yandex alt

menu

Логотип Kazakh  tourism

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Логотип Kazakh  tourism

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Басты бет

Шығармалар

Қазақстанның бүлінбеген табиғаты: үздік 20 аймақ

  • Табиғат

Қазақстан табиғи көрікті жерлерінің моншағындағы ең жарқын інжулері

Қазақ табиғатының асыл алқасындағы баға жетпес гауһар-жақұттары

Әлемнің қай бөлігін алып қарасақ-та, бүгінгі таңда экологиялық туризм ұлттық саябақтар мен қорықтар сияқты ерекше қорғалатын аймақтар маңында аса қарқынды дамып келеді.

Ақмола облысы: Бурабай мен Қорғалжын

«Бурабай» мелекеттік ұлттық табиғи саябағының қайталанбас нысандары мен Қорғалжын қорығының айдын көлдері – Ақмола облысының басты табиғи көрнекті орындары ретінде танылған.

1. Бурабай – Сарыарқаны шырайландырған құтты мекен, сар даланың жүрегіндегі ғажайып шұрат. Жануарлар әлемі саналуандылығымен таң қалдырады. Мұнда оңтүстікке де, солтүстікке де бейімделген тіршілік иелерін кездестіруге болады. Ормандарда бұғы, бұлан, елік, ал дала мен орманды далада түлкілер, қарсақтар, қояндар мекендейді. Жиі болмаса да, саяхат барысында оларды да көзіңіз шалып қалуы мүмкін! Түрлі пішін мен қалыпта түзілген гранитті жартастар болса алып тастардан арнайы ойластырылып жасалған сияқты. Іс жүзінде бәрі адам баласы ат беріп, аңызбен байытқан шебер Табиғат-Ананың бірегей туындылары. Өлкенің қазақстандық және шетелдік туристер арасында танымалдылығы заңды құбылыс. Астанамыз Нұр-Сұлтан арқылы салынған жаңа жол Бурабайға еш алаңсыз, жайлы жетуге мүмкіндік береді. Ал көлік терезесінен ашылған керемет көріністерді тамашалай отырып, 250 км-ден сәл-пәл артық жолдың қалай аяқталғанын сезбей қаласыз!


2. Теңіз – Қорғалжын көлдер жүйесінің баға жетпес әшекейі – қызғылт қоқиқаздарды көру үшін жолдың біраз қиындықтарын еңсеруге тура келеді. Дегенмен, діттеген жеріңізге жеткенде шаршап-шалдыққаныңыз бірден басылып, бұл талпынысыңызға тұрарлық саяхат екенін аңғарасыз! Сапарыңызға жергілікті жолдарға келетін, қолайлы көлік сайлап қойсаңыз болғаны. Жол-жөнекей даланың дара жануары киелі ақбөкенмен кездесіп қалу ықтималдығы зор.


Ақтөбе облысындағы Ырғыз-Торғай қорық аймағы

3. Бетпақдалалық ақбөкендер популяциясын Ақтөбе облысындағы Ырғыз-Торғай қорық аймағында бақылап көруге болады. Атап айтқанда, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты дәл осы ақбөкен мекендейтін жерлер (қыстау, жайлау, төлдеу орындары) мен көшу бағыттарын сақтап, қалпына келтіру үшін құрылды. Бұған қоса, резерваттың маңызды міндеті ретінде сулы-батпақты жерлерді мекендейтін құстардың маусымдық көші-қон кезінде ең көп шоғырланған орындарының бірі – Ырғыз-Торғай көлдер жүйесінің бірегей сулы-батпақты алқаптары мен балықтардың уылдырық шашатын орындарын сақтау және қорғау жұмыстары айқындалған. Резерват алқаптары Халықаралық табиғатты қорғау одағының тізіміне енгізілген, су және су маңын мекендейтін құстардың көптеген түрін сақтау мақсатындағы халықаралық маңызы бар сулы-батпақты аймақ болып табылады. Өркениеттен алшақ орналасқан аталмыш аймаққа саяхат жаратылыстанушылар мен жалпы табиғатты зерттеуге қызығушылық танытатын туристер үшін естен кетпес тәжірибе болары анық!


