Ұлы дала астанасы - Нұр-Сұлтандағы 24-сағаттық саяхат

Қалалар

Нұр-Сұлтан қаласында 24-сағат ішінде уақытыңызды пайдалы іске арнап, жарқын естеліктерді олжалап қайту үшін не істеу керек?

Нұр-Сұлтан – бірінші кезекте мемлекетіміздің елордасы, экономикалық және іскерлік орталығы, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған елшілік өкілдіктер басшылары, бизнес серіктестер, сан түрлі мамандардың тоғысу нүктесі, маңызды іс-шаралар мен жиындардың өткізілу орны. Астанамызда көптеген экскурсиялық турлар ұйымдастырылуда. Әсем елорданың көркін өз көзімен көру үшін жыл сайын мыңдаған қазақстандықтар мен шетелдік туристтер Еуразия жүрегінде қанат жайып, құлаш сермеген Нұр-Сұлтанға жол тартады. Мақсаттары әр қилы осы саяхатшыларды бір арнаға біріктіретін жалғыз мәселе бар. Ол – уақыт тығыздығы. Нұр-Сұлтандағы 24-сағаттық саяхатыңызды барынша пайдалы, әсерлі, көңілді өткізудің бар құпияларын осы мақаламызда жария етпекпіз. Бізбен бірге болыңыз!

Саяхатты жоспарлау

Саяхатыңыз айрықша қызықты болу үшін, алдымен ойыңыздағы «керемет саяхаттың» қандай екенін анықтап алғаныңыз жөн. Еліміздің тарихымен тереңірек танысып, ұлттық мәдени мұра жайлы көбірек білгіңіз келеді ме? Әлде көңіліңіз ойын-сауық құрып, шоппинг жасағанды қалайды ма? Мүмкін таңдау жасай алмай, екі кемені бірге алып жүруді жөн санайсыз? Елорданың артықшылығы да сонда: бұл бағыттардың қайсысын таңдасаңыз да, барлығы жоғары деңгейде дамыған, қонақтарының сұранысы қандай биік болса да, таңқалдырар қырлары өте көп.

Экскурсиялық күніңіздің бірінші бөлігін көрнекті орындарды аралаумен өткізіп, артылған уақытыңызды қалған жоспарларыңызға арнасаңыз болады. Нұр-Сұлтандағы қалалық туризмнің екі бағытын айрықша атағандықтан, әрқайсысына жеке тоқталып өтейік. Экскурсиялық кестеңізге кіріктіріп, уақытыңызды ыңғайластыруға оңай болу үшін біз әр орынға шамамен барып-қайту уақытын да көрсеттік. Бұл ақпаратқа баса назар аударуыңызды сұраймыз. Кері жағдайда, көп жерге барып үлгермей қалуыңыз мүмкін. Нұр-Сұлтан – мәдени-танымдық туризмге арналған таптырмас орын.

Әр қазақстандыққа елордамыздың Есіл өзенінің екі жағалауында орналасқаны мәлім. Әдетте бұл қала кейіпіне айтарлықтай әсер ететін жағдай емес. Бірақ, Нұр-Сұлтан – «әдеттегі» сөзімен үзілді-кесілді тіркеспейтін бірегей құбылыс. Оң жағалауы – кеңестік өмірдің өрнектерімен кескінделген замауи қала болса, сол жағалауы – болашақтың бүгінгі күндегі үлгісі іспеттес. Мысалы, оң жағалаудағы Желтоқсан көшесінің бойымен серуендесеңіз, сонау 1899 жылы тұрғызылған М.Горький атындағы орыс драма театрын көре аласыз. Бүгінде Ұлы Абайдың есімін алған, ескіше В.Ленин атындағы көше кеңес заманындағы күйін әлі өзгертпеген. Бұрындары Кеңестер Үйі орналасқан ғимаратта, қазірде астаналық әкімшілік қызмет етеді. Мұндай тарихи ғимараттар мен көшелер, айта берсе, өте көп. Оң жағалауды аралап жүріп, заманауи сәулет өнерінің көлеңкесінде ХІХ ғасырда салынған ерекше құрылыстарды жиі байқауға болады: көпестер Кубрин мен Моисеевтің үйлері, мұсылман балаларға арналған тұңғыш мектеп ғимараты және т.б. Дегенмен, уақытыңыз аз болса, келесі көрнекті орындарды міндетті түрде көруге кеңес береміз:

