menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Көл

Арал теңізі

Аралдың айдыны – адамзаттың бейберекет әрекеті мен оның қасіретті салдарын әйгілеп тұрған Жер бетіндегі жазылмас жара іспеттес

Жататын уақыт

Жататын уақыт

1 күн

Бағыттың құны

Бағыттың құны

Орналасу орны

Орналасу орны

Қызылорда облысы

Арал теңізі

Аралдың айдыны – адамзаттың бейберекет әрекеті мен оның қасіретті салдарын әйгілеп тұрған Жер бетіндегі жазылмас жара іспеттес

Арал теңізі – Қызылорда облысында орналасқан ірі айдын. Бұрыңғы толқынған теңіз қазірде тұзды шөлге айналып келеді. Дегенмен Табиғат-ананың құдіреті сонда: жыларман халде болса да сыр-сұлулығы сарқылмастай көрінеді. Аясы тарылған Аралдың маңында өзге өңірде кездеспейтін ерекше көркемдік орнаған. Құмды дала, елсіз өлке, шексіз аспан және көз жеткізбес көкжиек! Бұл тылсым көріністердің астарында ауыр апат пен амалсыз тыныштық жатыр. Шарасыз шегініп бара жатқан Аралдың адамзатқа айтар назын «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» деген мақал баяндап тұрғандай. Мақалда айтылған ойды өмірімізге өріп қарайтын болсақ, ғасырдың табиғи қасіретін көзбен көріп, ой елегінен өткізу, тілсіз табиғаттың айтарын естіп, дұрыс әрекетке көшу әрқайсымыздың бүгініміз бен ертеңіміз үшін аса маңызды екенін жоққа шығара алмаймыз.

Бізге жеткен Арал екі шартты аймаққа – Үлкен Арал және Кіші Арал деп бөлінген. Көлде фотосинтез жүргізуге қабілетті фитопланктонның бірқатар түрі тіршілік етеді. Мұнда суға шомылып жүргендер көп кездесе бермейді. Кездескен күннің өзінде, көбісі ағзасының қыр-сырын жақсы таныған, тұзды судан шипа іздеп, сауығуды мақсат етіп келген адамдар.

Туристер үшін шөл арқылы өтетін арнайы джип-турлар ұйымдастырылады. Саяхат барысында Аралдың аралдарын да аралап қайту мүмкіндігі бар. Жалпы ерекше есте қаларлық орындар ішінде Возрождение аралы мен келмеске кеткен кемелер алқабын айтуға болады. Әрбірінің қайталанбас оқиғасы бар.

Аралдың көріністерін Аралдан алшақтағы көрермен бірнеше мәрте тамашалап үлгерген. Бұл қатарда Рашид Нұғмановтың Виктор Цойдың қатысуымен түсірілген «Игла» фильмі, әлемдік танымалдылыққа ие британдық «Pink Floyd» рок-музыканттар тобының «Louder than words» әніне түсірілген бейнебаяны бар. Әйтсе де көгілдір экран шынайы көріністі толықтай көрсетіп, жүрекке жеткізбесі бар емес пе. Жаңа сапар, болмаған саяхатқа жақсы бастама!

Айтып-айтпай не керек, Арал өңірінде шешімін таппаған мәселе көп. Десек те, жарқын болашаққа үміт берер жақсы жаңалықтар да жоқ емес. Әлем жұртшылығы немқұрайды қарай алмаған Аралдың тауқыметін жеңілдетіп, жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар мен шаралар іске асырылып, жылдан-жылға қуантарлық нәтиже көрсетуде.

Қажет болар кеңестер

Қалай жетуге болады?

Аралға барар жоспарыңыз болса, Алматы, Қызылорда, Қарағанды қалаларындағы туристік агенттіктердің қызметіне жүгінуіңізге болады. Ең ыңғайлысы автоэкспедиция немесе джип-тур құрамында жүру.

Жол қиындықтарына қарамастан жолға оңаша шығуға бекінсеңіз, Аралға жақындаған сайын үйреншікті ортадан алыстайтыныңызды естен шығармаңыз. Сапарыңыз сәтті өту үшін жаныңызға жолсерік болар гид немесе қолыңызда GPS координаттар орнатылған навигатор болғаны жөн. Жүксалғышыңызға артық дөңгелек, баллон және өзге де құрал-жабдықтарды алдын ала тиеп, дайындап қойыңыз. Аралға жеткізер жол әдетте Арал қаласынан басталады.

Орналасу және тамақтану

Теңізге қарай жолға шығардан бұрын, саяхатқа қажеттінің барлығын қамдап қоюға кеңес береміз. Арал маңында қонақүй, дәмхана, дүкен сияқты өркениет табыстары табылуы екіталай. Шатыр құрып түнеу керек болады. Болмаса, Арал қаласына оралып, сондағы қонақүйдің біріне тоқтай аласыз. Сонымен қатар Арал жағасында ұялы байланыс та жоқ. Өркениеттен алыстағаныңызбен, жұлдызы жарқыраған шексіз аспанға жақындай түсесіз, шарасыз Аралмен сырласып, мұңын бөлісіп, өз шеріңізді де тарқатып аласыз. Саяхатта бұдан артық игілік бар ма?!