Алматы облысы: Тау шыңдарынан бастап шөлдердің құмды шағылдарына дейін

4. Алматыға жол тартсаңыз міндетті түрде Іле-Алатауы ұлттық паркінің бір бөлігі болып табылатын Үлкен Алматы көліне баруға кеңес береміз. Көлдің жағасына қарай салынған тасжол бұл табиғат кереметін көремін деушілер санының еселеп өсуіне себеп болды. Содан да болар, кейде іздеп келген тыныштықты табу қиынға соғады. Дегенмен, бұл жағдай Үлкен Алматы көлінің сұлулығы сыйлайтын ләззаттың жанында тым мардымсыз көрінеді! Тау бөктерінде тамыры аңыздармен астасып жатқан әсем еңлікгүлдер өседі. Ал жан-жағыңызға назар салып қарасаңыз, өте сирек кездесетін имектұмсық құстарды байқайсыз.


5. Бір ғана "Алтынемел" ұлттық саябағы аумағынан Ақтау мен Қатутау таулары және атақты Айғайқұм сияқты бірегей табиғи нысандарды көруге болады. Үлкен және Кіші Қалқан шыңдарының арасында екі құмды төбе бар: оңтүстік шағыл – 150 метрге, солтүстік шағыл – 100 метрге көтеріледі. Саябақ шөлді және таулы аймақтарда орналасқан. Мұнда сүтқоректілердің 80 түрі және құстардың 260 түрі мекендейді. Алтынемелдің кең жазықтары мен тау баурайларында арқарлар, қарақұйрықтар мен құландар пана тапқан. Оған қоса, он жылдан астам уақыт бойы мұнда жоғалып бара жатқан Пржевальский жылқысы популяциясын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.


6. Түрген шатқалы – қуатты сарқырамалар мен мөлдір бұлақтардың, қылқан жапырақты және аралас ормандардың, альпілік және субальпілік шалғындардың баға жетпес қазынасы. Шатқал 44 километрге созылып, биіктігі 2560 метрге жететін Асы үстіртіне дейін жалғасады. Туристер арасында сарқырамаларға жорық жасау кең таралған. Негізгі жолдан Аюлы сарқырамасына дейінгі жаяу жүргендегі қашықтық 1 шақырымды құрайды. Осы жолдың орта тұсына жеткенде, шатқалдың қарама-қарсы беткейінде Жартасты сарқырамасы көрінеді. Сарқырамаларға жаяу жетіп, сапарды әрі қарай Түрген өзенінің бойымен көлікпен жалғастыруға болады, Батан ауылына апаратын тас жол салынған. Тас жол аяқталған сәтте, алда Асы үстірті күтіп тұрғанын біліңіз! Бұралаң тау жолымен ұзақ көтерілуге тура келеді. Есесіне, кейін шығысқа, Бартоғай су қоймасына қарай 40 шақырымға созылған, кей тұста ені 15 км жететін жайлаудың ғажайып көрінісін тамашалай аласыз. Жер-жерде орналасқан шопандардың тұрақтарына қонақ болып, хош иісті шайдан дәм татуыңызға да болады.


7. Көлсай көлдері теңіз деңгейінен 1818, 2252 және 2850 метр биіктікте "Көлсай көлдері" ұлттық саябағының аумағында орналасқан. Қайыңды көлі Көлсай көлдерінің шығысына қарай 12 шақырым қашықта орналасқан, ұзындығы 400 метрге созылып жатыр. Бір жексенбілік сапарда Төменгі Көлсай және Қайыңды көлдеріне барып үлгеруге болады. Жоғарғы Көлсай (үшінші көл) екіншісінен 4 шақырым шалғай және 600 метрге жоғары орналасқан, оған көтерілу үшін көп уақыт пен жақсы физикалық дайындық қажет. Көлсай – жаяу және атты жорықтар, тау велосипедтерімен саяхаттау үшін тамаша орын.


