yandex alt

menu

Логотип Kazakh  tourism

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Логотип Kazakh  tourism

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Аңғар / Шатқал

Қиынкеріш шатқалы

Қазақ даласының ұлан-ғайыр сахарасында өшпес отқа оранған тылсым алқап бар. Бұл – таңғажайып Қиынкеріш.

Жататын уақыт

Жататын уақыт

2 күн

Бағыттың құны

Бағыттың құны

Орналасу орны

Орналасу орны

Шығыс Қазақстан облысы

Қиынкеріш шатқалы

Қазақ даласының ұлан-ғайыр сахарасында өшпес отқа оранған тылсым алқап бар. Бұл – таңғажайып Қиынкеріш.

Қиынкеріш қызыл-қоңыр шөгінді жыныстардан түзілген төбелерімен белгілі. Шатқал Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданында, Өскемен қаласынан шамамен 315 шақырым қашықтықта орналасқан.

Қиынкеріштің адам сенгісіз кереметінен бұрын, сол кереметке жеткізер жолдың өзі – ерекше құбылыс. Бұқтырма су қоймасынан пароммен жүзіп өткендегі әсердің өзі неге тұрарлық! Өскемен қаласынан мұндағы Қызыл Ту өткеліне дейін 168 шақырым. Айдынның екінші жағына жетіп, паромнан түскен соң да, бірден көлікке мініп, сапарыңызды жалғастыруға асықпаңыз. Бұқтырманың суы жылы, жағалауы жайлы! Сергіп, жақсылап бой жазып алуыңызға болады.

Келесі жетер жеріңіз – Күршім елді мекені. Оған дейін 60 шақырым. Күршімде барынша керек-жарақ заттарыңызды түгелдеп, су, азық-түлік, жанармай қорларын толықтырып алғаныңыз жөн. Бұдан әрі заманауи өркениеттің игіліктері жоқтың қасы.

Ендігіде Күршімнен шатқалға дейін 100 шақырым жол қалады (80 шақырым – тас жол, 20 шақырым – жақсы тегістелген сазды жол). Жол-жөнекей ешқандай белгі қойылмаған. Сар даланың төрінде тас жалынға оранған Қиынкерішті табу үшін олардың қажеті де шамалы. Ені 1,5 шақырым, ұзындығы 3 шақырым болатын шатқал алыстан-ақ көзге түседі.

Мұнда шөлді қандырар тұщы су да, қуатты күннен бой тасалар көлеңке де жоқ. Жаздың күні ауа температурасы 40 градустан жоғары болмаса, төмен болмайды. Әйтсе де, бұл қиындықтар – қайталанбас әсерге кенеліп, таңқаларлық суреттер жасап, ұмытылмас естеліктер сыйлар саяхат үшін лайықты төлем.

Осы орайда, Табиғат-Ананың қазақ даласына деген жомарттығы танылады. Отты көріністер мен аптап ыстықтан кейін біраз қашықтықты еңсерсеңіз, Зайсан көлінің мөлдір шалқарына жетіп, жаныңызға сая табасыз!

Қиынкеріш шатқалы жайлы бейнебаян


2020-2021 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер

Қалай жетуге болады?

Жеке саяхаттағыңыз келсе, «алаулаған алқапқа» өз автокөлігіңізбен жете аласыз. Ал жолдың қамын тәжірибелі мамандарға тапсырғанды жөн көрсеңіз, Өскемен қаласындағы туристік фирмалар ұйымдастыратын 2-3 күндік турларға қатысуға болады. Сапар барысында шатқалдан 20 шақырым жерде орналасқан Қиынкеріштің «інісі» - Шекелмес мүйісіне баруды да естен шығармаңыз. Осынау тылсым орынның келушісіне жасырған жұмбақтары аталған Шекелместің төрінде шешімін табуы әбден мүмкін.

Орналасу және тамақтану

Қиынкерішке жақын маңда түнеп қалғыңыз келсе, келесідей екі ұсынысымыз бар: Зайсан көлінің жағасындағы Шекелмес мүйісінде шатыр тігіп, табиғат аясында тынығу немесе аудан орталығы болып табылатын Күршім елді мекеніндегі қонақ үйлердің біріне орналасу. Соңғысын таңдасаңыз, жергілікті тарихи-өлкетану мұражайына барып, осы өңір жайлы көрген-білгеніңізді еселей аласыз!