Мешіт
Бекет ата жер асты мешіті
Маңғыстаудағы Бекет ата жерасты мешіті еліміздегі теңдессіз тарихи ескерткіш, рухани құндылығы аса жоғары киелі орын.
Бекет ата жер асты мешіті
Маңғыстаудағы Бекет ата жерасты мешіті еліміздегі теңдессіз тарихи ескерткіш, рухани құндылығы аса жоғары киелі орын.
Ел аузында «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір-Бекет» деп, ислам дінінің өркендеуіне өлшенбес үлес қосқан ғұламаларды ұлықтайтын ұлағатты сөз бар. Ғұмырын исламның дамуына арнаған қайраткер, сопылық ілімді уағыздаушы, жерін жаудан қорғаған ерен ерлігімен танылған батыр – Бекет Мырзағұлұлының есімі Ұлы дала халқына жақсы таныс. Бекет атадан мұра болып қалған 5 жерасты мешітінің бірі Маңғыстау облысының Оғыланды жерінде орналасқан. Осынау киелі орынға зиярат етіп, медет тапқандардың саны жыл сайын артпаса, кеміген емес.
Жерасты мешітінің құрылымы төрт бөлмеден тұрады. Бекет ата пайғамбар жасында дүниеден өткені белгілі. Атаның жерленген орны да осы мешіттің бір бөлмесінде. Төргі бөлмеде атаның қасиетті асатаяғы сақталған. Түпкі бөлмеге тек келіншектерге кіруге рұқсат етілген. Мұнда нәзік жандылар назымен бөлісіп, ниеттене тілек тілейді.
Бекет ата жерасты мешітінде әр келген жан жанына жай, көңіліне сая, жүрек дертіне дауа табады. Таңғажайып табиғаттың құшағынан орын тауып, жартасқа қашалып салынған ислам ордасы киелі рухани ғибадатхана емес, қазақ даласындағы сәулет өнерінің озық үлгісі.
Бекет ата жерасты мешіті жайлы бейнебаян
2020-2021 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер
Қалай жетуге болады?
Егер жаныңызда жол нұсқар жергілікті гид болса, Бекет ата мешітіне дейін кез келген көлікпен жете аласыз. Бағдардың басынан аяғына дейін жақында салынған тасжолмен жүретін боласыз. Ал сапарыңыз барысында Маңғыстаудағы басқа да, тасжолдан алшақ орналасқан көрнекті нысандарды араламақ болсаңыз, жол талғамайтын көлік мінгеніңіз жөн. Сонымен қатар жергілікті туристік агентіктердің қызметіне жүгініп, Бекет ата жерасты мешітіне зиярат етушілер тобымен саяхаттай аласыз. Әдетте мешітке апарар жол Ақтау қаласынан басталады. Ақтау мен Бекет ата жерасты мешітінің арақашықтығы шамамен 290 шақырымға тең. Жетібай елді мекені мен Жаңаөзен қаласынан өткеннен соң (Ақтау-Жаңаөзен 150 шақырым), тағы 25 шақырым жүріп, Қызылсайға жетуіңіз керек. Бұл – Бекет ата мешіті жолындағы соңғы елді мекен. Осы тұстан ары қарай бағдарыңыздың дұрыстығын көрсететін белгілер кездесіп тұрады. Ақтаудан 218 шақырым асқаныңызда оң жағыңыздан Шопан ата мешіті бой түзейді. Шопан ата Бекет атаның рухани ұстазы саналатындықтан, зияратшылар міндетті түрде бұл маңда біраз аялдап, Құран бағыштамай жолға аттанбайды. Шопан ата мешітінен кейін тағы 70 шақырым жолды еңсерсеңіз, Бекет ата мешітіне де жетесіз.
Орналасу және тамақтану
Бекет ата жерасты мешіті маңында арнайы мейманхана бар. Мұнда келген саяхатшы, зияратшылар жиналып, әркім өзімен әкелген дәмін ортақ дастарханға қойып, барлығы бірге тамақтана алады. Оған қоса мейманханада бірі ерлерге, бірі әйелдерге арналған екі түнеу бөлмесі бар. Қаласаңыз осында түнеп, болмаса Ақтауға қайтуыңызға болады.