menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ даласының үш жауһары, немесе Қазақстандағы саяхатты неден бастаған дұрыс?

  • Қалалар

Бұл үш шаһар – саяси ағымдар мен мәдени ой-өріс үйлесім тапқан орталық, барлық туристік бағыттар тоғысқан тоғыз жолдың торабы. Сол себепті де, Қазақстанмен танысуды дәл осы қалалардан бастаған абзал.

Астана – Еуразия кеңістігіндегі ең жас астана. Ширек ғасырда бой көтерген елордамыз қазақ халқын күллі әлемге танытып, еліміздің өткені мен бүгінін ұштастырды, келешекке деген мақсат-мүдделерімізді айқындады. Алматы – атауынан-ақ алманың иісі аңқитын, жасыл желекке бөленген заманауи қала. Демалысын Табиғат-Ананың құшағында өткізуге асық турист үшін, Алматы - таптырмас мекен. Бір жағы асқар Алатаудың бауырайы болса, екінші жағы дала бозторғайы әнімен тербеген құмды шөлдер мен шатқалдар. Шымкент қаласы, өз кезегінде, қазақ тарихы пен мәдениетінен сыр шертетін ескерткіштер мен көрнекті орындарға тұнған қазына. Бұл өңірде көшпенділердің өткеніне саяхат жасап, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен жақын таныса аласыз.
Енді аталған қалалардың әрқайсысына жеке тоқталып өтсек!

Бірінші жауһар – Астана


Астана төрт құбылаға бірдей ашық, Еуразия жүрегінде қанат жайған елордамыз, Қазақстанның бас қаласы. Нұр-Сұлтан қонақтары үшін қаланың ерекше бейнесі мен қайталанбас сәулеті, халықаралық деңгейдегі түрлі мәдени және іскерлік іс-шаралардың өткізілуі айрықша тартымдылыққа ие. Дәл осы жерде бар әлемді қазақ шаңырағы астында табыстырған EXPO-2017 халықаралық көрмесі өтті. Кезекте 2019 жылдың қыркүйек айында өткізілетін Халықаралық Pata Travel Mart 2019 туристік сауда көрмесі тұр. Аталмыш іс-шаралар Қазақстанның атақ-абыройын еселейтіні айқын.

Сонымен қатар, Астанада Шығыс Еуропадан Қиыр Шығысқа дейінгі аралықтағы бар түркі халықтарын біріктіруге қауқарлы Халықаралық көшпелі мәдениет орталығын құру бойынша іргелі жұмыстар жүргізілуде. Мұның барлығы астанамыздың сырт келбетіне айтарлықтай әсер етіп, елімізге түркі тілдес халықтар өкілдерінің көптеп келуіне септігін тигізеді.

Заманауи еуропалық тиянақтылықпен ұсынылған шығыстың талғампаз шырайы әлемнің ең суық астаналарының біріне келген туристің таңданысына негізді себеп тудырады. Баршаға жақсы мәлім қатал ауа-райы жағдайына қарамастан, астана әрдайым өз қонақтарын құшақ жая қарсы алады.

Астанада қашан да пайдалы да көңілді уақыт өткізуге болатын көрнекті орындар көп. Соның ішінде ерекше ықыласқа ие:

«Бәйтерек» ұлттық монументі. Үкіметтік ғимараттардың кешеніне жақын орналасқан «Бәйтерек» («Өмір ағашы») ата-бабамыздың дүниетаным түсінігімен тығыз байланысты. Оған арналған көптеген аңыз - әңгімелер бар, олар жайлы экскурсоводтар толық баяндап береді. Бәйтерек «діңгегіндегі» лифтпен сіз күнді бейнелейтін шарға көтерілесіз. Осы жерден астана мен оны қоршаған дархан даланың керемет көріністеріне куә бола аласыз.


«Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені. Бұл – екі гектар жерде орналасқан Қазақстанның шағын көшірмесі.


