Тау / жартас
Үш ағайын шыңы
Үш ағайын шыңы – Риддердің ең жарқын белгісі, қаланың ресми таңбасына түскен басты нышаны. Тайганың төрінде бой түзеген қаланың қай тұсынан айналаңызға көз салсаңыз да қос жанарыңыз осынау үш асқардың маңғаз сұлбасына келіп сүрінгендей болады.
Үш ағайын шыңы
Үш ағайын шыңы – Риддердің ең жарқын белгісі, қаланың ресми таңбасына түскен басты нышаны. Тайганың төрінде бой түзеген қаланың қай тұсынан айналаңызға көз салсаңыз да қос жанарыңыз осынау үш асқардың маңғаз сұлбасына келіп сүрінгендей болады.
Шығыс Қазақстан облысына саяхаттап келген туристер мен риддерліктердің арасында оң жақтағы «Ағайынға» жеткізер бағыт аса танымал. Алдын ала дайындық пен арнайы шынығуды талап етпейтін жол – жексенбілік турларға мықты негіз бола алады. Бағдар тік жарлардың бойымен өткенімен, жаяу жүріске аса ыңғайлы келеді: жол бір мезгілде қайыңды тоғай, аралас және қылқан жапырақты ормандар, альпілік шалғындарды аралап шығуға мүмкіндік береді. Ағайындардың етегіне жеткеніңізде құзы құламалы, қары қалың күрделі белдеуге тап боласыз. Таудың бар сынынан сүрінбей өтіп, аңсаған шыңға жеткен сәтте жүрген жолыңыздың бар қиындығы есіңізден шығып, қоршаған табиғаттың ұлылығы санаңызды билей бастайды. Көкжиекті көмкерген жоталар, бұлақ болып басталып, өзен болып қуаттанған тау сулары, қыста мұз құрсауына түсіп, айдынына тіршілік иесін паналатпаған Өлі көл! Барлығы қосылғанда, ойыңыздан мәңгіге кетпес таңғажайып көрініс пайда болады.
Жалпы шыңдарға шығар баста бірнеше дәстүрлі бағыт өрбиді. Олар Оң және Орта Ағайын, Еңбек қорлары және Зоя Космодемьянская шыңдарына жеткізер соқпақтар. Сол Ағайынға апарар бағыттың санаттық деңгейлері болғандықтан бөлек қарастырылады. Бұл асуда альпиністік жиындардың жиі өткізілуі де содан болар.
Жаяу бағытқа оңтайлы кезең маусым мен қыркүйектің соңы аралығын қамтиды. Қыс түссе де Үш ағайынның бауырайы туристерден бос қалған емес. Бұл уақытта сноубордшылар мен шаңғышылардың аңсаған дәурені басталады.
2020-2021 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер
Қалай жетуге болады?
Бағыттың басы қаладан бес шақырым қашықтықта жатыр. Бұл жерге Риддердегі кез келген таксимен келе аласыз. Белгі орнатылған жерге дейін көлікпен жетіп, әрмен қарай керек-жарағыңызды иығыңызға асынып, жолыңызды жаяу жалғастырасыз. Негізгі жолдан далалық жол тармақталып, «Леснова» туристік орталығына дейін жетеді (орталыққа дейін жол талғамайтын көлікпен де жетуге болады), кейін қарапайым таулы соқпақ басталады.
Орналасу және тамақтану
Азық-түлік қорын Риддерде болған кезде толықтырып алған дұрыс. Бір кереметі – ішуге жарамды су арқалап әуре болмайсыз! Мұндай қажеттілік тек тамыздың соңына қарай, бұлақтар құрғап қалғанда ғана туындайды. Оған дейін мөлдір таулы бұлақтар бірімен бірі жарыса ағып, тарамдалып жатады.
«Леснова» туристік орталығымен алдын ала хабарласатын болсаңыз, бағдар бойында түнеп қалуға болады. Десек те, барлық үзілістер мен фотосессияларды қосқанда, Үш ағайын шыңына асықпай көтеріліп, қайтып оралу уақытын есептейтін болсақ, бір күннің артығымен жететінін аңғарамыз. Сондықтан тау жорығынан кейін Риддерге қайтып, бар жағдайы жасалған қонақ үйлердің немесе демалыс орындарының біріне орналаса аласыз.