Азияны аңсаған Гумбольд. Ұлы ғалымды арманына жетелеген жол

Табиғат

Александр-Фридрих-Генрих фон Гумбольдт (1769-1859), атақты неміс саяхатшысы әрі зерттеушісі. «Заманауи географияның атасы», «ХІХ ғасыр Аристотелі» атанған Гумбольд, өмір бойы Орталық Азия мен Тянь-Шаньға ұмтылған. Бұл – жаңа жерлерді ашуға деген асықтықтан жоғары, маңызды себептерге негізделген талпыныс болатын.

Ақтаңдақтар тартылысы

Шексіз-шетсіз көсіліп жатқан Азия жері ХІХ ғасырдың басында географиялық картадағы бос кеңістік қана болды. Жаңа заманның еуропалық зерттеуші ғалымдары тұрмақ, ешбір сыни көзқарастағы, білімді саяхатшы бұл өлкеге ат басын бұрып көрмеген еді. Балқаштан Гималайға, Алтайдан Иранға дейінгі ұлан-ғайыр дала жайлы белгілі деректер Марко Поло мен Сюань Цзаньның ортағасырлық еңбектерімен шектелді.

Оңтүстік Американың адам баспаған ну ормандарын зерттеумен аты шыққан Гумбольд кітапханалық ғалымдар қатарынан емес еді. Оны қиырдағы Үндістан, Гималай, Қытай еліктірді. Ал Орталық Азия Гумбольд армандарының шарықтау шегі болды. Осынау қиялдағы мекенге зерттеуші араға ұзақ уақыт сала отырып қана жетеді.

1829 жылы ресейлік үкіметтің тапсырысымен әлем таныған 60-жасар Гумбольд, геолог Розе және натуралист Эренберг Сібірге аттанады. Бұл – Александр Гумбольдты асқақ арманына жақындатқан керемет мүмкіндік болды.

Экспедияның барысы жайлы Брокгауз бен Ефрон энциклопедиясында келесідей жазбалар келтірілген:

«1829 жылдың 12-ші сәуірінде Гумбольдт серіктері Г.Розе және Эренбергпен Берлиннен шығып, 1-ші мамыр күні Санкт-Петерборға жетеді. Гумбольдқа Берлинде жүргенінде 1200 червонецтық вексель, ал Санкт-Петерборда 20 мың рубль берілді. Барлық жерде алдын ала экипаж, пәтерлер, аттар дайын тұрды. Жолсерік ретінде неміс және француз тілдерін меңгерген тау ведомствосы шенеунігі Меншинин бекітілді. Азия шекарасындағы қауіпті жерлерде саяхатшылармен бірге күзет қызметкерлері еріп жүруге міндеттелді...».

Гумбольт

Риддер, Иванов жотасы және Громотуха өзені

Осы сапар барысында ұлы географ Қазақстан аумағына қадам басып, Ресей империясы құрамына кіріп үлгерген еліміздің шеткі үш аймағын жүріп өткен. Шығыста экспедиция Семей, Өскемен, Риддер, бүгінде Алтай, сол кездері Зырян елді мекендерін көріп, қарт Ертіспен жүзіп өтті. Экспедиция бағыты солтүстікте Петропавл, батыста Орал арқылы өтті. Сапардың ең ұзақ бөлігі Алтай бауырайы мен Ертіс бойы аумағында өтті. Содан бастайық...

...Шілденің соңында Гумбольд Риддерге жетті. Экспедицияның ең үлкен қиындығы – жергілікті халықтың Гумбольдті аса қонақжайлылықпен қарсы алуында болды.

Ғалымның уақыты мен назарының көп бөлігі зерттеулерге емес, қонақ болуға арналды. Бұл орайда риддерліктер басқалардан ерекшеленді. Естеліктерге сүйенсек, мұнда экспедиция мүшелері күн бойына су мен азықтан құр алақан қалып, пана ретінде бірнеше тозығы жеткен лашық берілген.

