KazTourism
Көл

Қарынжарық ойпаты

Қарынжарық ойпаты – Үстірт қорығындағы ең тартымды табиғи нысандардың бірі.
Time left

Time to visit

3 сағат

Time left

Visit cost

Free

Time left

Location

Манғыстау облысы

Қарынжарық ойпаты

Қарынжарық ойпаты – Үстірт қорығындағы ең тартымды табиғи нысандардың бірі.

Маңғыстау облысы табиғатының кереметін танытатын ерекше нысандардың қатарында теңіз деңгейінен 75 метр төмен орналасқан Қарынжарық ойпанының орны бөлек. Үстіртті Маңғышлақтан бөліп тұрған батыс төбесінің бөктерінде жатқан Қарынжарыққа жол тартар бірден бір кезең – көктем. Жылдың өзге маусымында саяхаттауды қаласаңыз да, айтарлықтай кедергі жоқ. Бастысы: жауыннан кейінгі уақытқа дөп түсуге тырысыңыз. Себебі сол кезде көз алдыңызда таңғажайып көрініс пайда болады. Биіктігі 150 метрге жететін Өнере жұрнақ тауларының етегінде Кендірлі сорының айнадай болған айдыны жарқырап шыға келеді. Кендірлі сорының солтүстігінде Қарамая тауы менмұндалап тұрса, оңтүстігінде сорға Өнере бұлағы келіп құяды, жақын маңда бұлақпен аттас жұрнақ таулар орын тапқан. Жалпы Өнеренің 5 тауы бар. Ішіндегі іргелес үшеуі халық арасында «Үш ағайынды» не «Үш батыр» аталып кеткен.

Қарынжарық ойпаты – фотографтардың аңсары ауып, жетуге ұмтылар орын. Дегенмен ең озық камераның өзі бұл өлкенің тылсым сұлулығының алдында қауқарсыз болып қалады. Бұл – заңдылық та шығыр. Себебі саяхат сыйлар ұмытылмас естеліктер мен әсерлерді мың даналап қағаз бетіне түсіргенімен, олар мәңгіге сақталар ең сенімді сандық – жиһанкездің жүрегі болып қала бермек.

Қарынжарық ойпаты жайлы бейнебаян


2020-2021 жж. кезеңінде қажет болар кеңестер

Қарынжарық ойпаты Үстірт қорығының аумағында орналасқандықтан, бұл нысанға жетпек болсаңыз жаныңызға жолсерік-инспектор еріп жүруі қажеттігін ескеріңіз. Алдымен Үстірт қорығының ресми сайтындағы ақпаратпен танысып шығып, сапарыңыздың ұзақтығы мен мерзімін нақтылап алыңыз. Барлығын толық жоспарлап қойғаныңызға көзіңіз жеткенде ғана жолға шығуға бел бусаңыз болады. Қорық аумағында өз көлігіңізбен, болмаса қорықта жалға алынған көлікпен жүруге рұқсат берілген. Қорық кеңсесін Жаңаөзен қаласынан таба аласыз.

Қалай жетуге болады?

Қарынжарық ойпаты мен жалпы оған жақын аймақ Ақтау қаласынан 350-370 шақырым қашықта жатыр. Оның ішінде Ақтау–Жаңаөзен бағытында 150 шақырым, ары қарай Қарынжарық ойпатының өзіне дейін 140 шақырым жүруіңіз керек. Қалған шақырымдар – ойпат түбінен төбеге көтерілгендегі жолыңыз. Төбе қиырынан Өнере жұрнақ тауларына әсем көріністер ашылады. Үстірт қорығы ұсынатын туристік бағдарлардың Қарынжарық ойпатына жеткізер бірі осы жұрнақ тауларға сәйкестендіріліп «Өнере» деп аталған. Бұл бағдарды таңдасаңыз, қорықтың жолсерік-инспекторы сізбен міндетті түрде еріп баруы тиіс. Өз ісінің маманы бұл өлкенің әр бұрылыс-қиылысын жақсы танитындықтан, бағдар барысында керемет нұсқаушы болып, саяхатыңыздың сәтті өтуіне септігін тигізеді.

Орналасу және тамақтану

Керек-жарақ пен ас-суды толықтай Ақтау немесе Жаңаөзен қалаларында сатып алып, қамдап қойғаныңыз жөн. Саяхат барысында шатыр тігіп түнеуге тура келетіндіктен, өз-өзіңізді толықтай қамтамасыз етуге дайын болыңыз.

on map

Tourist attractions