Қайыңды көлі жүз жыл бұрын шатқалды қоршап тұрған табиғи бөгет ретінде қалыптасып қалған тау жыныстарының ауқымды қопарылысы нәтижесінде пайда болды. Су бетінен шығып тұрған шыршалардың құрғақ діңгектері көлді қорғаушы қарауыл сыңайлы. Көл жан-жағынан тасты тау беткейлері мен биік жартастармен қоршалған. Одан жоғарырақта жартасты тығырыққа ұшырасуға болады, сол себепті көлге көлікпен жетудің жалғыз ғана жолы бар.

8. Шарын шатқалы – Алматы облысындағы ең қызықты табиғи нысандардың бірі. Шатқал шөгінді жыныстардан тұрады, олардың жасы шамамен 12 миллион жыл! Күн ұясына батар сәтте шатқал қабырғалары таңқаларлық реңктерге боялады. Туристердің ең көп баратын жері - "Қорғандар аңғары". Шарын шатқалы Солтүстік Америкадағы Колорадоның үлкен шатқалына (Grand Canyon) ұқсас келеді. Шарын американдық егізінен кішірек, десек те «Қорғандар аңғары» өзіне ғана тән қайталанбас сұлулығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, реликті шаған тоғайы сақталған «Темірлік», «Айлы алқап» және «Құртоғай» шатқалдарының керемет көріністерінен құр қалмауға кеңес береміз.


9. Солтүстік жарты шардағы ең қиыр жетімыңдық шың – Хан Тәңірінің етегінде орналасқан Баянқол өзенінің алқабы альпинистер арасында бұрыннан белгілі. Оның бірден бір себебі - Хан Тәңірінің атағы дүние жүзіне жария брэнд болуында. Кәсіби спортқа алыс-жақын адамдардың барлығы да бұл жерден жанына жақын дүние таба алады. Содан да болар, «Ханның» тартылыс күші альпинистерден бөлек тау туристерін де ешқашан шет қалдырмаған. Жыл сайын бірнеше жүздеген адам Теріскей Алатауы арқылы түрлі күрделілік дәрежесіндегі жорықтар жасайды. Мұнда табиғи мекендеу аймағындағы бұғы, арқар, тауешкі сияқты жабайы жануарларды кездестірудің бірегей мүмкіндігі туындайды. Сәті түссе айбарлы барысты көріп қалу да ғажап емес! Баянқол шатқалының ұзындығы, бастауынан Текес алқабына дейінгі аралықта, 70 шақырымды құрайды. Аттас өзен Сарыжаз жотасынының Баянқол және Батыс, Мәрмәр қабырғаның ірі мұздықтарынан бастау алып, Теріскей Алатауы жотасы мен Орталық Тянь-Шаньды бөліп жатыр. Баянқол алқабы нағыз қазақи жайлаудың қанат жайған орны, мұнда әр келген қонақты ерекше ілтипатпен қарсы алады!

10. Саяхатшылардың патша көңілін жаулай алған Алматы облысының кезекті табиғат кереметі – Жетісу Алатауындағы Қора шатқалында орналасқан, Орталық Азияның ең биік сарқырамасы деп танылған – Бұрқан-Бұлақ сарқырамасы. Оның құрамындағы көзге көрінетін сарқырамаларының орташа биіктігі шамамен 112 метр. Таңдану оңай болғанымен, бұл тамашаға жету оңай емес: қазіргі таңда жол талғамайтын көлікпен, Қапал асуы арқылы ғана мүмкін. Әрмен қарай шатқал түбімен сарқырамаға дейін қара жолмен 12 шақырым жүріп өтсеңіз болғаны. Бұрқан-Бұлаққа саяхат жасау бақыты бұйырып жатса, жолдың еш қиындығына мойымай, қызықты да әсерлі сәттерге толы оқиғаларды олжалап қайтарыңызға сенімдіміз!

