menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Кесене

Ибраһим ата кесенесі

Ибраһим ата кесенесі – Қожа Ахмет Ясауидің әкесі жерленген тарихи орын.

Жататын уақыт

Жататын уақыт

Бағыттың құны

Бағыттың құны

Орналасу орны

Орналасу орны

Шымкент

Ибраһим ата кесенесі

Ибраһим ата кесенесі – Қожа Ахмет Ясауидің әкесі жерленген тарихи орын.

Кесене Ұлы Жібек жолы мен түркі елдерінің тарихын танып, мәдениетіне бойламақ саяхатшылар мен зиярат етушілер ұмтылған киелі орын болып есептеледі.

Көне Испиджап, қазіргі Сайрам – сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің туып-өскен жері, ғұламаның ата-анасы өмір сүріп, дүниеден өткен мекені.

Болжам бойынша кесене XVI-ХVII ғасырда жергілікті шейх, Қожа Ахмет Ясауидің әкесінің жерленген орнында бой көтерген.

Бұл ескерткіш ортағасырлық сәулет өнеріне тән күмбезді кесенелердің алғашқы үлгілерінің бірі. Бүгінгі таңда зияратшылар мен туристер кесененің XIX ғасырда салынған нұсқасын көре алады. Құрылыстың ішкі-сыртқы көрінісінен ортағасырлық элементтердің де сақталғандығын анық байқауға болады.

Кесене биіктігі 8 метрден асатын, бір бөлмелі, шаршы пішіндес құрылыс болып табылады. Кесене салынған кезінен бастап сан рет қайта жөндеуден өтсе де, өзінің бастапқы сән-салтанатын жоғалтпай, рухани- тарихи құндылығы еселей түскен. Қазірде аталмыш кесене Қазақстанның республикалық маңызы бар сәулет ескерткіштері қатарынан лайықты орнын алған.

Шынтуайында, ХІ ғасырда Сайрам ислам дінінің өркендеу өзегі болды. Мұнда талай діни тәлімгерлер мен ұстаздар, ислам ғалымдары өмір сүрген. Соның ішінде дәулетті де зиялы әулеттен шыққан Ибраһим ата да болды. Жастайынан халықтың құрмет-ықыласына бөленген Ибраһим егіншілікті кәсіп қылғанымен, ел арасында рухани ұстаз, діни уағыздаушы ретінде аты шыққан. Ибраһим ата қашанда көмекке зәру жандарға жәрдемдесіп, талай шәкірт тәрбиелеп, салиқалы ғұмыр кешкен.

2021-2022 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер

Сайрамдағы әрбір туристік нысанның алдында QR-код жазылған тақтайшалар орнатылған. Бұл QR-кодтар нысандар туралы ақпаратқа сілтеме береді.

Қалай жетуге болады?

Ибраһим ата кесенесі Сайрамның солтүстік-батысындағы биік төбеде орналасқан. Бүгінде Сайрам елді мекені Шымкент қаласының Қаратау әкімшілік ауданының құрамына кіреді. Бұл жақта әр тұрғын жергілікті киелі нысандарды бес саусағындай жақсы біледі. Сондықтан Сайрамға жетсеңіз болғаны, бағыт көрсетіп, жолсерік болар жолдас та таба аласыз. Сайрамға жеткізер ең қысқа жол Шымкент арқылы өтеді. Шымкенттің кез келген автовокзалынан, Орталық базардың жанындағы «Озеро» аялдамасынан таксиге не бағдарлы автобусқа мінсеңіз, Сайрамдың дәл орталығына жете аласыз. Аялдамаларға тоқтағанын қоса есептесек, жолға шамамен 30 минут уақытыңыз кетеді. Көзіңізге Сайрамның қақпасы түскеннен-ақ автобустан түсуге дайындала беріңіз. Бұл қақпадан ары жасаған әр қадамыңыз сізді тарих тұңғиығына жетелейді.

Орналастыру және тамақтандыру

Сайрамға келген бетте, шығыс базарына тап боласыз. Осы жерден ұзамай тұрып, Сайрамның шұрайлы бау-бақшасында өніп-өскен жемістер мен көкөністерден дәм татып, кептірілген жеміс-жидектерді жақындарыңызға базарлық етіп алыңыз. Одан бөлек, базардан ыстық самса мен тандыр наннан ауыз тимей, бойыңызға қуат берер салқын қымыздан дәм татпай қайтпаңыз. Сайрамда асханалар мен кафелер де жетерлік. Егер қаласаңыз, Шымкентке қайтып, сол жақтан Шым қаланың аңызға айналған кәуабынан дәм татып көріңіз. Қонуға да Шымкентке қайтып, сондағы қонақүйлердің біріне орналасқан жөн, болмаса сапарыңызды әрі қарай жалғыстырып, Түркістанға қарай жол тартсаңыз болады.