menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

“Өзге ғаламшарлық” саяхат: Қазақ жеріндегі таңғажайып көріністер

  • Табиғат

Өзге әлемдер мен галактикалардағы «өмір» жайлы түрлі ой салады. Осы жерлерде өткен әр мезетті мәңгілік есте сақтап қалғыңыз келеді де, жарық жылдамдығына бәсекелес бола алатындай шапшаңдықпен суретке түсіре бастайсыз. Дегенмен, қиялдың қанаты талғанда еріксіз өз жерімізге түскіңіз келіп, жаныңыз жасыл желек пен мөлдір суды аңсай бастайды.

Өзіміздің «өзге ғаламшарларымызға» ұйымдастырылған саяхаттар мен жорықтар егжей-тегжейлі ойластылуы міндетті. Мұнда көзіміз үйреніп қалған нұсқаулықтар, тас жолдар, тіпті су көздері де жоқ. Соңғысы ең қиын мәселе, себебі су 10, одан асса 100 шақырымдық аралықта да табылмай қалуы ғажап емес. Өзге ғаламшарлық табиғаттың кереметтерімен қоса, сынақтарына да сақадай сай болған жөн. Айта кетеін жайт, жыл сайын мұндай батыл, шытырман оқиғаларды іздеуші саяхатшылар қатары еселеп толығуда. Олай болса, көп созбай өзге ғаламшарлық көріністерге толығырақ тоқталайық. Осы мақаланы оқығаннан кейін сіз де аталған саяхатшылар қатарына қосыларсыз!

Қазақстандағы Марстың ұшқыны

Ұлан-ғайыр даламызда Марстың үш бөлшегін табуға болады: Шығыстағы Қиын-Керіш алқабы, Сарыарқадағы Ақжар және Алтынемел ұлттық саябағындағы Ақтау. Марсты Жерге мейлінше жақын орналасқан кезінде зерделеп бақылайтын болсаңыз, оның қыртысы қызыл түсті екені бірден көзіңізге түседі. Содан болар, халық арасында ол Қызылжұлдыз аталып та кеткен. «Ғарыштық құрылғылардың жасаған суреттерін анықтап қараса, Марстың сыртқы қыртысын тоттың түр-түсімен теңестіруге болады. Шынымен де, бұл ғаламшарды «тот басқан», бұл құбылыс темір оксидінің көп мөлшерде болуымен түсіндіріледі»,- деп пайымдайды ғалымдар. Ал Жердегі Қызылжұлдыз ұшқындары өзінің қою сарыдан қанық қызыл, кейде тіпті күлгін түсті түр-сипатын топырақтың құрамдас бөлшектерінің байланысы нәтижесінде иеленген.

Осылайша, Қарағанды және Қостанай облысы қиылысындағы Ақжар тауларына саздақ пен гипстің аметист кристалдарымен әрекеттесуі айрықша қызыл-күлгін түс береді. Таңғажайып көрініс! Осы жерде түсірілген суреттер әлеуметтік желілердегі парақшаларыңыздың сәнін келтіріп, көптеген лүпіл жинары анық!

Ақжар тауына жету үшін жаныңызда жергілікті жолдардың барлық тармағымен жақсы таныс гид пен «жолсыз» жерлерді еңсере алатын мықты темір тұлпар керек. Мұнда жол нұсқаулар жоқтың қасы.

Шығыс Қазақстан облысындағы Қиын-Керіш алқабы да өркениет орталықтарынан әлдеқайда алшақ орналасқан: Күршім елді мекенінен 120, Өскемен қаласынан 300 шақырым қашықта. Сумен шайылып, қуатты желдермен желпілген қызыл түсті сазды шөгінділерден ғажайып көріністер құралады. Ғалымдар Қиын-Керіш мезозой дәуірінің ыстық әрі ылғалды тропикалық климаты жағдайында түзілгенін алға тартады. Бұл дәуірде динозаврлардың мекен еткенін еске түсірсек, шынымен де бірегей орын екенін аңғарамыз. Қиын-Керіште қонып қалуға кеңес бере алмаймыз. Себебі жергілікті желдер ежелгі қуатын жоғалтпаған. Алқапты аралап шығып, жарқын естелікке бірнеше сурет жасап қайту үшін 2-3 сағат артығымен жеткілікті. Жорық аяқталған соң қарт Зайсанның жағасына барып шатыр құрып, күш жинап демалғаннан кейін, ары қарай Шекелмеске аттансаңыз болады. Бұл - саздан құралған табиғи лабиринттер мен үңгірлері бар табиғат ескерткіші.