Шығыс Қазақстан облысы: Алтай құпиялары

11. Мұзтау шыңы – Қазақ Алтайының ең жарқын бөлігі, өр Алтайдың ғана емес, бар Сібірдің ең биік нүктесі. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшылар, ғалымдар, эзотериктер мен альпинистер осынау екібасты шыңға бағзы замандардан-ақ үлкен қызығушылықтарын танытып келеді. Мұзтау дұрыс емес пирамида пішініндегі Батыс (4435 м) және Шығыс (4506 м) шыңдардан құралған, екеуінің арасында биіктігі 4000 метрге төмендейтін «Мұзтау ертоқымы» еңісі орналасқан. Орыс ізашарлары қар құрсауындағы шыңды алғашында «Белуха» деп атаған екен. Бүгінде Мұзтаудың бауырайына сан түрлі жаяу, атты, тіпті тікұшақ жорықтары ұйымдастырылып жүр.


12. Катонқарағай ұлттық саябағының сарқырамалары мен көлдері.

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы - еліміздегі ең ірі ерекше қорғалатын табиғи аймақ. Саябақ экожүйесі қалалық өркениеттен шалғай, адам аяғы жете қоймаған жерде орналасқандықтан, бастапқы қаз қалпын сақтап қалған. Алтай таулары батпақтар, ормандар, шабындықтар мен тундралар секілді жер бедерінің түрлі көріністерін қамтиды. Саябақтың басты игілігі – биіктігі 50 метрден жоғары Шығыс Қазақстандағы ең ірі сарқырама – Көккөл. Мұзтауға жақын маңда орналасқан сарқырамаға жаяу немесе салт атты ғана жетуге болады. Берел мұздығына апарар туристік соқпақ та саяхатшылар арасында кең танымалдылыққа ие. Язевое сарқырамасы Көккөлмен салыстырғанда кішірек болғанымен, оның барқыт мүк басқан жартасты жағалауы мен қоршаған көркем көріністері сізді бейжай қалдырмасы анық. Оған қоса, ерте заманнан Катон-Қарағай өлкесі емдік бұлақтары мен тұнық көлдері арқасында баршаға белгілі. Көбісінің көлемі бір шаршы метрден аспайтын шағын көлдердің ұзын саны 400-ге жетеді! Ішіндегі ең ірісі Бұқтырма өзенінің бастауында, орманның жоғарғы шегінде орналасқан Бұқтырма көлі. Үлкен Рахман көлі де жақын маңда. Листвяга жотасында бұлардан өзге үш ірі айдын: Қаракөл (Язевое), Черновое, Маралды көлдері бар. Бұл суларда аққайраң мен қарауыз балықтары көп кездеседі.


13. Шығыс Қазақстан облысының тағы бір көрікті жері – Марқакөл көлі. Көл өзі аттас қорық аумағында, оңтүстігіндегі Азутау және солтүстігіндегі Күршім жоталары арасында орналасқан. Ауданы 455 шаршы шақырымды құрайды! Көлге көптеген шағын өзендер мен бұлақтар құйып, жалғыз Қалжыр өзені ағып шығады. Марқакөлге де жету оңай емес: үлкен қашықтық пен жайлы жолдың болмауы көлге жетер жолды нағыз шытырман оқиғаға айналдырады. Десек те, бұл - керемет көріністерге тұрарлық сапар болмақ! Марқакөлдің суы өте мөлдір, тұщы әрі жұмсақ. Түсі жасыл-көгілдір, тұнықтығы 4-7 метр. Марқакөлде ақсерке тұқымдас майқан балық тіршілік етеді.