Әзірет Сұлтан мешіті. Мешіт бір мезетте саны 10 мыңға жететін келушілерді қабылдай алады. Күмбездерінің биіктігі 51 м. Бұл – Қазақстандағы ең биік мешіт күмбезі. Құрылыс кеш батысымен әр қабаты жарықтандырылатын, биіктігі 77 метрлік 4 мұнарамен жабдықталған.

«Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы. Қазақстан тәуелсіздігі символының биіктігі 20 метр. Ол өзінің мүлтіксіз өлшемдерімен ерекшеленеді. Қақпа сәулеттегі «алтын қима» заңдылығына сай салынған. Іргетас текшелері мүсіндермен безендірілген болса, қақпа ішінде Нұр-Сұлтан қаласы тарихын бейнелейтін суреттер мен сенсорлық ақпараттық киоскілер орнатылған. Сонымен бірге қақпаның арнайы шолу алаңы бар.

«Нұр Әлем» болашақ энергиясы мұражайы. Мұражай EXPO-2017 көрмесі мұрасының жарқын көрінісі. Бұл диаметрі 80 метрді құрайтын сфера қалыпында салынған әлемдегі жалғыз ғимарат. Ғимарат 8 қабаттан тұрады. Әрқайсысы бір тақырыпты қамтиды: «Болашақ Астана», «Ғарыш энергиясы», «Күн энергиясы», «Жел энергиясы», «Биомасса энергиясы», «Кинетикалық энергия», «Су энергиясы» және сфера негізіндегі «Ұлттық павилион».


Мұражай келушілері астанадағы экологиялық энергетика интеграциясына арналған тың жобалармен таныса алады. Аталмыш жобалар су, күн, жел күшін қолдануға негізделген. Жалпы ғимараттың өзін электр қуатымен дыбыссыз екі жел генераторы және күн модульдері қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы. Мұражай еліміздің тағылымды тарихынан сыр шертіп, оны танып-білуге, көруге, сезінуге керемет мүмкіндік береді.


Елорда қонақтарының уақыты артылып, қаладан шетке шығуды қаласа Щучье-Бурабай курорттық аймағына баруға кеңес береміз. Ақмола облысының інжу-маржаны саналатын бұл демалыс аймағы өзінің керемет табиғи-климаттық жағдайы, бай емдік-рекреациялық қоры, қолайлы географиялық орны, трансмемлекеттік теміржол және автомобильдік магистральдардың болуы арқылы сіздің демалысыңызды қолжетімді, пайдалы әрі қызықты етері сөзсіз.

Ақмола облысында үш мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ орналасқан: «Көкшетау», «Бұйратау», «Бурабай». Одан бөлек, ЮНЕСКО табиғи мұралары қатарына енгізілген Қорғалжын қорығын атап өту керек. Аталған табиғи нысандар азды-көпті дәрежеде туристерге ашық. Мысалы, туристер арасында Нұр-Сұлтаннан 130 шақырым қашықтықтағы Қорғалжын қорығына ұйымдастырылатын жексенбілік турлар үлкен сұранысқа ие. Қорықтың айрықша белгісі – құстар. Қорғалжын Сарыарқа төріндегі құстар аралы іспеттес. Мұнда қанаттылардың 100-ден аса түрі мекен етеді: қызғылт қоқиқаз, бұйра бірқазан, тартақ, дала қаншыры, шырғалақ, қара және ақ қанатты бозторғайлар және т.б. Сүтқоректілердің ішінен ақбөкен, дала суыры, саршұнақтың бірнеше түрі, түлкі сияқты жануарларды кездестіруге болады.

Мұндай экологиялық турлар Қазақстандық биологиялық әртүрлілікті сақтау ассоциациясымен ұйымдастырылады. Гид ретінде көбінесе арнайы биологиялық білімі бар ғылыми қызметкерлер еңбек етеді.