Алматы облысындағы «Алтынемел» ұлттық саябағында еліміздегі Қызылжұлдыздың тағы бір бөлшегі жасырылған. Ақтау таулары. Өз еңбектерінің бірінде «Алтынемел» ұлттық саябағының ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің жетекшісі Рустам Хабибрахманов: «Ақтау таулары өзінің ғарыштан көрінетін қайталанбас статиграфиялық қиындысымен ерекшеленеді. Оның негізінде Жер ғаламшарының эволюциялық дамуын зерттеуге болады. Бұған қоса, Ақтаудың бауырайында туристердің көзінен таса жатқан тағы бір табиғат қазынасы жасырылған. Ол – Жерді 50 миллион жыл бұрын мекен еткен ежелгі жануарлардың қаңқалары. Табылған қаңқа қалдықтары саябақтың визит-орталығында жәдігер ретінде көрермендерге ұсынылады. Кей кезде экскурсия барысында да туристер ежелгі жануарлардың қаңқа сүйектерін тауып алып жатады», – деп жазады.

Саябақ аумағында сіздің жаныңызға Ақтаудан бөлек Алтынемелдің басқа да байлықтарымен толық таныстырып, тарихын баяндап беретін кәсіби гидтер бекітіледі. Жол жөнекей Қатутау жотасына соғуды ұмытпаңыздар. Түстері біркелгі қоңыр болса да, қиял-ғажайып қалыптар сізге ұмытылмас әсер сыйлайды. Саябақты аралай жүріп қарақұйрықтар мен құландардың табынын кездеріп қалуларыңыз әбден мүмкін.

Уран емес, Үстірт

Егер ғаламшараралық салыстыруымызды түстік бағытта жалғастырар болсақ, Бозжыра мен Үстірт алқабын телескоппен қарағанда көгілдір түсті болып көрінетін Уранға ұқсатсақ болады. Ғалымдар: «Уран ғаламшарының көгілдір түсті болуы атмосферадағы метанның қызыл сәулелерді сіңіруінен туындайтын құбылыс. Жермен салыстырғанда Күн энергиясын 140 есе, ал жарығын 400 есе кем алатындықтан, ғаламшардағы ауа температурасы өте төмен, шамамен Цельсий бойынша -208 -212 градусты құрайды. Осыған байланысты оны «Мұз алыбы» деп те атайды,» – деген қызықты деректерді келтіреді.

Жан-жағыңыздан жел соққаны болмаса Маңғыстаудағы Үстіртке, жұрнақ-тау Бозжыраға келіп сіздер «Мұз алыбының» ызғарын сезіне қоймайсыз. Бұл қуанарлық жай. Ал көрініс ұқсастығына еш күмәніңіз болмасын. Атауынан-ақ алқаптың көгілдір және сұр түске боялғанын аңғарса болады. Күндіз бар Үстірт сұрғылт, «боз» тұманға оранғандай көрініс береді.

Бозжырада жасалған суреттерде кездесетін ең танымал нысан – өз пішініне байланысты Азу аталып кеткен қос әктасты шың. Олардың биіктігі 200 метрден жоғары. Жергілікті гидтердің көмегімен бозжыралық қамалдар алқабына керемет көріністер ашылатын айтарлықтай тар табиғи «шолу алаңына» жете аласыз. Дәл осы шыңдардан дрон қолдану арқылы өне бойды баурап аларлықтай тамаша бейнекөріністер түсіруге болады.

Бозжыраға жету үшін саяхатшылар шөл мен шөлейттердегі сортаң топырақтың құрғауынан пайда болған тақыр арқылы өтетін жүздеген шақырымға созылатын жолды жүріп өтуі керек. Құрғақ күйінде тақыр жер тегіс әрі берік болып келеді. Мұндай болуы өз кезегінде тақыр үстімен жүретін көлікке тас жолдағыдай жылдамдықпен қозғалуға мүмкіндік береді. Дегенмен, жаңбыр жауған жағдайда саяхат барысында туындайтын түрлі қиындықтарға дайын болу керек.