14. Батыс Алтай қорығы. Батыс Алтайдың тау сілемдері елімізден шет аймақтарда да кеңінен танымал. Әлемдік танымалдылық ауданның негізгі үш жотасы: Көксу, Иванов және Қоржынтау тоғысындағы жұрнақ-таулар арқасында келген. Ғажайып көріністерді көз алдыңызға келтіретін бұл жер - халық арасында "Тас ертегі" деп аталып кеткен. "Ертегі" шыңы (2179 м) етегіндегі 16 шаршы шақырым ауданды қамтып жатқан алаңда биіктігі 35 метрге дейін жететін ерекше пішін-қалыптағы тау жұрнақтары бой түзеген. Көбісінің өз атауы бар: Ақсақалдар кеңесі, Батырлар, Бақылаушы және т.с.с. Тау-тастан бөлек, Батыс Алтай өңірінің тағы бір аса тартымды қыры - биіктаулы көлдер. Кедровое көлі солардың ішіндегі ең көркемі. Мұндағы тауаралық қазаншұңқырда Батыс Алтайдағы ең биіктаулы Гульбище батпағы орналасқан (ұзындығы 6 шақырым, ені 2 шақырым). Бұл жер - бұлан, елік, бұғылардың жазғы тұрағы болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, Алтайдың бай жануарлар әлемін құмарыңыз қанғанша тамашалап, әсерлі фотосуреттер жасай аласыз! Керек десеңіз, Қара Үбі өзені алабында, Ляминый Белок төбесінің баурайында арнайы шолу алаңдары жабдықталған. Қауіпсіз арақашықтықтан, 3-4 метрлік биіктіктен Алтай тағыларының тіршілігін бақылауға керемет жағдай жасалған!

15. Қиын-Керіш алқабы. Лаулаған жалындай болған Қиын-Керіштің қызыл-ала жартас-құздары адам қиялына сыймайтын таңғажайып көріністерді сыйлайды. Осы уақытқа дейін саяхатшылар мұнда ежелгі омыртқалы жануарлардың (мүйізтұмсық, тасбақала) сүйектерін кезіктіріп келеді. Алаулаған алқаптың заманауи тіршілігі де зерттеушілер үшін аса қызық. Сол қызығушылықтың негізінде Қиын-Керіште өткізілетін ғылыми экспедициялардың да саны жыл сайын артып келеді. Өте ыстық ауа-райы мен табиғи су көздерінің болмауы бұл жерде байқалатын өзгеғаламшарлық сарынды одан да бетер айқындай түсетіндей.


Карағанды облысы: Қарқаралы тау алабы

16. Далалы өлкеде ұсақ шоқылар мен тау алаптарының болуы Орталық Қазақстанның жер бедеріне тән ерекшелік. Соның ішінде туристер арасында ұлттық саябақ аумағында орналасқан Қарқаралы тау алабына деген сұраныс ерекше. Бұл жерде реликті қарағай ормандары сақталған. Кратер тәрізді гранитті ойпаттарды толтырған айдыны айнадай көлдер көз қуантады. Әсемдігі мен әсерлігі жарасқан көлдердің ішінде Қарқаралы қаласына ең жақын орналасқандары: тарихы да, табиғаты да тылсым аңыздарға толы Шайтанкөл мен Бассейн көлі. Ұлттық саябақ аумағындағы өзге он көлдің ешбірі бұл екеуінен сұлулығы мен құндылығы жағынан артылмаса, кем түспейді. Ал адам аяғы баспаған ну ормандар мен заңғар тауларда бұлан, елік, түлкі, қоян сияқты жабайы аңдар әлі күнге мамыражай тіршіліктерін жалғастыруда. Қызыл кітапқа енген арқарлар да Қарқаралының құшағынан пана тапқан.


