- Бөлісу
Олжалық аңшылықпен айналысатын туристерге қызық болатын Қазақстан жануарларының 5 түрі
Қазақ даласындағы аңшылық дәстүрлер ерте замандарда қалыптасып, көшпенділер тұрмысында бекем орныққан. Тұлпарды тізгіндеп, тазысын ерткен, бүркітті қолына қондырған кешегі аңшы-саятшы көшпенділер де, заманауи қару асынған, күрделі тау аңшылығына шыққан бүгінгінің мергендері де, қазақстандықтар үшін - нағыз ерлік пен төзімділіктің үлгісі саналады. Бүгінгі таңда өркениеті өрлеген әлем елдеріндегідей, Қазақстанда да аңшылық азық табудың жолы емес. Ол – жануарлар әлемінің сақталуын және дұрыс пайдалануын қамтамасыз ететін әуестік.
Барлық аңшылық әрекет, жануаларды әрдайым қоректендіру, бас санағын жүргізу, қорғау, тіршілігін бақылау шаралары іске асырылатын арнайы белгіленген аймақтарда ғана жүргізіледі.
Қазақстан аумағында аңшылық нысандар қатарына құстың 59 түрі және сүтқоректілердің 34 түрі кіреді. Құстар аңшылығының аясын кеңейту мақсатында Алматы маңындағы аңшылардың жергілікті қоғамдастықтарының бірі «Жетісу жетілігі» аталымын ойлап тапқан. Оған бөдене, орман кептері, сақалды шіл, үйрек, қырғауыл, кекілік, ұлар біріктірілген.
Оған қоса, еліміздің солтүстік және орталық аудандарында қаз аңшылығы өте танымал. Аңшылықтың ұлттық түрлері: тазы иттерді аңға салу мен саятшылық өнері қарқынды түрде жаңғыртылып жатыр.
Шет елден ат терлетіп келген аңшылардың назары бірден ірі 5 аңға, көбіне бұғы, тауешкі, елік, аю, бұланға жүргізілетін «олжалық» аңшылыққа ауады. Соңғы екеуіне деген сұраныс төменірек. Аңшылықтың бұл түрінің қайнаған қазаны – Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары. Елімізде ұзын саны 600-ге жететін аңшылық шаруашылықтарының 15-тен артық нысаны қызмет көрсетеді. Олар аңнан олжалы қайтамын деген шетелдік туристерді қабылдауға әбден дайын.
Олжалық аңшылық әдетте жайылымдылық емес, адам баласы кездесе бермейтін «жабайы» өңірлерде ұйымдастырылады. Көліктік жолдар мен тұрғын-жай жағдайы керемет болмаса да, шатырлар мен киіз үйлерден пана сыйлайтын, «олжаға» толы дала шетелдік туристерді одан бетер еліктіріп келеді. Тур сипатында сатылатын аңшылық саяхат 8-10 күнге созылады. Оның бағасына жануарлар шоғырының тығыздығы, олжа көлемі, шаруашылықтар жайлылығы және логистика сияқты бірқатар жағдайлар әсер етеді.
Мысалы, ШҚО-дағы Батыс Алтай жері қарағайлы ормандарға бай, әрі бұғылар саны көп болса да, «олжа» салмағы 10 кг-нан аспайды. Сол себепті, мұндағы аң аулау үрдісі осы ШҚО-ның оңтүстігіндегі Сауырдағы аңшылықтан әлдеқайда арзаныраққа түседі. Сауыр бұғылары сібір тайгасынан көрі ортаазиялық тауларды еске салатын аймақтарды мекен етеді. Дәл осы Сауыр бауырайындағы аңшылық кезінде салмағы 20 кг жететін ірі «олжалар» еншіленген болатын.
Жаяу аңшылық кезінде бұғы сияқты сақ жануарды тұзаққа түсіру өте қиын болғандықтан, аңшылар бұл аңды күйлеу кезеңінде олжалағанды жөн көреді. Бұғыны аңшылық тұзаққа түсіру үшін бұл жануарларға тиесілі, жекпе-жекке шақыруды білдіретін дыбыстар да қолданылады.
Сауыр - бұғы аңшылығы үшін таптырмас мекен болғанымен, елік, бұлан, аю аулауға жарай қоймайды. Бірегей оқиға - 2016 жылы Батыс Алтай аң шаруашылықтарының бірінде құйрығынан мұрнына дейінгі ұзындығы 2,45 метрге жететін алып аю қолға түскен екен!