Екінші жауһар - Алматы


Алматы – бір көргеннен саяхатшының жүрегін баурап алатын, мәңгі жасыл қарағай ормандарымен танымал Іле Алатауының құшағындағы бақ-қала. Бұл шаһар өзінің ауқымдылығымен таңдандырады: зәулім заманауи ғимараттар, ұшы-қиыры жоқ гүлге оранған саяжолдар мен даңғылдар, аппақ бөрік киген Қарт Алатаудың көз жетпес шыңдары.

Бірақ Алматының сұлулығы мен жайлылығын көпті көрген ескі көшелерсіз, кішігірім үйлер мен түрлі ерекше талғамды орындарсыз, яғни шоу-румдар, мейрамханалар, кафелерсіз елестету мүмкін емес. Кең даңғылдар қашан да кісіге лық толы, шулы, еліміздегі ең табысты қаланың қарбаласын бірден сездіретін қарқынды болатын болса, ескі көшелер орамдары әрдайым тыныштық сыйлап, беймарал күйге бөлейді. Жаңа дайындалған кофе, шоколад, тәтті тоқаштардың иісіне еріп келіп, бұл көшелердегі көптеген кофехана мен дәмханалардың бірінде жүрек жалғап алуыңызға болады.

Теңіз деңгейінен 1100 метр биіктіктегі «Көк төбе» саябағын Алматының мызғымас символы десек қателеспейміз. Арқан жолы, шолу дөңгелегі, хайуанаттар бағы, аттракциондар, мейрамханалар, бір сөзбен айтқанда “қала ішіндегі қала” Алматы орталығынан небәрі 5 минуттік жерде орналасқан.

Жаяу серуендер жаныңызға жақын болса, қала ішіндегі саяхатыңызды Жібек жолы көшесіндегі Арбаттың қызықтарын тамашалаудан бастай аласыз. Жол жөнекей Көк базарға кіріп, алуан түрлі тағамдардан дәм татуды ұмытпаңыз!

Дәл қала орталығында мегаполистің қызу тірлігінен бой тасалауға болатын, көлемі 105 га алқапты алып жатқан атақты Ботаникалық бақ бар. Осыған ұқсас жаныңызға медет болатын серуендерді Тұңғыш президент саябағы мен Дендропаркта өткізсеңіз болады. Осы орайда, жергілікті турфирмалар сізге қаланың көрнекті орындарын түгел қамтитын түрлі экскурсиялар ұсынатынын айта кеткеніміз жөн. Ал егер уақытыңыз жеткілікті болса, міндетті түрде Алматы облысын аралап шығуыңыз керек.
Ең алдымен тауға аттаныңыз!

Алматы маңындағы биіктаулы демалыс орындары. Жыл сайын шаңғы немесе сноубордпен қарлы белестерді бағындыру үшін Алматыға әртүрлі елдерден мыңдаған турист келеді. Неге екені айдан анық: бұл жердің табиғаты әлемдік аты шыққан тау-шаңғы курорттардан артық болмаса кем түспейді, ал барлық стандарттарға сай көрсетілетін қызмет бағасы шет елдермен салыстырғанда төмен.

Іле Алатауының көз тартар табиғатынан ләззат алғыңыз келсе «Медеу» биіктаулы мұзайдыны мен Үлкен Алматы көліне жол тартсаңыз болады. Бұл нысандар қалаға жақын орналасқандықтан, бір күндік керемет демалысыңызды еш асығыссыз өткізе аласыз.

Алматыдан айтарлықтай қашықта орналасқан танымал көрнекті орындар жайлы сөз қозғасақ:

Көлсай және Қайыңды көлдері. «Көлсай көлдері» ұлттық саябағының аумағында орналасқан бұл көлдерді көргенде, Алматыдан Көлсайға дейінгі 300 шақырымдық жолды ұмытып-ақ кетесіз. Бұл жердің көріністері ауа-райы тұманды болса да, жаңбыр жауып, жел соқса да аспаннан күн күлімдеп тұрған кездегіден еш кем түспейді. Бір айтарымыз, Көлсай көлдеріне бірнеше күнге қонақ болып қайтуға жағдай жасаңыз. Тәжірибесі мол гидтер сіздерге біріншіден үшінші көлге дейін бар көлдерді көрсетіп, қызықты жорық ұйымдастырып береді. Көлсайдың сұлулығына көздеріңіз қанық болған соң, радиалды бағытпен Қайыңдыға аттансаңыз болады. Қайыңды көлдің қорғаушыларындай болған суға батқан шыршалар естен кетпес көрініс тудырады.


