Көл
Сибинские озера
Сібе көлдері – таудың құшағында орын тапқан, бір-біріне жақын жатқан 5 әсем айдын
Сибинские озера
Сібе көлдері – таудың құшағында орын тапқан, бір-біріне жақын жатқан 5 әсем айдын
Шығыс Қазақстан облысындағы Сібе көлдері тылсым аңыздарға толы тұңғиығы мен алуан түрлі ойын-сауыққа толы жағалауымен тартымды.
Көлдерге ең жақын қала – Өскемен. Өскеменге жақын болғанына қарай көлдерді Садыркөл, Төртқара, Шалқар, Қоржынкөл, Қаракөл деп тізбектеп айтса болады. Гранитті тау-жартастармен қоршалған көлдердің шалқарында көк аспан көрініс тауып, көз алдыңызға өзге жерде кездеспейтін көріністі келтіреді.
Сібе көлдерінің жалпы ауданы – 32 шаршы шақырым, тереңдігі – 2,5 метрден 38 метрге дейін жетеді. Жерасты және өзен сулары, жауын-шашын көлдерді толықтырып тұратын негізгі «қорек көзі» болып табылады.
Ежелден бері Сібе көлдерінің жағасы көшпелі қазаққа шұрайлы тұрақ болған. Ата-бабамыз осы маңда аялдап, барын жөнге келтіріп, тынығып, ұзақ жолын қайта жалғастырған-мыс. Аңыздардың бірінде бұл жерде ислам, христиан және будда діндері тоғысқандығы баяндалады. Оның желісіне сүйенсек, таулардың түкпір-түкпірінде әр діннің баға жетпес мұрасы жасырылған екен. Сібе көлдерінің жағалауын зер сала аралайтын болсаңыз, будда ғибадатханасының қалдықтарын көруге болады. Кей әпсаналар көлдердің бірінде алтыннан соғылған Будда мүсіні сақталғанын алға тартады.
Бүгінгі таңда Сібе көлдерінің туристерді еліктірер тартылыс күші аса қуатты. Мұнда аңыздың ақиқатын танымақ дайверлер, сирек кездесетін альмадин және қара турмалин минералдарын табуға талпынып, тасқа қашалған ежелгі суреттердің құпиясын ашпақ ізденімпаз саяхатшылар, Бәйге, Медведка, Көктау сияқты шыңдардан айнала қоршаған сұлулықтан ләззат алып, қиялын қанаттандырмақ туристер ағылып келуде.
Сонымен бірге, Сібенің шалқарын балықшылар қауымы да ерекше жақсы көреді. Көлдер сазан, шортан, торта сияқты балықтарға бай. Қыстың суығымен көл бетін қалың мұз басып, Сібе көлдері мұз астында балық аулаумен айналысатын әуесқойлар үшін таптырмас орынға айналады.
Көлдердің төңірегіне демалыс орталықтары мен қонақжайлар жеткілікті. Жағажайда волейбол, теннис, футбол, құзға өрмелеу, құздан суға секіру, арқанмен секіру сияқты спорт түрлеріне арналған алаңдар жасақталған.
2020-2021 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер
Қалай жетуге болады?
Өскемен қаласынан демалыс нысандарының басым бөлігі шоғырланған Шалқар көліне дейінгі қашықтық 85 шақырымға тең. Егер тасжолмен жүрсеңіз, бұл аралықты бір сағатта-ақ еңсересіз.
Жаз кезінде Өскемен автовокзалынан таңертеңнен бастап «Өскемен–Сібе көлдері» бағдарында автобустар қатынайды. Әдетте демалыс күндері жүретін автобустар демалушыларды 5 көлдің ең ірісі – Шалқардың жағасына дейін жеткізеді. Қалған төртеуі де бұл жерден айтарлықтай алыс емес.
Орналасу және тамақтану
Демалыс орталықтары, коттедж немесе қонақүйлерде бос бөлме бар-жоғын алдын ала қарастырып, брондап қойған дұрыс. Аталған орналастыру орындарының негізінде тамақтандыру қызметі де іске асырылады. Жылдың жылы мезгілінде Шалқар көлінің жағалауында кафе жұмыс жасайды. Өз жағдайын өзі жасап үйренген туристер көл жағасында шатыр құрып, тынығуларына болады. Тек бұл жағдайда газбен жанатын оттық алуды ұмытпау керек. Осы маңда от жағып, алау қоюға қатаң тиым салынған. Оттық пен шатырдан бөлек азық-түлікті де Өскеменнен арқалап келуге тура келеді. Болмаса, керектіні Садыркөлден үш шақырым жерде орналасқан Алғабас елді мекеніне барып, сатып аласыз. Дегенмен мұндағы таңдау аясы шектеулі екенін біле жүріңіз.