Ежелгі қала құрылысының жарқын үлгісі болған көне шаһар -бүгінде заманауи Шымкенттің айнымас бір бөлігі
Ерте ортағасырлық жазбалар Сайрамның алғашқы атауы - Испиджаб болғандығын дәйектейді. Сонау көне замандарда Ұлы Жібек жолындағы басты сауда және мәдениет орталықтарының бірі болған шаһардың күллі көшпелі өркениет үшін мән-маңызы аса жоғары болды. Содан болар, бұл өңірде кесенелер, киелі мазарлар, сәулет кешендері сияқты түрлі ортағасырлық ескерткіштер өте көп. Бұл қатарда, салынуы ХІІ ғасырмен белгіленген Базалақ ата мешітінің мұнарасы ерекше орын алады. Қазіргі Сайрам да баға жетпес жәдігерлерге тұнып тұрған ашық аспан астындағы мұражай іспеттес. Осынау көне қала Қазақстан тарихына қызығушылық танытқан әрбір туристтің саяхатын түрлендіріп, байыта түсері күмәнсіз.