menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Кесене

Әбділ-Әзиз баб кесенесі

Әбділ-Әзиз баб кесенесі

Жататын уақыт

Жататын уақыт

Бағыттың құны

Бағыттың құны

Ислам дінінің өркендеуіне зор үлес қосқан Әбділ-Әзиз баб кесенесі ХІХ ғасырлық сәулет өнерінің озық үлгісі.

Орналасу орны

Орналасу орны

Шымкент

Әбділ-Әзиз баб кесенесі

Әбділ-Әзиз баб кесенесі

Әбділ-Әзиз баб кесенесі Шымкент шаһардағы Сайрамның солтүстік бөлігінде орналасқан. Кесене еліміздің оңтүстік өңірінде өрбіген ортағасырлық сәулет өнеріне тән күмбезді-порталды құрылыс сипатында салынған. Бүгінде кесененің күмбезі қаңылтырмен қапталған.

Ұлы Жібек жолы дәуірінде қазіргі Сайрам, бұрыңғы Испиджап ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің, дін мен руханияттың ошағы болған. Өз заманының озық орталығы болған шаһарда талай ғұлама дүниеге келіп, талай әулие ғұмыр кешкен. Бұл қатарда Әбділ-Әзиз бабтың орны ерекше.

Әбділ-Әзиз баб – Түркістан аумағында исламның таралуы жолында күрескен дін қайраткері. Арабша есімі Әбд әл-Әзиз, яғни «Құдіреттінің құлы» дегенді білдіретін әулиенің аты Әбділ-Әзиз болып қазақшаланып, «баб» атағы берілген. Әбділ-Әзиздің ғұмырнамасы оны Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) алғашқы ізбасарларына жатқызатын «Рисаль» шығармасында, XVIII ғасырда жазылған «Мадинат ал-Байда және Испиджап әулиелер туралы трактатта» баяндалады. Аңыздарға сүйенсек, Әбділ-Әзиз баб Әзірет Сұлтанның дүниеге келгенінен 300 жыл бұрын өмір сүрген екен.

Әулиенің аруағына арнап салынған кесененің зерттеліп басталғанына көп болған жоқ. Кесене біздің күнге дейін сақталмаған XVI-XVII ғасырлық құрылыстың үстіне тұрғызылған деп саналады. Кесененің үш бөлігі кең дәліздермен байланысқан. Әбділ-Әзиз баб кесененің солтүстігінде жерленген. 1982 жылы кесене республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізілді. Содан бері сәулетті құрылыс мемлекеттің тікелей қорғауында. Бүгінгі таңда ислам әлемі мен түркі тарихын танымаққа ұмтылған туристер әлемнің түкпір-түкпірінен Түркістанға жол тартуда. Тек Түркістанға бармастан бұрын, саяхатшылар легі Қожа Ахмет Ясауидің туған жері Сайрамға барады. Сәйкесінше Әбділ Әзіз бабтың кесенесі келушілердің саны да жыл сайын артып келеді.

Кесенеге кірерде баскиім киіп, аяқ киімді кіреберісте шешіп, барынша киелі орынның тыныштығын бұзбауға тырысу керек.

2021-2022 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер

Қалай жетуге болады?

Кесене бұрыңғы Сайрам елді мекені, қазіргі Шымкент қаласының Қаратау әкімшілік ауданының аумағына кіреді.

Шымкенттің орталығынан Сайрамға дейін таксимен немесе бағдарлы автобустардың бірімен жете аласыз. Арақашықтық – 15 шақырым. Жолға шамамен 20 минут уақытыңыз кетеді. Сайрамға жеткеннен соң, елді мекеннің солтүстік бөлігінде, негізгі көшелердің біріне жақын маңда орналасқан ескі зиратты табуыңыз керек. Өзіңіз бірден таба алмасаңыз, жергілікті тұрғындардан еш қысылмай жол сұрай аласыз. Олар сізге кесенеге жетер жолды көрсетіп қана қоймай, білген аңыз-әпсаналарын баяндап, қызығушылығыңызды тіптен арттыра түседі.

Орналасу және тамақтану

Егер сапарыңызды жаз кезіне жоспарласаңыз, Түркістанның шіліңгір ыстығын естен шығармаңыз. Жолға көбірек су алыңыз. Біраз тіскебасар тамақ алсаңыз да болады. Бірақ біз Сайрамның өзіне жетіп барып, тамақтануға кеңес береміз. Себебі Сайрамның дәмі тіл үйірер тандыр наны мен ыстық самсасын жеген де арманда, жемеген де арманда! Жол бойында шығыс тағамдарын ұсынатын кафелер мен асханалар да көп.

Қонарға орын іздесеңіз, Шымкенттің өзіне қайтқан дұрыс. Мұнда қонақүйлер де, хостелдер де, жалға берілетін пәтерлер де жетерлік.