Шарын шатқалы. Шөгінді тау жыныстарынан құралған ерекше бекіністер мен тылсым кейіптерді көруге асық болсаңыз, бірден АҚШ-тағы Гранд Каньонға барудың қажеті шамалы. Себебі өз жерімізде осы Гранд Каньонның «інісі» атанған Шарын шатқалы бар. Шатқал Шарын өзенінің бойымен 154 шақырымға созылған. Тылсым дүниесі таусылмайтын Шарын өз аңғарында тағы бір ғажайыбы – Шаған орманын жасырып қойғанын көбі біле бермейді.


Тамғалы петроглифтері. Көнеге бойлап көргіңіз келсе, бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұрасы тізіміне енген, Қазақстандағы және Орта Азиядағы тасқа қашап жазу өнерінің маңызды жазба ескерткіш салынған Тамғалы мекеніне келіңіз. Біздің заманымыздан бұрын 3000 жыл бойы өмір сүрген ежелгі мәдениетпен танысып, өткеннің үніне құлақ түріп, сарқылмас күш-қуат алыңыз.


«Алтынемел» биосфералық резерваты. Өзінің ерекше қалыптағы түрлі-түсті қыраттарымен көзге түсетін, 400 млн. жыл толған 520 гектар жерді алып жатқан әкті Ақтау таулары; Сар даланың желімен бірігіп құйқылжыта ән шырқап жатқан құмды барқан; Қазақ халқының бабасы саналатын сақтардың тарихи мұрасы - Бесшатыр қорғандары. Оқығаннан-ақ таңғажайып әлемге елітіп әкететін бұл көріністердің барлығы бір Алтынемел аумағына жайғасқан.


Бұл тізімді ұзақ жалғастырса болады: емдік қасиеттері шаш етектен болған Алакөл, “Қара дала” бальнеологиялық курорттық аумағы, Балқаш көлі дельтасы, еліміздегі ірі су қоймаларының бірі – Қапшағай және тағысын тағы.

Үшінші жауһар - Шымкент


Шымкент – Ұлы Жібек Жолының жүрегі. Бұлай дейтін себебіміз, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аумағы бар түркі әлемінің тарихи, мәдени, діни ескерткіштері мен мұрасы жинақталған киелі өңір. Заманауи Шымкент те сізге қайталанбас әсер сыйлайды, бүгінде қала халықаралық спорт және туризм орталығына айналған.

Қала тұрғындары мен қонақтары арасында аса танымал демалыс орны ретінде «Кен-Баба» этнографиялық саябағын атап өтсек болады. Шымкенттің нақ орталығында орналасқанына қарамастан, саябаққа аттап басқан алғашқы қадамыңыздан-ақ өзге әлемге енгеніңізді түсінесіз. Аққулар жүзіп жүрген айдындар, гүлденген, жасыл желекке оранған айнала, көптеген субұрқақтар, тіпті сарқырама осы саябақтан табылады. Оған қоса, саябақта түрлі аттракциондар, құмдағы сафари, Қазақстан макеті, талантты қылқалам шеберлерінің еңбектері, қолөнершілер ауылы және көптеген кәдесый дүкендері мен жайлы дәмханалар бар. Мұндағы 2000-нан астам жануар, балықтың 500-ге жуық түрі өмір сүретін хайуанаттар бағын аралап шығуға кеңес береміз. Ізденімпаз туристерге Шымкент өлкетану мұражайының есігі әрдайым айқара ашық. Тарихи мекен жайлы баяндайтын мұражай экспозициясында 40 жыл бойы жинақталған құнды жәдігерлер орын тапқан. Нағыз шығыс қаласы атағына лайық Шымкентте баруға тұрарлық тағы бір нысан – Орталық мешіт. Өңірдегіы ең ірі мешіт ішкі-сыртқы келбеті көркем, қаланың негізгі діни орталығы ретінде танылған.


