menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Өзен

Каспий лотостары

Жыл сайын Каспий жағалауына таяу маңда лотос гүлдеп, айдын әсемдігі еселене түседі. Бұл - жаратылысынан ерекше тропикалық гүлдердің таралу аймағының қиыр солтүстігі екен.

Жататын уақыт

Жататын уақыт

2 күн

Бағыттың құны

Бағыттың құны

Орналасу орны

Орналасу орны

Атырау облысы

Каспий лотостары

Жыл сайын Каспий жағалауына таяу маңда лотос гүлдеп, айдын әсемдігі еселене түседі. Бұл - жаратылысынан ерекше тропикалық гүлдердің таралу аймағының қиыр солтүстігі екен.

Лотостар Ресеймен шектесіп жатқан Құрманғазы ауданында, Қиғаш және Шароновка өзендері арналарының Каспий теңізіне құяр сағасында гүлдейді.Тамырын жерде, сабағын суда жасырған өсімдіктің нәзік гүлі ғана көл бетінде қалқып, көз көргеннің қуанышына айналады. Гүлдеу уақыты: шілде – тамыз айлары.

Лотос алқабына жеткізер сапардың өз қиындықтары бар. Бастапқыда нашар жолмен Атыраудан 300 шақырым, кейін су бетімен бірнеше шақырым жолды еңсеруге дайын болу керек. Соңғысы шамамен 40 минутке созылады. Десек те басы – қатты, соңы – сәтті сапар боларына еш күмәнданбаңыз! Себебі, мұндағы сирек кездесетін әдемілікті тамашалау – тек нағыз тайсалмас туристердің бағына бұйырар олжа. Будда ілімінде лотос тазалықтың, жарықтың белгісі. Қазақ халқы да осы гүлден көрініс тапқан табиғат даналығын байқап, лотосты «шамгүл» атап кеткен екен. Шынымен де, лас су мен ми батпақтың арасында жерге біткен лотостар мінсіз, пәк кейіпте гүлдеп, әсем «шамдарымен» айналасына сұлулық нұрын шашып тұратындай. Лотостың Каспий өңіріне қалай келіп, қалай жерсініп кеткенін түсіндіретін болжамдар жетерлік. Негізгі нұсқалардың біріне сүйенсек, лотостар Ұлы Жібек жолы өрлеп тұрған дәуірде Үндістан мен Қытайдан әкелінген. Жергілікті саудагерлер сапарлары барысында бұрын соңды көрмеген гүлдің сұлулығына тамсанып, өз жерлеріне тылсым өсімдіктің тұқымын ала барған. Қазақ жеріне әкелінгенінен бөлек, өсіп-өнуіне қолайсыз ауа райы жағдайында лотостың сақталып қалуы да ерекше таңқаларлық құбылыс.

Десек те, лотос Атырау облысының осынау бөлігіндегі жалғыз керемет емес. Көркем көріністер, тырна, аққу, құтан, қарабай, үйрек сияқты су жағасын мекендейтін құстардың көптігі, балыққа бай айдындар – табиғат аясында ұмытылмас демалыс өткізуге жақсы мүмкіндік береді.

2020-2021 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер

Қалай жетуге болады?

Көлігіңіз болса, белгіленген аймаққа Атырау-Астрахан тас жолымен жетуіңізге болады, немесе туристік фирма ұйымдастыруымен өтетін «Лотос гулдеуі» эко-турына қатысуды қарастырып көріңіз. Екі жағдайда да Ганюшкино ауылы Қиғаш өзенінің саласына дейін 300 шақырым, ары қарай лотос алқабына бірнеше шақырым қайықпен жүзіп өтуге тура келеді.

Орналасу және тамақтану

Ганюшкино ауылының маңында орналасқан демалыс орталықтарының бірін таңдап, орналасу мен тамақтану мәселелеріне алаңдамасаңыз болады. Туристік фирма ұсынған эко-тур құрамында саяхаттасаңыз, тур бағасында бұл қызметтердің де құны қамтылады. Мұндағы қонақжайлылықтың бір құпиясы бар: қонақ болып жатсаңыз, тіл үйірер балық сорпасы мен жаңа ауланып, қуырылған балықтан дәм татпай кетпейсіз!