Бәлкім осы жайсыздықтың арқасында зерттеу тобы бұл өлкеден тың дүние, маңызды деректерді көптеп байқаған. Ескіше қонақ болудан қолы босамаған болса, Алтай да географиялық ақтаңдақ болып қалар ма еді?! Гумбольдт бұл жолы шахталарға түсіп, Үлбінің жоғарғы бөлігі мен жабайы Громотуха өзенін зерделеп, өз хаттарында ерекше таңданысын жеткізген:

«Айнала қоршаған таулардың мәңгі қар жамылған шыңдары өзгермес көрініс болды. Пәтер терезесінен ақ бұлттарға оранған, биіктігі 7500 фут Иванов жотасы көрініп тұратын.

...Кеш батпай тұрып Меншинин екеуіміз сол жотадан сарқырап аққан Громотуха өзенін көрмекші болып, салт атты 10 верст қашыққа жолға аттандық. 2 верст жерден-ақ асау ағынның шуы естілді. Қуатымен тау-тасты қопарар өзеннің бар сипаты атауында да тұр. Қайың, терек, қарағай өскен, тауды көмкеріп жатқан орман арасында тауешкілер мен аюлар жиі кездеседі...

... Тау тұрғысынан Оралдың маңыздылығына еш күмәнім жоқ. Дегенмен, бізге нағыз азиялық саяхаттың бірегей қуанышын сыйлаған Алтай болды!»

Өскемен, Зырян, Семей

Тамыз айының басында экспедиция Өскеменге дейін жетті. Мұндағы жергілікті көпестер қазандарын қайнатып, дастарханын жайнатып, келген қонақтарды ерекше құрметпен күтіп алған. Екінші тамыз күні Гумбольдт серіктерімен бірге, жолы Кавказға апарар өткелдерден аумайтын Бұқтырма бекінісіне ат басын бұрды.

Алтайдың түкпіріне апарар бұл бағдардың негізгі мақсаты өлкенің табиғаты мен қазба байлықтарын зерттеу еді. Минеролог Розенің де экспедицияға қатысуы тегін болмағаны осыдан да аңғарылады. Зырян аумағындағы күміс кен орнында 700-ден аса кенші қызмет етіп, жылына 500 пұт күміс өндірген.

Тамыз айының бесінші жұлдызында зерттеушілер Қытай шекарасынан асып,Ертіс бойында Бұқтырманың маңында орналасқан қытайлық бекет Көш-Төбеге жеткен. Мұнда Гумбольд Бейжіңнен келген офицер, жергілікті басшымен ұзақ сұхбат құрып, өзінің Қытай жайлы білімін таразылаған. Ресми кездесу киіз үйде, үш тілмаштың куәлігінде өтті. Бірі француздан орыс тіліне, екіншісі орыстан моңғол тіліне, үшіншісі моңғолдан қытай тіліне аударма жасаған. Келесі күні саяхатшылар Ресей Империясы аумағына қайтып оралды.

Бұқтырмадан Өскеменге жүзу салдарымен Ертіс арқылы жету келісілді. Әр сал үш қайықтан және жаңбырдан қорғау үшін тақтайға орнатылған киіз үйден тұрды. Ауа-райы ашық болмаса да, немістерге осындай киіз үйдегі рафтинг өте ұнады. Бұл жерлерде Ертіс тар тау аңғары бойымен өтеді. Мұндағы жартастардың керемет көріністері саяхатшыларды одан бетер шабыттандырған еді.

Қарт Ертістің бойымен

Тамыздың 8-ші жұлдызында саяхатшылар Өскеменнен Омбыға қарай аттанды. Экспедиция Семейде шамалы кідіріс жасап, еуропалықтарға беймәлім Орта Азияға керуендерімен жол жүретін қазақ старшындары және көпестерімен тілдесіп қайтты.

Саяхатшылар дәл осы Семейде жергілікті шенеуніктер, немістің Ревель жерінен шыққан подполковник фон-Клостерман мен бекініс коменданты фон-Компенмен ана тілдерінде әңгіме-дүкен құруға мүмкіндік алады. Комендант атақты жерлестеріне асқан құрмет көрсетіп, жергілікті аңшылар олжалаған жолбарыс пен барыстың терісін сыйға тартады. Сонымен бірге, қонақтар Қытайдан әкелінген минералдар мен бұйымдардың коллекциясының иесі, көпес Поповтың үйіне арнайы асқа шақырту алады.

