menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Ежелгі қала

Мартөбе қалашығы

Дала парламентінің негізі қаланған Мартөбе мекені қазақ тарихындағы талай маңызды оқиғаға орда болған қасиетті жер.

Жататын уақыт

Жататын уақыт

Бағыттың құны

Бағыттың құны

Орналасу орны

Орналасу орны

Шымкент

Мартөбе қалашығы

Дала парламентінің негізі қаланған Мартөбе мекені қазақ тарихындағы талай маңызды оқиғаға орда болған қасиетті жер.

Мартөбе қалашығын Шымкенттің шет жағындағы Сайрам елді мекенінен шығысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан Қарамұрт ауылына барар жолда табасыз. Тарихшылардың зерттеуіне сенсек, дәл осы Мартөбеде Тәуке хан дала заңдарының қағазға түскен алғашқы жинағы ретінде танылған «Жеті жарғыға» мөрін басқан.

Атам заманнан Мартөбеде қазақ руларының ақсақалдары бас қосып, құрылтай өткізген. Ел мен жердің мәселесі, қыстау мен жайлаудың жөні дәл осы маңда біржақты болып, шешімін тапқан. Руаралық даулар да осы Мартөбе шешіліп, араздық пен татулықтың аражігі ажыратылған. «Қазақ халқының тұңғыш парламенті» деп Мартөбенің мәртебесін асырудың салмақты себебі – осылар.

Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Қазақ хандығының саяси, экономикалық жағдайын тұрақтандырып, тұрмыс-тіршілігін реттеуге бағытталды. ХVII ғасырдағы қазақ қоғамының мұң-мұқтажын анықтап, Ұлы даладағы әділдіктің айғағына айналған «Жеті жарғы» өз заманындағы заңнаманың озық үлгісі ғана емес, ғасырдан ғасырға ақиқат екенін дәлелдеп, ұрпақтан ұрпаққа аманат болған қазақы қағидалардың құнды жинағы болып табылады.

«Жеті жарғы» үш жүздің бірлігін бекем етіп, руаралық қақтығыс-келіспеушілікке тегеурін болды. Заң аясында ру арасында жерді үлестіру, отау құру мен ажырасу, ерлі-зайыптылардың міндеті, отбасы мүшелерінің меншік құқығы, жауынгерлік борышты өтеу сияқты аса маңызды мәселелерді шешу жолдары қарастырылған.

Әз-Тәукенің қазасы қазақ сахарасына ауыр тиді: арасы бүтін, бірлігі бекем Қазақ хандығы кіші хандықтарға бөлініп, ұлы хандық ыдырай бастады. Бүгінде тарихымыздың тағылымды тарауын жазып, Қазақ хандығының күшеюіне өлшенбес үлес қосқан кемеңгер ханның атымен даңғылдар мен көшелер аталып, әз-Тәукенің алып тұлғасын бейнелейтін еңселі ескерткіштер орнатылған. Ер есімі – ел есінде екеніне ең қатал сыншы – Уақыттың да таласы жоқ.

Мартөбенің маңызын зерттеуге негіз еткен алғашқы ғылыми экспедиция 1978 жылы ұйымдастырылды. Қазақстандық зерттеуші-археолог Николай Подушкиннің жетекшілігімен Шымкент педагогикалық институтының археологиялық тобы жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде төбенің тегін төбе еместігі, бұл жерде көне қалашық болғандығы расталды. Қалпына келместей қираған қалашықтың болғандығын білдіріп тұрған аласа төбе ғана еді. Жақында Мартөбенің маңы абаттандырылып, жүргінші жолдар салынып, бар қазақстандықтың ортақ шаңырағын бейнелейтін киіз үйдің темір мүсіні қойылды.

2021-2022 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер

Қалай жетуге болады?

Мартөбе қалашығы Түркістан облысындағы Сайрам өңірінде орналасқан. Бұл жаққа Шымкенттегі сапаржайлардың маңында жетіп, артылатын таксимен немесе автобустардың бірімен жете аласыз. Сапарыңызды ұйымдастыру жағын жергілікті турфирманың біріне тапсырсаңыз, Мартөбеден бөлек, көне Испиджапты да аралап қайтатын боласыз. Білмесеңіз, біле жүріңіз: ортағасырларда Сайрам Испиджап деп аталған.

Орналасу және тамақтану

Бүгінгі Сайрам жыл өткен сайын жиегін кеңейтіп жатқан Шымкенттің шет жағындағы аудан болып саналады. Сол себепті қонуға Шым қаланың өзіне қайтқан дұрыс. Ыңғайыңызға қарай сапаржайларға жақынырақ орналасқан «Достық» не «Ордабасы» сияқты қонақүйлердің біріне жайғасуыңызға да болады.

«Сайрамның самсасын жеген де арманда, жемеген де арманда» демекші, бастысы Сайрамнан қарныңыз тоқ күйде қайтыңыз.