Тау / жартас
Бөлектау
Бөлектау – Бурабайдың бойында орын тапқан табиғи шолу алаңы. 147 метр биіктіктен Көгілдір шығанақ, Жұмбақтас пен Оқжетпес, Бурабай және Үлкен Шабақты көлдері сияқты, осы өңірдің басты көрнекті орындарына керемет көріністер ашылады.
Бөлектау
Бөлектау – Бурабайдың бойында орын тапқан табиғи шолу алаңы. 147 метр биіктіктен Көгілдір шығанақ, Жұмбақтас пен Оқжетпес, Бурабай және Үлкен Шабақты көлдері сияқты, осы өңірдің басты көрнекті орындарына керемет көріністер ашылады.
Ақмола облысында орналасқан «Бурабай» курорты – жылдың төрт маусымында да табиғат аясында тынықпақ туристер үшін теңдесі жоқ демалыс орны болып табылады. Көкшетау бауырайы тұла бойды сергітер таза ауасымен, айдыны айнадай көлдерімен, қайталанбас сұлулыққа ие табиғатымен ерекше.
Бурабайға келген бетте курорттың «Сапар орталығына» барып, қорғауға алынған аймақ пен туристік нысандар жайлы толыққанды ақпарат алуға кеңес береміз. Сонымен бірге келушілер «Сапар орталығы» негізіндегі «Табиғат мұражайын» аралап, хайуанаттар бағында тіршілік ететін жануарларды жақыннан көріп, бақылай алады.
Мұндағы туристер арасында танымал соқпақтардың бірі Бөлектау шыңына апарады. Бағдар басында үш тілді ақпараттық тақта орнатылған. Шыңға жету үшін 15 минут жеткілікті, арнайы құрал-жабдықтың да қажеті жоқ. Ең күрделі деген тау беткейінде ағаш саты салынған.
Бұл Бурабайға алғаш баруыңыз болса, бірінші ретінде тауға экскурсиялық топ құрамында шығып, кейіннен белгілі болған жолмен асықпай, өздігіңізден серуендей аласыз.
2020-2021 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер
Қалай жетуге болады?
Нұр-Сұлтан қаласынан «Бурабай» курортына дейінгі арақашықтық 255 шақырымды құрайды. Елордадан Бурабайға теміржол арқылы немесе автобус, бағдарлы көлік, такси көмегімен жетуге болады. Бөлектауға барар жолды «Сапар орталығында» біліп, экскурсияға тапсырыс беру ретімен танысуға барлық мүмкіндік жасалған.
Бөлектаудың бөктеріне өз білгеніңізбен жетуді қаласаңыз, келесідей нұсқаулыққа назар салыңыз. Тау Бурабай мен Абылай хан алаңының ортасында орналасқан. Елді мекеннен 2 шақырым жерде. Шамамен жарты сағат уақытыңызды көл бойымен салынған соқпақпен жаяу серуендеп, әсем айналаңызды тамашалай жетуге жұмсасаңыз болады. Уақытыңыз тығыз болса, такси қызметіне жүгіне аласыз. Бөлектау Бурабай ұлттық саябағының аумағында орналасқандықтан, кіреріңізде ерекше қорғаудағы аймаққа кіру үшін бекітілген 0,1 АЕК (шамамен 300 тг) мөлшерінде төлем жасауыңыз міндеттеледі.
Орналасу және тамақтану
«Бурабай» көпмаусымдық демалыс орны болғандықтан, тамақтану мен орналасу бойынша мәселе болмасы анық. Мамырдың ортасы мен қазанның соңына дейінгі жылы кезеңде меймандарға ашық дәмханалар мен мейрамханалар саны күз бен қысқа қарағанда әлдеқайда көбірек. Оған қоса, аталған жылы кезеңде Бөлектау бауырайында сусындар мен тіскебасар тағамдар сатылатын KazWay павильоны қызмет етеді.
Демалысыңыз барынша жайлы өту үшін, қалаған қонақ үйлермен алдын ала байланысып, орынға тапсырыс беріп қойған жөн.