Аюды олжалау үлкен талпыныс пен дайындықты талап ететін іс. Ірі аюлар теңіз деңгейінен 1000-1300 метр биіктікте, орманның жоғарғы жиегін мекен етеді. Аңшылар белгіленген нүктелер арқылы қозғалып, көбіне аюлар жайылымға шығатын балқарағайлы, сирек орманды тақыр бөктерге жетуді көздейді.
Батыс Алтайда сазды ойпаттар көптеп шоғырланған. Содан болса керек, осы аймақ бұландардың бейжай тіршілігін қамтамасыз етіп отыр. Бұл көне жануардың күректәріздес мүйіздері Камчаткадағы «түр-туыстастарынан» кішірек болса да, еуропалық бұландардан айтарлықтай ірі келеді. Бұландар аңшылығы күзгі күйлеу кезінде, лайка иттердің көмегімен немесе «ваба» атаулы дыбыстық тұзақтар арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстандағы аңшылықтың ең танымал түрлерінің бірі – таутеке аулау. Еліміздегі таутекелер саны жөнінен әлемдегі ең үлкен популяциялардың бірін құрайды. Таутеке ірілерінің салмағы 120 кг, ал мүйізінің ұзындығы 150 см-ге дейін жетеді. Тау аңшылығы әуесқойларының ең қалаулы олжасы – сібір таутекесі. Жалпы тау тағысы аңшылығына маманданған аймақтар деп Алматы және Түркістан облыстарын атай аламыз. Бұл маңда атты аңшылық кең таралған. Аңшы мен гид бірнеше күн ат үстінде тау-тасты аралап, аңды байқап қалған кезде, олжасын жаяу қолға түсіруге тырысады. Өз кезегінде еліктерді аңшылар қосымша ұтыс деп қана таниды.
Ал аңға топпен, 5-6 адам бас қосып шығу ойда болса еліміздің Солтүстік өңірлеріне аттануға кеңес береміз. Солтүстік Қазақ жазығында аң тығыздығы да, олжаның құндылығы да әлдеқайда жоғары. Павлодар, Қостанай, Көкшетау қалаларына қарасты аңшылық шаруашылықтарында мұндай аңшылықтың жай-жапсарын толық меңгерген.
Керек десеңіз, аралас аңшылыққа қатыса аласыз: «таутеке+бұғы» немесе «таутеке+бұғы+елік» үйлесімі сияқты. Әр аң шаруашылығы өз қонақтарына бірегей ұсыныстарын бүге-шүгесіне дейін ойластырып, дайындап қойған.
....Жоғарыда атап өткеніміздей, заманауи аңшы түсінігінде «аңшылық» - қорек табудың құралы емес. Бұл жайлы атақты қазақстандық орнитолог әрі аңшы Федор Карпов та анықтап айтып кеткен екен. Ғалым табиғат жайлы очерктерінің бірінде: «Осынау көнеден келген аңшылыққа деген әуестігіміздің себебі неде? - деген сауалды алға тартады. - Бұл істің басты мәні, әрине, сол бір олжаға қол жеткізудің тартысты үрдісінде жасырылған. Кей бауырларымыз «жасылдардың» жаласынан сескеніп, қаруын жасырып қоюға тырысқанымен, қанмен біткен тума түйсікке қарсы шыға алмаймыз. Маңызы бұдан кем түспейтін аңшылыққа құмартуымыздың тағы бір себебі – шектеулі уақытқа болса да, үйреншікті жай-күйімізді түбегейлі өзгертіп... асфальтқа оранбаған қара жермен жүріп, әдетте естімейтін қоршағанның үніне құлақ салып, саф ауамен тыныстап, жан-тәніңді сергітуге деген құлшыныс қой!»
Қанша сөз таластырсақ та, айт-айтпа, аңшылар табиғатты қала тұрғындарына қарағанда әлдеқайда жақсырақ, тереңірек түсінеді. Қазақстанда аңшылықтың өркендеуі – атадан қалған кәсіптің насихатталуы ғана емес, еліміздегі жануарлар әлемін сақтау, қорғау, оңтайлы пайдалану жолындағы бірқатар мәселелердің шешімі!
Шетел азаматтары үшін Қазақстан Республикасы аумағында аңшылық іс-әрекетпен айналысу құқығы:
Келісімшартты қабылдаушы аңшылық шаруашылығы субъектісі, аңшы қару және оқ-дәрі жайлы келтірген мәліметтерді негізге ала отырып, аңшылық атыс қаруын кіргізуге және шығаруға деген рұқсатты рәсімдеумен айналысады.
Олжаны шығару да аңшымен келісіле отырып, шаруашылық субъектісі тарапынан рәсімделеді.
