалаға қарай бағытталған көше аталған. Қаланың маңызды көрнекті нысандары тізіміне әлбетте Тарих мұражайын кіргізуіміз керек. Ол ғарыш айлағындағы мұражайдан кішірек болса да, назарыңызға әбден лайық. Мұражай 4 зал мен қалалық мәдениет сарайының екінші қатарында орналасқан көрме галереясынан тұрады. Бүгінде экспонаттар саны 15 мыңға жеткен.

Қосымша мәлімет: Байқоңыр қаласы 1955 жылдан бастап полигонның маңызды нысандарымен қатар сынақ өткізушілерге арналып салынды. Қаланың бас жоспары кеңес заманының өзге де әскери қалашықтарының жоспарларымен ұқсас. Тұрғын үйлер, білім және мәдениет мекемелері, спорттық және медициналық бөлімдер «N10 алаң» аталған арнайы аймақта орналастырылды. Ғарыш айлағының әкімшілік орталығы болған Байқоңыр қаласының атауы бірнеше мәрте өзгертілген : Заря елді мекені, генерал Шарль де Голльдің келуіне орай – Звездоград, Ленинский елді мекені және 1995 жылы ресми түрде Байқоңыр атанды(ақпарат көзі: roscosmos.ru).

Байқоңырға қалай жетуге болады?

Байқоңырдағы тур әдетте 3 күнге созылады. Тур қатысушысы атанғыңыз келсе, «Роскосмостың» лицензиясын алған туроператорларға жолығуыңыз керек. Бұл жердегі «Роскосмос» - ғарыш айлағын басқаратын мемлекеттік орган және Жерүсті ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығы болып табылады. Арнайы өткізу рұқсатнамасын рәсімдеу айтарлықтай ұзақ уақыт алады. ҚР мен ТМД елдері азаматтары үшін өтініш қабылдау экскурсияға 25 күн, өзге мемлекеттер азаматтары үшін 50 күн қалғанда аяқталады. Сондықтан да, Байқоңырға аттанар сапарыңызды алдын ала жоспарлаған жөн! Қалғанын техникаға сеніп тапсырсаңыз болады. Рұқсатнамаңыз дайын болғаннан кейін, турфирма өкілімен саяхат барысын егжей-тегжейлі талқылай аласыз. Орналастыру, тамақтандыру, экскурсиялар шығындары жалпы тур бағасына кіреді. Оған қоса, турфирмалар сізді қызықтыра алатын қосымша қызметтер ұсынады. Қалай болған жағдайда да, ғарыш әлеміне жасаған саяхатыңыз мәңгіге есіңізде сақталары анық!