Алуандылық мен қанық түстердің молшылығын сезінгіңіз келсе шымкенттік базарлардың бірін аралап шығуыңызға болады. Олардың ең ірілері: жеміс-жидек, шығыс тәттілері мен дәмдеуіштердің түрлілігі көздің жауын алатын Жоғарғы базар, кез-келген сатып алушының талғамы мен талабына жауап бере алатын сапалы, сәнді, қолжетімді киім-кешек табылатын “Бекжан” базары (мұнымен қоса, бұл базарда мата, жіп, тігін жабдықтарының барлық түрлері бар). Әрине сауда сөрелері алтынмен апталып, күміспен көмкерілген зергерлік бұйымдарға толып тұратын “Самал” базарын атап өтпесек болмас. Шымкент Түркістан өлкесіндегі әлем бойынша туристерді қызықтыратын киелі, тарихи және рухани құндылығы жоғары орындарға жасайтын саяхатыңыздың орталығы болуға әбден лайық. Төменде келтірілген көрнекті орындардың басым көпшілігі кезінде Ұлы Жібек жолы бойында тұрғызылған.

Әрине, бірінші кезекте облыстың діни орталығы Түркістан қаласындағы (Шымкенттен 170 шақырым жерде) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілген Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени мұражай-қорығына баруды ұсынамыз. Мұражай-қорықтың орталық нысаны Қожа Ахмет Яссауи кесенесі болып табылады. Сондай-ақ, мұнда Арыстан баб, Есім хан, Абылай хан, Әбілхайыр хан және т.б. қазақтың белгілі тарихи тұлғаларының мазарларына барып, ата-баба рухына тағзым етуге болады.


Домалақ Ана кесенесі. Қаладан 90 шақырым қашықта салынған сәні мен салтанаты үйлескен кесене ХІ ғасырдағы сәулет өнерінің озық ескерткіші ретінде жақсы белгілі.

Көне Сайрам қалашығы. Мыңжылдықтар бұрын Испиджап аталған бұл қаланың орнын Шымкенттен 10 шақырым қашықтағы жерден табуға болады. Ғалымдар аталмыш қаланың Ұлы Жібек жолы бойындағы саудасы мен мәдениеті дамыған ауқатты шаһар болғанын айтады.



Қызыр мұнарасы. Дәл осы жерде аты қасиетті Құран Кәрімде аталған Қызыр пайғамбардың мұнарасы көтерілген. Бұл мұнара – Шымкент өңірінің көшпелі өркениеттің ежелгі орталығы болғанын дәйектейтін ескерткіш саналады.


Ибраһим Ата кесенесі. Жасыл шұраттың қақ ортасында орналасқан сәулетті де көне кесенеге туристер мен құлшылық етушілер көптеп келеді. ХІ-ХІІ ғасырларда Қожа Ахмет Йассауидің әкесінің құрметіне салынған кесене уақыт әсерінен күйреп, бастапқы қалпын жоғалтқан. ХVI-XVII ғасырларда қайта қалпына келтірілген кесене қазіргі таңда ортағасырлық сәулет өнерінің жарқын үлгісі болып табылады.


Қарашаш Ана кесенесі. Бұл кесене парасаты мен мейірімі үшін халықтың құрметі мен ықыласына ие болған Қожа Ахмет Йассауидің ардақты анасының құрметіне тұрғызылған. Қарашаш Ана кесенесі Ибраһим ата кесенесінің маңында орналасқан.


