Көл
Қайыңды көлі
Бұл ақыл-сананы артық ойдан арылтуға септігін тигізіп, жанға тыныштық сыйлайтын бірегей орын.
Қайыңды көлі
Бұл ақыл-сананы артық ойдан арылтуға септігін тигізіп, жанға тыныштық сыйлайтын бірегей орын.
Алматы облысының атағын әуелетер әсем орындар өте көп. Бұл қатарда тылсым сыры мен тамаша табиғаты үйлесім тапқан Қайыңды көлі де бар. Көлсай көлдерінің жүйесіне кіретін айдын ну орманмен қоршалған қазаншұңқырда жатқандықтан, қалың ағаш арасынан көлді көре алу екіталай. Көлдің атауы қайыңдарға қатысты болғанымен, шынайы бейнесінде көне шыршалардың кескіні басым: қоршап тұрған қорғаны да, тұңғиығында жасырылған құпия қазынасы да – осы шыршалар. Күн мен желден су астында қорғаныс тапқан шыршалардың төменгі бұтақтары таңқаларлықтай жақсы сақталған. Қайың тоғайы болса Қайыңдының өзінен бірнеше шақырым алшақта жайқалып тұр.
Алматы облысына тән ауа райы жылы әрі ылғалды болғанымен, Қайындының маңында жағдай тым басқа. Жаздың күні де самалы салқын тау көліне барарда, жылы және ыңғайлы киім-кешегіңізді дайындап қойғаныңыз жөн. Одан бөлек, саябақтың келушілер үшін бекіткен төлем жасау тәртібі мен бағасын да келместен бұрын анықтап алсаңыз болады. Жалпы Қайыңды көлі – қанша келісті етіп сипаттауға тырыссаң да, бар кереметін құрғақ сөзбен жеткізуге болмайтын қайталанбас орын. Барлығын өз көзіңізбен көріп, сезінуіңіз керек! Бұл тынымсыз қала тіршілігінен бой жазып, күш жинауыңыз үшін таптырмас мекен!
Көл «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи саябағының құрамына енгізілген.
Қайыңды көлі жайлы бейнебаян
2020-2021 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер
Қалай жетуге болады?
Алматы қаласы мен Қайыңды көлінің арақашықтығы 288 шақырымды құрайды. Шамамен 190 шақырымы Құлжа жолымен өтеді. Саты ауылына 700-800 метр қалған уақытта, мазарларға қарсы жатқан шатқалға қарай, оңға бұрылып, әрмен қарай екі рет өзенді кесіп өту керек болады.
Орналасу және тамақтану
Жылдың жылы мезгілдерінде көлге түсер тұста бір демалыс маусымына орайластырып тігілетін киіз үйлердің біріне тоқтауға мүмкіндік болады. Дәл сол маңайда жергілікті саудагерлердің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жәрмеңкеде таза табиғи азық-түлікпен қатар, зауыттардан шыққан дайын өнімдер де ұсынылады. Дегенмен қажет заттарды ертерек алып, кейін таусылғанына қарай толықтырып отыру үнемдірек түсері анық. Түнеуге орын іздеген туристер табиғат аясына құрылған киіз үй мен шатырлардың немесе Саты елді мекеніндегі демалыс үйлерінің арасында таңдау жасай алады.
Қайыңдыға жолыңыз жеткізіп жатса, Көлсай көлдерін де назарыңыздан тыс қалдырмаңыз.
Шетелдік қонақтар үшін:
Жекелеген тәртіптік шектеулер тоқтатылатын шекаралық аймақта орналасқан Көлсай және Қайыңды көлдеріне бару үшін арнайы рұқсаттаманың қажеті жоқ.
Десек те, азаматтығына қарамастан, әр келушіден жеке басын куәландыратын құжат талап етіледі.