menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Көл

Радонды көл

Кенді Алтай – қойнауы қазыналы, бауырайы – шұрайлы өлке. Тау самалы, мөлдір бұлақтар жаздың аптабынан сая іздеген жанның аңсағанын алдына келтіреді. Құрамына қарай «Радонды» аталған Подбелковое көліне жетер жолдың өзінде бір бұлақты жеті рет кезіктіресіз!

Жататын уақыт

Жататын уақыт

1 күн

Бағыттың құны

Бағыттың құны

Орналасу орны

Орналасу орны

Шығыс Қазақстан облысы

Радонды көл

Кенді Алтай – қойнауы қазыналы, бауырайы – шұрайлы өлке. Тау самалы, мөлдір бұлақтар жаздың аптабынан сая іздеген жанның аңсағанын алдына келтіреді. Құрамына қарай «Радонды» аталған Подбелковое көліне жетер жолдың өзінде бір бұлақты жеті рет кезіктіресіз!

Радонды көл (Шығыс Қазақстан облысы), шамамен Риддер қаласынан 30 шақырым және Поперечное ауылынан 11 шақырым жерде, Иванов жотасы, Ворошилов шыңының (2776 м) етегінде орналасқан.

1975 жылы Иванов жотасында алтынға серік металдар табылып, барлау және алтын өндіруге арналған ұңғыма ашылды. Қазба екі мың метр тереңдікке жеткен сәтте жұмысшылар жартас арасынан шыққан аса қуатты су ағынына тап болған. Нәтижесінде барлық басталған жұмыстар тоқтатылған. Алтын табу мүмкін болмаса да, алтындай құнды шипалы су көзі осылай анықталған болатын.

Көл бұлақтарының да табиғаты бөлек. Табиғатта гранит бар жерде пайда болатын салғырт газ – радонмен араласқан жерасты сулары құнды емдік қасиетті иеленеді екен. Осындай көлді қоректендіретін бұлақ ұңғымадан ағып шығып, ғайып болады. Ондағысы: тастар арасымен өтіп, көлге жер астынан барып құятындығы. Көлден бастау алатыны да жер астынан шығып, әрмен қарай төменге түседі.

Көлге апарар бағыт-бағдар Поперечное ауылынан басталып, кезінде геологтар салып кеткен жолмен өтеді.

Жолдың үштен екі бөлігі айтарлықтай қарапайым келеді. Жоғарыда аталған, жерастынан бастау алған бұлақты жеті рет кесіп өтсеңіз болғаны. Суы ішуге жарамды екенін айта кету керек. Ал жолдың шартты үш бөлігінің соңғысы – ең күрделі. Көлге жаяу жетпек туристер үшін де, көлікпен көтерілмек тәуекелшіл саяхатшылар үшін де. Мұнда бұралаң тау жолдары басталады, шөл қандырарға да су табылмайды.

Тиісті шақырымдар артта қалған кезде, қызығы мен қиындығы алмасқан жол сізді таңғажайып табиғаттың құшағына тапсырғанын түсінесіз! Көлдің бір бетінен бұлақ пен толқынды қиялармен жоғарғы көлден аққан сарқырама көрінсе, екінші бетінен аумағында туристер тұрағы жасақталған, балқарағай тоғайы бой көрсетеді. Су құрамындағы минералдар айдынға көгілдір рең сыйлап, ерекше тартымды етеді.

Егер де саяхатыңыздың ауқымын кеңейтіп, Ворошилов шыңына шығып, сарқырамаға жетуді қаласаңыз, гидтің көмегіне жүгінген абзал. Мұндағы таулы бедермен таныс емес саяхатшылар үшін жергілікті нұсқаушысыз жорық жасау аса қауіпті.

Көлге келуге жақсы кезең: шілденің соңынан тамыздың соңына дейін. Судың ең жылы деген күйі 12 градус қана. Дегенмен, тау суының қуатына бойлап, сергіп алудан тартынбаңыз!

Радонды көлі жайлы бейнебаян


2020-2021 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер

Қалай жетуге болады?

Риддерден Поперечное ауылына дейін такси қатынайды. Ары қарай гидті жолсерік етіп, жаяу жетуге кеңес береміз. Шамамен есептегенде, шынықпаған адам Радонды көлге көтерілуі үшін 6 сағат, түсуі үшін 3 сағат жұмсайды. Жолыңызға газбен жанатын оттық алуды естен шығармаңыз! От жағуға қатаң тиым салынғандықтан, тамақты дәл сол газды оттыққа пісіруге тура келеді.

Жол талғамайтын көлік іздесеңіз, жергілікті турфирмалардың көмегіне сүйене аласыз.

Орналасу және тамақтану

Сапарыңызға керек деген дүниенің барлығын Риддерде сатып алып, Поперечное ауылына жеткенде тек толықтыратындай қамданып алған жөн. Түнеу орны ретінде ауылдағы демалыс үйлері мен Риддердегі қонақ үйлердің арасында таңдау жасай аласыз.