Боралдай петроглифтері. Қола дәуірінің тасқа қашалған жазуларын көру үшін қаладан небәрі 70 километр қашықтықты еңсеру керек. Өзі аттас өзеннің иіріміндегі ірі-ірі тастарда түрлі аңшылық, ежелгі тұрмыс, тіпті тайпалық белгілердің бейнелерін кездестіруге болады.


Ақмешіт үңгірі. Бірнеше мыңжылдықтар бұрын бұл жерде жерасты мешіті болғандықтан Ақмешіт үңгірін де киелі жерлер қатарына қосуға болады. Ежелгі мешіттің күмбезі құлаған кезде, үңгір мен мешіт орны анықталып, бір-екі онжылдық бұрын мешіт күмбезі арқылы үңгірге апарар өткел жасалған болатын. Ендігіде туристер мен зиярат етушілер өзінің ауа-райы мен экожүйесі (үңгір ішінде ағаштар өсіп, жануарлардың кей түрлері мекен етеді) қалыптасқан табиғат ғажайыбымен толық танысуға мүмкіндіктері бар.


Қазығұрт тау жотасы. Жергілікті халық бұл жотаны адамзаттың екінші бесігі деп аса құрметтейді. Аңыз бойынша Нұқ пайғамбардың кемесі дәл осы шыңға қайраңдап тұрған. Мыңдаған жыл бұрын адамзат пен жануарлар дүниесін топан судан құтқарып қалған кеме орнында бүгінде шындыққа әбден үйлесетін ескерткіш кеме орнатылған. Қазығұртқа барар жолыңызды кешкіге қалдырып, саяхатыңызды осы жорықпен аяқтасаңыз еліктірер көрініске куә боласыз. Кемедегі жүздеген оттар жанып, көз алдыңызға ерекше көрініс келеді.

Бұдан бөлек, Отырар шұраты мен Сауран қалашығына баруды ұсынамыз. Бұл нысандар Шымкенттен 100 шақырымнан артық қашықта орналасқандықтан, еншіңіздегі уақыт көбірек болған дұрыс.

Шымкенттің айналасы иен дала болғанымен, қуатты өзендер де, терең үңгірлер де, биік таулар да қаладан алыс емес. Көп рет естігенше, бір көруге тұрарлық керемет табиғат көріністері де бұл өлкеде жетерлік:


Біркөлік аңғары.

Қаладан 50 шақырым жерде айбынды Біркөлік тау тізбегі жатыр. Оның бауырайында көптеген демалыс орындары жұмыс жасайды.


Сайрамсу өзені жағасындағы аттас аңғар.

Сайрамсуда да жайлы демалыс орындарына орналасып, өз таңдауыңызбен түрлі қиындық дәрежесіндегі бағытпен тауғашығып немесе көркем табиғат аясында пикник жасап, өзен жағасында сауық құрсаңыз болады.

Сайрамсудың Жоғарғы көлі. Өзі аттас аңғарда 3000 м биіктікте айдыны айнадай мұзды көл жасырынған. Көлдің түсі таңғажайып, көк түстің қанық болғаны сонша, судың астында бір жарық беретін құрылғылар бар секілденеді.

P.S. Демалысыңыз барынша сапалы, барлық ең қызықты көрнекті орындар қамтылған болуын қаласаңыз туристік фирмалардың көмегіне жүгінуге кеңес береміз. Осы арқылы сіз уақытыңызды үнемдеп, саяхат жасаған өлкенің бай тарихы жайлы толық ақпарат аласыз (әдетте, гид қызметі экскурсия құнына кіреді). Сонымен бірге, барлық ірі қалалар мен облыс орталықтарында Визит-центрлер бар екенін естеріңізге саламыз. Визит-центрлердегі мамандар сізге қала мен қала сыртындағы көрнекті табиғи және тарихи орындар жайлы ақпарат беріп, баратын бағытыңыз бен ондағы нысандарды таңдау кезінде қуана-қуана көмектеседі.