menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ жерінде өзіңізді нағыз көшпенді сезінудің үздік 5 жолы

  • Көшпелі мәдениет

Бұл тек бастамасы ғана...

Ұлан байтақ дала. Күн ұясына батар кез. Иығына жебесі мен садақ толы қорамсасын, ер-тоқымына аңнан қайтқан олжасын артқан шабандоз жүйіткіп ауылына шауып келеді. Ақ отаулар да көзге көріне бастады. Сол отаудың бірінде он саусағынан бал тамған, көркемдеп кесте тігіп, келісті етіп киіз басып, еті мен бауырсағы тіл үйірер дастарханын жайнатып аяулы жары жүр. Әке жолын қуар мұрагерді дүниеге әкелер күні де таяп қалған. Өмір-өзен өз сарынымен өтіп жатыр...

Бұл – Тәңірге сыйынып, құдіретті желден қуат, ұлы даладан күш алатын көшпенді халықтардың кітаптарда суреттелетін еліктірер әлемі. Шындығында, ұлы дала өзінен пана тапқандарға сынақ та берген. Қасқырдан малын қорғау үшін қора салдыртып, аяздан жанын қорғау үшін қыстауға қоныстандырды. Жұтты да, құтты да көшпенділер ат үстінде көрді.

Дегенмен, біздің айтарымыз бұдан бөлек дүние. Біз сіздерге Қазақ жерінде көшпенділіктің рухын сезіну үшін, кең мағынада «нағыз көшпенді» болу үшін керекті іс-әрекетті анықтап бергіміз келеді.

Киелі шаңырақ астында*

Киіз үй

Киіз үй – бар Орта Азия халықтарына пана болған көшпелі өмірдің алғашқы нышаны. Киіз үйдің ішінде мамық көрпе жамылып, түндігі ашық шаңырақтың астынан көк аспанға қарап сіз сөзбен айтып жеткізе алмайтындай тыныштық, сабыр, бар ғаламмен үндескендей сезімге бөленесіз. Тарихшылардың айтуы бойынша : «Киіз үй – көшпелі мәдениет сәулеті мен дәстүрлі-қолданбалы өнердің шарықтау шыңы». Өз кезегінде, қазақ халқы үшін шаңырақтың орны ерекше. Ол жеке тоқталуды қажет етеді. Шаңырақ – от басының, ұрпақтар сабақтастығының белгісі. Еліміздің елтаңбасында шаңырақтың бейнеленуі де кездейсоқ еместігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Шаңырақ арқылы арайлы күн үйге шуағын шашып, кілемдер мен құрақ көрпелердің алуан түрлі ою-өрнегін көз ажарын алатындай етіп жарығымен түрлендіреді.

Көшпелі халықтардың панасы қайталанбас әсер қалдырары сөзсіз.

Қазақстанның әр түпкірінде түрлі демалыс орындары өз қонақтарын дәстүрлі киіз үйге орналастыруда. Киіз үй ағаш қаңқасы киізбен жабылған, толықтай экологиялық қауіпсіз, қыста жылы, жазда салқын, қай кезде де жайлы құрылыс болып табылады.

Бүгінде көне дәстүр мен заманауи технологияларды үйлестірген киіз үйлер де баршылық. Олар толықтай ағаштан құрастырылған. Қонақ үй бөлмелерінде жасалған барлық жағдай: жуыну бөлмесі, Wi-Fi, цифрлы телекөрсетілім, телефон, заманауи жиһаз аталған киіз үйлерде де қарастырылған. Бұл демалыс орындары өз келушілеріне жыл бойы қызмет көрсетеді.

Айтарлық жайт, бұл демалыс орындары аумағында ұлттық ойындар ойнатылып, шабандоздардың өнерін тамашалауға болады. Өзіңіз де атпен серуендеп, керек десеңіз, атқа мінуді үйрене аласыз. Тіпті жақын деген көрнекті орындарға ат үстінде жетуге мүмкіндігіңіз бар.

*Шаңырақ – киіз үй құрылымының негізгі бөлшегі. Дөңгелек пішінді, ортасы ағаш қиындыларымен қиыстырылған. Құрылыс басталғанда шаңырақ алғашқы болып көтеріледі. Ол уықтардың ұштарын біріктіп үйдің күмбезін құрайды.

