yandex alt

menu

Логотип Kazakh  tourism

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Логотип Kazakh  tourism

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Басты бет

Шығармалар

Қысқы саяхат қызығы: Қазақстандағы тау шаңғы туризмі және сноубординг

  • Белсенді демалыс

Елімізде таудың саф ауасымен тыныстап, шаңғы мен сноубордпен сырғанап, демалысын белсенді түрде өткіземін деуші саяхатшыларды таң қалдырар игілік көп.

Алатау аясындағы Алматы

Тау демалысының ең бай алуандылығы Алматыда көрініс тапқан. Қар құрсауындағы тау беткейлері, күрделілігі әркелкі тау-шаңғы трассалары, керемет демалыс сыйлай алатын түрлі курорттар қонақтарын қарсы алуға қашан да әзір. Іле Алатауының баурайында жайғасқан шаһардың шаңғы-сноубордын арқалап, тауға ұмтылған саяхатшыға ұсынары көп. Мұнда құламалы және жайпауыт тау беткейлері алма-кезек ауысып, әсерге құмартқан туристерге қайталанбас жер бедерін танытады. Тұрақты шуақты күн райы мен демалыс орындарының көп болуы да бұл жердің үлкен артықшылығы.

Алматының дәл қасындағы көрген көзді сүріндірер сұлу табиғатқа ие Шымбұлақ шатқалында өзімен аттас танымал демалыс орны орналасқан. Шымбұлақ жолдары әлемдегі ең күрделі трассалар қатарында саналады. 2260 метр биіктікте орналасқан демалыс орнында тауға тамсанып, шаңғы сыйлар жылдамдықпен бойыңызды сергітіп қана қоймай, қыстың күні де күнге қыздырынып қуаттанып қайтуға болады. Қар жамылғысының биіктігі 1,5-2 метрге жетеді. Тау-шаңғы демалысы маусымы қарашаның ортасында басталып, сәуірдің басына дейін жалғасады. Шымбұлаққа туристер төрт түрлі жолмен көтеріле алады: екі қосорынды, бір бірорынды, бір ілмекті арқанжол арқылы. Оған қоса тегін қолдануға болатын көтергіш құралдар бар. Дәмханалар, жоғары талғамды мейрамханалар, демалыс орындары да аз емес. Шымбұлақтағы демалыс маусымы әдетте жүгіру мен тау-шаңғы спортын үйлестіруден басталады. Бұл «бастауыш» жүгіріске қатысушылардың алдына қойылатын негізгі тапсырма: барлық құрал-жабдықтарын өзімен алып, 20 метр қашықтықты жүгіріп өтіп, сноубордына немесе шаңғысына дейін жетіп барып, ары қарай жүгірісін сырғанаумен алмастыру.

Талғар шатқалындағы тау-шаңғы курортында түрлі күрделіліктегі трассалардан бөлек, қоршаған табиғат кереметін тамашалауға болатын гондолды арқанжолы бар. Барлық еуропалық талаптарға сай салынған тағы бір демалыс орнында, арқанжолмен жүру, квадроцикл жүргізу, ойын-сауық бағдарламалары сияқты көптеген қызмет түрлері көрсетіледі. Ондағы трассалардың жалпы ұзындығы 37 километрге дейін барады.

Қала аумағына жақындаған сайын, қызмет бағасы да қолжетімдірек бола бастайды. Google-ды ашып қалсаңыз болғаны, Алматыдағы тау демалысы жайлы барлық қажетті ақпаратты таба аласыз.

Шаңғыны серік еткен журналистер

Елімізде қысқы спорт түрлерінің танымалдылығы артуы нәтижесінде жергілікті журналистердің бастамасымен 2012 жылы Қазақстан SCIJ клубы құрылғанын атап өтуіміз керек. Араға жыл салып, 2013 жылы отандық клуб SCIJ Халықаралық ұйымына қабылданды. International Ski Club of Journalists – 38 мемлекеттің журналист-шаңғышыларының басын біріктіріп отыр. Ұйымның негізін қалаушы – Жиль де Ла Рокк. Қырғи-қабақ соғыстың шиеленіскен шағында шаңғы спортына әуес Куршавельдік журналист Батыс пен Шығыстың БАҚ өкілдерінің өзара қарым-қатынасын кәсіп пен қызуғышылықты сабақтастыру арқылы нығайтуды көздеген екен. Алғаш рет отандастарымыз Қазақстанды бұл ұйымға 2012 жылы Италияда таныстырды. Қазіргі таңда еліміздің аталмыш клубына 30 шақты журналист мүше. Клуб талап-талпынысының арқасында Алматы облысындағы тау-шаңғы базаларының бірінде жаңа маусымның ашылуы өткізіліп, «тұсаукесер» шара ретінде фристайлдан спорттық жарыс ұйымдастырылды.

