menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

«Базарлық» немесе Қазақстан жайлы естелік болар сыйлықтар

  • Мәдени мұра
  • Гастрономия
  • Көшпелі мәдениет

Қандай кәдесыйлар саяхатыңызды еске түсіреді?

«Қазақстан» шоколады

Қазақстанда жасалған шоколад – еліміздің кондитерлік саласының беткеұстар өнімі. Шет елдік қонақтарымыз өз жақындарына арнап бұл тәттіні жиі сатып алады. Дүкен сөрелерінде шоколадты плитка түрінде немесе сыйлық қаптамада кездестіре аласыз. Қазақстандық шоколадты еліміздегі кез келген супермаркеттен немесе фирмалық дүкендердің бірінен сатып алауға болады.


Құрт

Құрт – Орталық Азияны мекен еткен көшпелі халықтардың дастарханынан орын тапқан айтулы өнертабысы, нәрлі қышқылсүтті өнім. Қайталанбас дәмге ие бұл тағам Қазақ жерінде көне замандардан-ақ жақсы белгілі. Құрт - аптап ыстықта таптырмас азық, оның үстіне еш бүлінбей, ұзақ уақыт бойы сақталады. Сәйкесінше алыс-жақын жерлерге базарлық деп құрт апарсаңыз, сыйлығыңыздың жарамдылығына еш алаңдамасаңыз болады.


Қамшы

Ежелден қамшы көшпенділер үйінің міндетті жабдығы, билік пен дәулеттің белгісі болып табылады. Қамшыны мұра ретінде әкеден балаға табыстаған. Сол себепті де оны киіз үйдің ерлер жайғасқан бөлігіндегі керегеге іліп қойған. Наным-сенімге сүйенсек, қамшы зұлымдық пен жын-шайтаннан қорғайды. Теріден тоқылған қамшы өте әдемі болады, және өзінің бастапқы қалпын ұзақ жылдар бойына сақтайды.

      

Киізден жасалған киім-кешек пен кәдесыйлар

Бүгінде киіздің 100% табиғи қой жүнінен де, жасанды синтетикалық жіптен де жасалған түрлері бар. Киізден тігілген кеудешелер мен үй шәркейлері суықтан қорғап, денсаулыққа оң әсер етеді. Сонымен қатар, заманауи қазақстандық қолөнер шеберлері киізден алуан түрлі сәндік заттар жасайды.

    

Сәндік киіз үйлер

Сәндік киіз үй - көшпенділер паналаған үйдің кішірейтілген көшірмесі. Әдетте табиғи киізден жасалады.

Киіз үй – отбасылық береке және адам мен табиғат үйлесімділігінің белгісі. Мұндай кәдесый ұлттық нақыштағы заттарды ерекше бағалайтын жақындарыңызға ұнайтыны сөзсіз.


Дәстүрлі бас киімдер мен ұлттық киімдер

Тақия – қазақ халқының қолданысындағы ең әмбебап бас киім. Оны жасы да, кәрісі де, ерлер де, әйел адамдар де киген. Тақия ұлттық ою-өрнекпен көмкеріліп, моншақтармен безендіріледі. Мата ретінде жібек, барқыт, шұға, мақта-мата кездемелері қолданылады.

Халқымызда құрметті қонаққа шапан жауып, қамзол кигізіп, ерекше бағалы киім-кешекті сыйға тарту дәстүрі сақталған. Осындай салт-дәстүрлер қазақи қонақжайлылықтың шынайы көрінісін айқын бейнелейді. Егер қалауыңыз ұлттық санамызды арқау еткен заманауи киім үлгілеріне түссе, дарынды отандық дизайнерлердің туындыларын таңдасаңыз болады. Әрі мұндай жоғары талғамды киімдер сіздің құрметіңізді білдіретін керемет сыйлық болмақ.


Домбыра мен шаңқобыз

Ұлы Даладан қуат алған қазақ өнерінің бір бөлігін сыйға тартқыңыз келсе, ұлттық аспаптарымызға назар салыңыз.

Шаңқобыз – көне қазақ ұлттық музыкалық аспабы. Ол көлемі кішкене, тым нәзік.

Ал еліміздегі ең кең таралған ұлттық аспап – домбыра десек, еш жаңылыспаймыз!

«Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – Домбыра! Екі шектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра»,- деп халқымыз ерекше қастерлейтін домбыра атам заманнан қазақ үйінің төрінен орын алған. Бүгінде домбыраның күмбірлеген күйін тыңдап қана қоймай, сол бір әуезді естелікті кішігірім кәдесыйларға сыйдырып, жақындарыңызбен бөліссеңіз болады.


Жарқын естеліктер

Қазақ халқы - аузын ашса жүрегі көрінетін кеңпейілді, қонақжай, ақкөңіл халық. Мейманына деген ерекше ілтипаты мен құрметі арқасында халқымыз келген қонағына естен кетпес жарқын естеліктер мен жылулық сезімін сыйлайды. Содан болар, елімізге іссапармен немесе саяхаттап келген әр адам, жақындарына сыйлайтын кәдесыйлар мен базарлығын олжалап қана қоймай, достарының да қатарын жаны жайсаң жандармен толықтырып қайтады

Лета Кириллина, Тамилә Омарханова, Рахилә Айтқұлова, Graham Calder, Michael Kyllonen және Андрей Викке алғысымызды білдіреміз.