Аңғар / Шатқал
Теректі әулие шатқалы
Теректі әулие – Ұлытау жерінің қадір-қасиетін еселеп тұрған ерекше нысан. Мұнда сонау қола дәуірінде тасқа қашалған бейнелердің Орталық Қазақстандағы ең құнды топтамасы сақталған.
Теректі әулие шатқалы
Теректі әулие – Ұлытау жерінің қадір-қасиетін еселеп тұрған ерекше нысан. Мұнда сонау қола дәуірінде тасқа қашалған бейнелердің Орталық Қазақстандағы ең құнды топтамасы сақталған.
Қарағанды облысындағы Теректі әулие жерінің тарихы сансыз аңыздар және жауапсыз жұмбақтармен астасып жатыр. Содан болар, мұнда жол бастағандардың барлығы дерлік – сыры ашылмаған тылсым дүниені тануға асық саяхатшылар.
Теректінің жартастағы суреттері бір-бірінен 400 метр қашықтықта жатқан екі жалпақ шоқыға салынған. Гранит тасқа қашалған жазба ескерткіштерді батыс және шығыс топқа жіктеп қарастырады. Петроглифтердің мерзімі қола дәуірінен орта ғасырларға дейінгі кезеңмен белгіленген. Мұнда жылқы, түйе, бұқа, тауешкі, арқар, бұғы сияқты аңдар бейнеленген. Сонымен қатар Күнмен байланысты таңбалар мен күйме арбалардың суреттерін кездестіруге болады. Аңшылықты көрсететін кескіндемелер де бар. Батыс шоқыдан оңтүстік-батысқа қарай орналасқан қорымның да тарихи құндылығы жоғары. Молаларға орнатылған тақтайшаларға сенетін болсақ, ішіндегі ең ерте жерлеу орындары IX-XII ғасырларға тән. Арасында Әбілқайыр ата, Жанқара ата, Жылқайдар ата, Оспан баба, Мүтәліп баба сияқты есімдер аталады. Саманнан салынған молалардан бөлек, XX ғасыр мен XXI ғасырдың басы аралығына тұспа-тұс келетін, кейінгі дәуірлерде тұрғызылған мазарлар да бар.
Туристердің басым көпшілігі көлік тұрағына, күркелерге және қорымға жақынырақ орналасқан батыс бөлікке баруды жөн көреді. Бұл маңда бұлақ маңындағы күрке сияқты, басқа да келушілерге қажетті құрылыстар жасалған.
2020-2021 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер
Қалай жетуге болады?
Жезқазған қаласынан Теректіге жеткізер бұрылысқа дейін 80 шақырым (ақпараттық тақта орнатылған). Осы жерде солтүстік бағытқа түсіп, солтүстікке қарай тағы 10 шақырым жүріп, қыстауға жету керек. Қыстаудан кейін 350 метр жерде солға (солтүстік-батысқа) бұрылып, бұлаққа дейін 1,5 шақырым, ары қарай шығыс шоқыға дейін 400 метр, батыс шоқыдағы көлік тұрағына дейін 750 метр жүріп өту керек. Жалпы жол бір сағаттан артық уақыт алады. Егер Ұлытауға Қарағандыдан келе жатқан болсаңыз, жол-жөнекей Теректі әулиеге соға кетсеңіз болады. Қарағанды жолымен Теректіге жеткізер бұрылыс арасы 450 шақырымды (жолда 5-6 сағат) құрайды.
Орналасу және тамақтану
Егер сіз автоэкспедиция құрамында саяхаттамасаңыз және шатырда түнеуді қаламасаңыз, 85 шақырым қашықтықтағы Жезқазған қаласында жетіп артылатын қонақ үйлердің біріне орналасуыңызға болады.