Қысқы демалыстың танымал түрлері

Қазақстандықтар арасында кәсіби спортшыларға да, әуесқойларға да бірдей ұнайтын, тау шаңғысымен немесе сноубордпен еркін сырғанау түрі – фрирайд кең таралған. Қауіптен тайсалмай, қайталанбас әсер аламын деп келген өжет туристер тауға көтергіштермен шығып, арнайы трассалардан бөлек, бұрындары шаңғы өтпеген беткейлермен төмен түседі. Өзіңізді осы батылдардың қатарына жатқыза алсаңыз, еліміздің сізді қуантар мүмкіндіктері жетерлік. Жеке қалауыңыз бен талаптарыңызға толықтай жауап беретін демалыс орнын табамын десеңіз, жетіп артылатын туристік компаниялардың біріне жүгіне аласыз. Мамандар сіздің таңдаған өңірдегі трамплиндер, тау беткейлері мен шаңғы трассалары жайындағы сауалдарыңызға жауап беріп, барлық мәселенің басын ашып береді.

Бірақ, еліміздегі қысқы экстрималды демалыс бір ғана фрирайдпен шектелмейді.

Аталған фрирайдтың «шеберіне» айналып үлгерсеңіз, өзіңізді бэккантри аясында да сынап көрсеңіз болады. Бұл «сынағыңызды» еңсеру үшін көтергіш құралдармен жабдықталмаған тауға өз күшіңізбен көтеріліп, артынша сол тау беткейінен сноуборд немесе шаңғымен түсуіңіз керек.

Белсенді тау демалсының тағы бір түрі – скитур-фрирайд – «сплитборд» деген арнайы құралдың көмегімен тауға шаңғы немесе сноубордпен көтерілу. Сплитборд немесе айырғыш тақта тауға көтерілу үрдісін анағұрлым жеңілдетеді. Бұл спорт түрі Шығыс Қазақстанда жақсы дамыған. Осы орайда, тау шаңғысы мен сноубординг нұсқаушысы Евгений Кузьминнің ШҚО-дағы қысқы демалыс түрлері жайлы ойымен бөліспекпіз. Маман келесідей пікір білдірді:

– Біздің қысқы демалыс орындары облыс орталығы Өскемен мен Батыс Алтай төңірегіндегі Риддер қалалары маңында шоғырланған. Мұндағы табиғат көріністері де, ауа-райы да ерекше. Маусым қарашада басталып, сәуірде аяқталады. Бұл кезеңде алыс-жақын шетелден келген туристерге ски-турлар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Біздің тау-шаңғы базаларымыздан Алтай асуларына дейін жолаушылар ратрактары және ілмекті көтергіштер қатынайды. Төмен түсерде барлығы туристің өз қалауына қарай: не жаңа жауған қардың үстінде сноубордпен сырғанап, не шаңғымен жүйкіп өтсе болады.

Демалыс орындарында қар кешкіш көліктерді жүргізіп көре аласыз. Сонымен қатар камусы (тауға көтерілгенде шаңғы сырғып кетпес үшін орнатылатын арнайы төсем) бар шаңғыларды да жиі қолданамыз. Бұл жоғарыға көтерілуді едәуір оңайлатады, төмен түскенде жәй ғана төсемді алып тастаса болғаны, желмен жарысып зымырай жөнелесіз. Тәжірибемізде сплитбордтар да жоқ емес. Олармен де жылдам жоғарыға көтеріліп, төменге сноубордтағы сияқты сырғанап түсе аласыз.

Еліміздің өзге өңірлеріндегі тау-шаңғы курорттары

Павлодар облысында да түрлі сипаттағы тау-шаңғы базалары көптеп кездеседі. Қардың қалың жауып, ерте түсуі бұл өңірдегі қысқы демалыс маусымының айтарлықтай ұзақ болуына жағдай жасап отыр.

Қысқы демалысын белсенді өткізуге ниетті саяхатшылар Нұр-Сұлтан қаласынан 3-сағаттық жерде орналасқан Щучье-Бурабай курорттық аймағында да өздеріне қажеттінің барлығын таба алады. Мұндағы көркем табиғат пен қызмет көрсетудің жоғары деңгейінің үйлесімділігі қашанда аса тартымды.

Оңтүстік Қазақстанда да шаңғы-шанаңыз пайдаға жарамай қалмайды. Төле би ауданындағы Тау Самалы шатқалында фрирайдпен айналысуға арналған трассалар жетерлік. Олардың жалпы ұзындығы 1800 метрге тең. Таяу арада табиғаты әсем тағы бір шатқал – Қасқасуда да заманауи тау-шаңғы курорты ашылмақ. Демалыс орны үздік еуропалық үлгілерге сәйкес салынуда.

Бұл мақаламызда Қазақстандағы қысқы демалыстың бір саласы жайлы ғана сөз қозғадық. Олай болса, еліміздегі қысқы саяхаттың айтып-айтпаған қызығы мол боларына еш күмәніңіз болмасын!