Өткен шаққа саяхат

 Киіз үй лагері

Қазақстанда көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі мен тұмса мәдениетіне бойлау үшін бірегей этноауыл аумағында ұйымдастырылған этнофестиваль қонағы бола аласыз. Бұл – көшпенді халықтардың өмір салтымен танысудың екінші жолы. Этноауыл аумағында ән мен күйден шашу шашылып, термелер айтылып, салт-дәстүр мен ұлттық жөн-жоралғылар театрландырылған көрініс түрінде көрермендерге жол тартады. Бұл жерде садақ атып, өзіңізді нағыз мерген сезініп, қазақтың төл қару-жарағы, сауыт-сайманымен жасақталып, қазақтың қас батырларымен суретке түсіп, басқа да көптеген қызықты да танымды шараларға куә бола аласыз.

Көшпелі өмірдегі аңшылық

 Бүркітші мен бүркіт

Өзіңізді көшпенді сезінудің үшінші жолы – көшпенділікте ерекше орын алған аңшылықпен танысу. Қолыңызға қырағы бүркітті қондырып, бір сәтке өзіңізді аңға шыққан бетте бүркітімен бір бүтін болып кететін аңшы ретінде елестетіп көріңіз.

Көшпенділер үшін аңшылық ерекше тәрбиелік мәнге ие. Қазақ даласында аңшылық ежелден-ақ мал шаруашылығымен қоса дамыған болатын. Бүркіт пен тазыны серік еткен аңшылар киік, елік, түлкі сияқты жануарларды аулаған.

Бүгінде Қазақстанда бүркітшілер мен құсбегілер турниріне қатысуға мүмкіндік бар. Турнир барысында аңшы құстардың “олжасын” аулағанын көріп, өз ісінің шеберлері – кәсіби аңшылармен сұхбаттаса аласыз.

Осыған қоса, сіздің сұранысыңыз бойынша жергілікті туристік фирмалар арқылы жабайы табиғат аясында жыртқыш құстармен аңға шығу жорықтарын ұйымдастыруға болады.

Көшпенділер дастарханынан дәм тату

Балық қосылған бешпармак тағамы

Көшпенділер азығы негізінен мал шаруашылығы өнімдері болғаны баршаға мәлім: ғалымдардың айтуына сүйенсек, бір адамның тамақтануына жылына 6 пұт (65кг) ет және 350 литр сүт пен қымыз кеткен. Сол себепті, өзіңізді нағыз көшпенді сезінем десеңіз, ағзаңызды айтарлықтай «сынаққа» дайындағаныңыз жөн. Қазақша ет, қуырдақ, сірне және басқа да ет тағамдарынан берекелі қазақ дастарханында дәм татасыз.

Астың тез сіңуі көшпенді тұрмыста әлдеқашан ойластырылып қойған. Қымыз бен шұбат сияқты дәстүрлі сусындар шөліңізді қандырып қана қоймай, астың қорытылуын да жеңілдетеді.

Осы тұста, көшпенді халықтарды тоқшылықта демеп, жоқшылықта аман сақтап, алыс сапарларда таптырмас азық болған құрттан дәм татуды ұмытпаңыздар! Базарлық қылып жолға алсаңыз да, құрт еш бүлінбей, жақындарыңызбен көшпенді өмірдің дәмімен бөлісуге мүмкіндік береді.

Қолөнер

Көшпенді өмірге саяхат бастайтын бесінші жол – шеберден нұсқау ала отырып, өз қолыңызбен қандай да бір дәстүрлі қолөнер бұйымын жасау. Көшпенді қоғамда барлық саланың шеберлері болған, соның ішінде ұсталарды ерекше құрметтеп, олардың жасаған бұйымдары киелі саналған. 

Қазақстанның кез келген аймағында қолөнерден шеберлік сабақтарын алуға болады. Бұл көбіне ауылдық туризм дамып жатқан елді мекендерде таралған. Туристтер сүйектен, ағаштан түрлі бұйымдар жасап, темір-терсекпен жұмыс жасай алады. Әйелдер қауымы болса киіз басу, жіп иіру, кесте тігу істерін игеріп, ісмерлік қабілеттерін дамыта алады.

Бұл тізім - көшпенділер әлеміне жасайтын үлкен саяхатыңыздың алғашқы қадамы ғана. Сізді бұдан асқан қызықтар күтеді!