Ертіс бойындағы сапар бөлігі өте қарқынды әрі қанық болып өтті. Еуропалықтар бұл жолы түйе керуендерімен көшіп-қонып жүрген ауылдар мен ат тізгіндеген шабандоздарды сырттай тамашалап қана үлгерген еді. Тек әйгілі Ямышев және Коряков тұзды көлдерінің жағасында кішігірім аялдамалар жасалды.

Орынбордағы қазақ мейрамы

Жол жөнекей Петропавлдан өтіп, қыркүйектің 9-шы жұлдызында экспедиция Орынборға ат басын тіреді. Ол замандарда Семей мен Омбы қатарлас, Орынбор да «Дала қақпасы» саналған қала болатын. Қонақтар кетпестен бұрын, 13-ші қыркүйекте қала басшылығы оларға арнап ән мен күйден шашу шашылған, күрес пен бәйге өткізілген той ұйымдастырды. Сапардың басты мақсаты дала табиғатын зерттеу болғанымен, Гумбольдтқа қазақтармен болған осы кездесуі ерекше әсер еткен еді.

«Орынбор түбінде өткен киргиз (қазақ) әуендері мейрамы мен атжарысты ұмытылмас естеліктер мен саяхатымның жарқын нүктелері деп атар едім»,- деп бір хатында жазса, келесі біреуінде: «...Сансыз көшпенділер тобырына деген қызығушылығым асқар шыңдар мен қуатты өзендерге деген ұмтылысымнан асып түсті. Оларға қарап, ой-санаңмен өткенге, халықтардың ұлы қоныс аударуы дәуіріне бойлайсың», – деп ойын толықтырады.

Хан Жәңгірдің өкініші

Одан әрмен экспедиция Каспийге жетуді жоспарлаған. Бастапқыда Орал казак әскері жері арқылы Гурьевке дейін немесе Бөкей Ордасы арқылы жүріп өту ойластырылған еді. Ол заманда аталған жерлер қауіп тудырғандықтан, басты бәйгеге тікпей сапар бағытын Самара, Саратов, Астрахан арқылы құрау дұрыс деп шешілді.

Әйтсе де, казактардың дәстүрлі бекіре аулау науқанын көру үшін экспедиция Орал жеріне де бірер күнге тұрақтады. Мұндай айтулы оқиғаға орай жергілікті атаман Бородин жалпыәскери балық аулаудың қатаң сақталуға тиіс мерзімін де ертерекке ауыстырды.

Осы Орал жерінде ұлы неміс географының «қазақстандық саяхаты» өз мәресіне жетті. Бірақ кейінірек, күтпеген жерден Гумбольдт сол замандағы атақты да беделді қазақтардың бірі, Бөкей Ордасының ханы Жәңгірмен кездеседі. Неміс ғалымының «аса білімді, орыс, парсы, араб тілдерін меңгерген, ішкі қырғыз ордасының ханы Жәңгір Бөкеевпен» таныстығы Волга жағасындағы қалмақ князі Середжаба Тюменевтің тұрағында басталған еді. Таныстық сұхбатқа ұласып, Жәңгір хан экспедицияның өз иеліктері арқылы өтпегендігіне үлкен өкінішін білдіріп, қонақтарға қымыздан дәм ұсынады.

Эпилог орнына

[1] Гумбольдт саяхаттаған сәттен екі жүз жылдай уақыт өтті. Бүгінде ұлы географтың қазақстандық «ізімен» жүріп өтемін деушілер басқа болмыс, жаңа жағдайға тап болады. Уақыт өте келе саясат та, табиғат та, адам да болғанның бәрін тарихқа тапсырып, айтулы өзгеріске ұшыраған. Неміс экспедициясының бағдарымен саяхатқа аттанбақ туристер ендігіде қонақ үйлерден де, көліктен де, байланыс пен жолдан да еш таршылық көрмейді. Гумбольдт өз арманына бір елі ғана жақындап, қиялдағы мекеніне көзінің қырымен ғана қарай алған болса, оның заманауи ізін жалғаушылары үшін 1829 жылы жабық болған бар «есіктер» айқара ашық!

Similar publications