Шатқал
Қапамсай борлы шатқалы
Ұзындығы бірнеше шақырымды қамтып жатқан Қапамсай борлы шатқалы Маңғыстаудағы Түпқараған үстіртінде орналасқан.
Қапамсай борлы шатқалы
Ұзындығы бірнеше шақырымды қамтып жатқан Қапамсай борлы шатқалы Маңғыстаудағы Түпқараған үстіртінде орналасқан.
Маңғыстаудың өзге де көрнекті орындары тәрізді, Қапамсай шатқалын да жергілікті гидтер мен туристік фирмалардың қызметіне жүгіне отырып немесе өздігіңізден GPS кординаттары арқылы таба аласыз. Ақтау қаласынан шатқалға дейін шамамен 135 шақырым, оның ішінде жүзден астамы тас жол болса, қалған отызы – қара жол.
Шатқалдың ақшыл сары, сұр, кей тұста аппақ түсті қабырғаларының биіктігі бірнеше ондаған метрге дейін жетеді. Шатқал түбінде ірі қойтастар шашылып жатыр.
Археологтардың пайымдауы бойынша, кезінде осынау борлы құздардың етегінде терең өзен ағып жатқан. Бүгінгі таңда өзен болмаса да, ерекше үңгір сақталып қалған. Жаңбыр суларының әсерінен үңгір төбесінде саңылау пайда болып, қалыптасқан көлеңке мен ылғалдың нәтижесінде бұл жерде шағын тоғай өсіп шыққан. Жайқалған жасыл тоғай – жансыз жартастардың төрінен орын алған әсем шұрат сияқты.
Шатқалдың көк күмбезі жыртқыш құстардың иелігінде. Ұяларын көз жетпес жыраларға жасырған қанаттылар үшін, Қапамсайда азық жеткілікті. Бастапқыда тірі жәндік мекен етпестей көрінетін шатқалда ұсақ құстар, кемірушілер мен кесірткелер тіршілік етеді. Мұның барлығы зейінді саяхатшының назарынан тыс қалмақ емес.
2020-2021 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер
Қалай жетуге болады?
Мінісіңізге жол талғамайтын көлік таңдап, жергілікті гидті серік қылсаңыз, шатқалға өздігіңізден-ақ жете аласыз. Болмаса, турагенттіктер арқылы ұйымдасқан топтың құрамында саяхаттауыңызға болады. Арақашықтық айтарлықтай алшақ болмағандықтан, Қапамсайға жасар сапарды жексенбілік тур ретінде өткізген ыңғайлы. Оған қоса, жол-жөнекей осы өңірдің өзге де көрнекті орындарын шолып өтуге керемет мүмкіндік туындайды. Мысалы, шатқалдан солтүстік-шығысқа қарай 7,5 шақырым қашықтықта «Шақпақ ата» жерасты мешіті мен қорымы бар, 30 шақырымдық жерде шар тәрізді конкрециялар алқабы – Торыш орналасқан.
Орналасу және тамақтану
Керек-жарақтың барлығын, бастысы суды, Ақтаудан алып жүрген дұрыс. Шатқалдан шамамен 35 шақырым қашықтықта, Маңғыстаудағы танымал туристік жолдардың тоғысында «Көгез» этноауылы тігілген. Қаласаңыз осында аялдама жасап, ауқаттанып алуыңызға болады. Ал қонып қаламын десеңіз, алдын ала тапсырыс беруге тура келеді.