Аңшылықпен айналысу мерзімдері
Аң түрлері | Аңшылық мерзімі |
Ондатр | 1 қазаннан бастап 15 ақпанға дейін |
Ақтиін | 20 қазаннан бастап 15 ақпанға дейін |
Жанат ит, қарсақ, түлкі, бұлғын, құну, сарғыш күзен, ласка, ақкіс, сарыкүзен, саскүзен, американдық қаракүзен, кәмшат (ортаазиялықтан басқасы), сілеусін (түркістандықтан басқасы), шайқағыш жанат, қоян (құмқоян, аққоян, орқоян) | 1 қарашадан бастап 15 ақпанға дейін (солтүстік аймақта жыртқыш құстар мен аң аулауға үйретілген иттермен қарсақ, түлкі, қоян аулау 15 қазаннан бастап) |
Сарышұнақ | ұйқыдан шыққанынан – 30 сәуірге дейін |
Суырлар* | 15 маусымнан жатып қалғанына дейін |
Балшықшы құс, вальдшнеп | 1 шілдеден 30 қарашаға дейін (вальдшнеп аталықтарына көктемдік аңшылық 1 наурыз-30 сәуір аралығында 15 күнтізбелік күннен артық емес мерзімге рұқсат етіледі) |
Бөдене, орман кептері | 20 тамыздан 30 қарашаға дейін (жыртқыш құстар мен аң аулауға үйретілген иттермен бөдене аулау 15 шілдеден қайтқанына дейін) |
Гагара, қаз, қарашақаз*, үйрек, қасқалдақ | қыркүйектің бірінші сенбісінен 30 қарашаға дейін - солтүстік аймақта **, 15 желтоқсанға дейін - оңтүстік аймақта*** (Көктемгі кежек – үйрек аталығын аулау 1наурыз-15 мамыр аралығындағы 15 күнтізбелік күннен артық емес мерзімге рұқсат етіледі) |
Шіл (ақ, тундралық, сұр, шөлді, сақалды), қарабауыр бұлдырық | қыркүйектің бірінші сенбісінен 15 қарашаға дейін (жыртқыш құстар мен аң аулауға үйретілген иттермен 15 тамыздан бастап) |
Құр | қыркүйектің бірінші сенбісінен 30 қарашаға дейін – солтүстік аймақта**, 15 желтоқсанға дейін – оңтүстік аймақта*** (аталықтарға көктемгі аңшылық 15 күнтізбелік күннен артық емес мерзімге рұқсат етіледі ) |
Қоңыр аю (тянь-шань аюынан басқа) | қыркүйектің бірінші сенбісінен 30 қарашаға дейін ( аталықтарға көктемгі аңшылық 15 сәуірден 15 мамырға дейінгі 15 күнтізбелік күннен артық емес мерзімге рұқсат етіледі ) |
Борсық | қыркүйектің бірінші сенбісінен 31 желтоқсанға дейін |
Марал, асканийлік бұғы, қабан, құдыр, бұлан | қыркүйектің бірінші сенбісінен 31 желтоқсанға дейін |
Сібір елігі | 20 қыркүйектен бастап 31 желтоқсанға дейін (аталықтарға 1 тамыздан бастап) |
Сібір тауешкісі | қыркүйектің бірінші сенбісінен 31 желтоқсанға дейін (аталықтарға 1 тамыздан бастап) |
Саңырау құр | 1 қазаннан бастап 30 қарашаға дейін (аталықтарға көктемгі аңшылық 1 наурыздан 15 мамырға дейінгі 15 күнтізбелік күннен артық емес мерзімге рұқсат етіледі) |
Гималайлық ұлар, кекілік | 1 қазаннан бастап 15 желтоқсанға дейін |
Құндыз | 15 қазаннан бастап 31 желтоқсанға дейін |
Қырғауыл | 15 қазаннан бастап 31 желтоқсанға дейін (жыртқыш құстар мен аң аулауға үйретілген иттермен 1 қазаннан бастап) |
Ескертулер:
*Қазақстан Республикасы Қызыл кітабына енгізілген түрлерден басқалары;
**солтүстік аймақ: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, Қарағанды облысының Осакаров, Бұқар Жырау, Нұра, Қарқаралы, Абай аудандары, Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Көкпекті, Катон-Қарағай, Жарма, Ұлан, Абай, Алтай, Глубокий, Шемонайха, Бородулиха, Бесқарағай аудандары мен Семей және Риддер қалаларына қарасты аймақтар;
***оңтүстік аймақ: Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары, Қарағанды облысының Жаңаарқа, Шет, Ақтоғай, Ұлытау аудандары, Шығыс Қазақстан облысының Аягөз, Тарбағатай, Зайсан, Үржар аудандары;