Маңғыстау облысы: Боз Үстірт пен Торыш алқабы

17. Үстіртке ат басын бұрған саяхатшы ұзақ жол, иен даладағы ауыз су тапшылығы, әп сәтте өзгеріп шыға келетін құбылмалы ауа райы сынды тосын сынақтарға сақадай сай болуы керек. Аздап жаңбыр себелесе болды, құрғақшылықта көлік оңайшылықпен еңсерген жолдар қозғалысқа мүлдем жарамсыз болып қалады. Есесіне Маңғыстаудың қайталанбас көріністері сыйлар әсерлермен бойыңызға қуат дарып, қиялыңызға қанат бітеді. Ең негізгілері: Бозжыра мен Торыш алқабы. Үстірттің батыс бөлігіндегі Бозжыра жұрнақ таулар тізбегі камера объективінен таңғажайып суреттер туындайтын фотосессия үшін керемет орын. Ал Торыш алқабы көне мұхит түбінде миллиондаған жылдар бұрын қалыптасқан шар тәрізді алып тастарымен белгілі. Бұл жердің құпиясын ашамын деушілерге де Қарт Үстірт жұмбақтарын әлдеқашан дайындап қойған!


18. Павлодар облысы: "Баянауыл". Екібастұз қаласынан жүз шақырым қашықта орналасқан Баянауыл орманды таулы аймағы Павлодар облысының ең көрікті табиғи орындарының көш басында тұр. Бұл көрікті өлке экологиялық туризмді қолдаушы саяхатшылар үшін жұмбақ жартастарымен, тылсым үңгірлерімен, шашылған моншақтай жер жерді нәрлендіріп жатқан айдын көлдерімен, бастысы қала қарбаласынан бой тасалауға болатын алшақтығымен аса тартымды. Мұндағы ең ірі көлдер: Сабындыкөл, Жасыбай, Біржанкөл және Торайғыр. 1985 жылдан бастап бұл әсем табиғат мемлекет қорғауына алынып, «Баянауыл» ұлттық табиғи саябағы құрылған болатын. Саябақта өсетін 460 өсімдіктің 50 түрі реликті болып табылады. Бұл қатарға тас қарақат пен Баянауыл қарағайы кіреді.


19. Солтүстік Қазақстан облысындағы Шалқар-Имантау аймағы. Бұл өлке отандық туризмдегі іші қазынаға толы құлыптаулы сандық сияқты. Шалқар-Имантау аймағының көргеннің көзі тоймайтын қайталанбас сипаттағы табиғаты әлі де көпшілікке қыр-сырын аша қоймаған. Бұл аймақ елімізде көлдердің саны бойынша-бірінші орын, орманды алқаптар аумағы бойынша – екінші орын, соқпақ-жолдардың жалпы ұзындығы бойынша – үшінші орынды иеленеді. Шыны керек, ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштер! Ойлы-қырлы жазықтар, иірімді тау қатпарлары, айдыны айнадай көлдер мен қайың-қарағаймен көмкерілген ормандар Солтүстік Қазақстан туризмін дамытудағы керемет мүмкіндіктерге жол ашуда.

Түркістан облысы: еліміздегі алғашқы қорық – «Ақсу-Жабағылы»

20. "Ақсу-Жабағылы" – Орта Азия аумағындағы ең көне қорықтардың бірі. Орнитологиялық турлар мен қызғалдақтар табиғатын зерттеушілерге арналған жорықтар елімізде алғаш рет дәл осы қорық аумағында ұйымдастырыла бастады. Сондықтан қорық таңбасында Грейг қызғалдағының бейнеленуі де тектен-тек емес! Құстар жайлы сөз қозғасақ: мұнда қанаттылардың 130 түрі ұя салады, оның 11-і Қызыл кітапқа енгізілген. Қорық Батыс Тянь-Шаньдағы Талас Алатауының бөктерінде орналасқан. Ақсу шатқалы қорықтың басты орталығы болып табылады. Тереңдігі 1800 метрге жететін шатқалда жаяу және атпен серуендеуге мүмкіндік бар.