Бозжыраның ғажабына қанып, Ақтауға қарай жол тарқан болсаңыз, тағы бір «өзге ғаламшарлық» көрініске куә бола аласыз, ол – биіктігі 160 метрге жететін Боқты жұрнақ-тауы. Тау симметриялы және әр тарабынан қараса бірде трапеция, бірде үшбұрыш пішінін қабылдайды. Боқтыдан Бозжыраға дейін – 37, Ақтау қаласына дейін – 298 шақырым.

Үстірттегі тылсымға толы Торыш шар алқабы.

Өркениеттен алшақ болса да, сыр-құпиялары ашыла қоймаған алқап адамдарды ерекше қызықтырады. Дұрыс домалақ пішінді немесе қақ жарылған тастар түрлі түске боялып, алуан көлем қабылдаған. Ғылыми тілмен айтқанда бұл конкрециялар шөгінді жыныстар: құм мен саздан құралған. Тастардың шығу тегі әлі де шешілмеген жұмбақ күйінде, Торыш алқабын кей ғалымдар көне мұхиттың ағыстарына байланысты қалыптасты деп түйіндесе, екінші бір топ шынайы өзге ғаламшарлық тіршіліктің әсерінен туындаған құбылыс деп біледі. Қалай болғанда да тылсымға толы орын! Шатыр құрып, бұл жерге қонып жатсаңыз, осы тылсым дүниені өз жаныңызбен сезе аласыз!

Ақ жамылған ардақты Ақтолағай

Ақтөбе облысында орналасқан Ақтолағай борлы үстірті «өзге ғаламшарлық» атағына толықтай сай келеді. Оңтүстіктен солтүстік-Шығысқа қарай созылып жатқан үстіртте сізді көптеген «тосын сыйлар» күтеді. Тау-тасты аралап жүріп, кенеттен ежелгі алып акуланың азуын кездестіріп қалсаңыз, еш таңданбаңыз. Ақтолағайда мұның бәрі үйреншікті жайт. Тау тізбегінің бір бөлігі Атырау облысы аумағына кіреді, көп бөлігі Ақтөбелік. Батыстан Ақтолағайға қатарлас Ембі өзені ағып жатыр. Бір жағы Алшынсай, екінші жағы Тоғалай құмдарымен қоршалған.

Әлемнің әр түпкірінен келетін саяхатшылар мен ғалымдар көбінесе Ақтолағайдың оңтүстік беткейіне тоқтайды. Мұнда биіктігі бірнеше ондаған метрге жететін, аппақ бөктерлі тік борлы қабырғалар бар. Одан жоғарырақ палеогендік жыныстардың түрлі-түсті қабаттары көрінеді.

Бүгінде Оңтүстік Ақтолағай үстірті Республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік қорықтық қордың геологиялық және геоморфологиялық нысаны болып табылады.

Бектау ата құпиялары

Әлемде астрономдар Қарағанды облысы Балқаш қаласынан 70 шақырым қашықта орналасқан Бектау ата тауларының түсіне ұқсас тау құрылымдарын әлі анықтай қоймаған. Балқаш маңында етек жайған қатпарлы тау ерекше қызғылтым түске ие. Алматы-Қарағанды тас жолымен жүйткіп жүрген көлік жүргізушілердің көбі, төбелердің арғы жағында қандай керемет жасырылғанын білмейді де. Гранитті құрылымдардың арасында кішігірім тоғайлар, жұмбақ үңгірлер, кішігірім көлдер кездеседі. Жоғарыда аталған «өзге ғаламшарлық» көріністердің ішінде адам тіршілігіне ең қолайлысы осы Бектау ата болар, себебі судан тарықпайтыныңыз анық.

Қызыл, ақ, көгілдір, қызғылт көріністер ешкімді бейжай қалдырмасы күмәсіз. Су қоры мен цифрлық құрылғыларыңыздың қуатын толтырып алып, қазақстандық «өзге ғаламшарларға» деген алғашқы батыл қадамыңызды жасауға шақырамыз! Алтын күн, азат жел, естен кетпес естеліктер сізге серік болады!