«Бәйтерек» монументі. Бұл орын әр астана қонағының «баруым керек» деген тізімінің ең бірінші тармағында десек жаңылыспаймыз. Өзінің қалып-кескінімен монумент қазақ халқының ежелде қалыптасқан дүние танымын астарлы түрде көрсетіп тұр. Бәйтерек – өмір ағашы. Сәулетшінің ойы бойынша: монумент басындағы алтын түстес сфера Күнді бейнелейді. Аңызға сүйенсек, қасиетті Самұрық жыл сайын өмір ағашының басына бар әлемді жылу мен жарыққа бөлейтін Күнді жұмыртқалайды. Зұлым Айдаһардан бар тіршілік бастауын қорғау үшін Самұрық құс биік Бәйтеректі таңдап алған деседі. Көркімен тамсандырып, аңызымен таңқалдыратын «Бәйтеректің» әлемге әйгілі басқа монументтерден тағы бір ерекшелігі бар. Сырты салтанатты монументтің ең басына көтеріліп, астананың бір сырын, ұлы даланың бір қырын аша аласыз. Нұр-Сұлтанға 97 метр биіктіктен көз салып, залдың қақ ортасында орналасқан ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтің алақанына өз қолыңызды қоя аласыз. Келушілер арасында бұл өзіндік дәстүрге айналып та үлгерген (1-1,5 сағат).

Бейбітшілік пен Келісім сарайы. Қазақстанға келген әрбір шетелдік турист еліміздегі ұлттық сана мен таным деңгейіне, жүздеген ұлт пен ұлыстың бір Қазақ шаңырағы астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанына қашан да таңырқай қарайды. Бұған айқын үлгі ретінде пирамида түрінде салынған Бейбітшілік пен Келісім сарайын атай аламыз. Ішкі құрылымында төменгі, ең қараңғы деңгейі – жер асты дүниесі, ортаңғы, ақ деңгейі – адамдар дүниесі, үстіңгі, мөлдір деңгейі – аспан әлемін бейнелейтін сарай, тіпті өз құрылымы арқылы халықтар достығы мен діни таңдаудағы еркіндік идеясын жеткізгісі келгендей (1-2 сағат).

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы. Елордаға алғаш рет келіп, қазақ мемлекеттілігі жайлы көбірек білгіңіз келсе, бірден осы мұражайға жол тартыңыз. Ұлы даланың тағылымды тарихын танып, құнды деректер мен жәдігерлерді көріп, рухани азық алып қайтарыңыз анық. Тарихпен тілдесіп, уақыт тоқтайтын орынды іздесеңіз, Ұлттық мұражай есіктері сіз үшін айқара ашық (1,5 сағат).

«Нұр Әлем» болашақ мұражайы. Болашақ энергиясының тұңғыш жоғары технологиялық мұражайы – «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің мұрасы. «Нұр Әлем» дәстүрлі мұражайлар жайлы қалыптасқан түсінікті тамырымен өзгертеді. 6 түрлі қуат көзі жайлы баяндайтын 8 қабатты сфера сізді жаңалықтар әлеміне енгізіп, Күн, Жер, су, Ғарыш, жел, кинетика, биомасса қуаты жайлы тың дүниелермен таныстырады. Қалған 2 қабат «Болашақ астана» және «Ұлттық павильон» тақырыптары жайлы ой өрбітеді. Мұражайды аралап жүріп өзіңіздің ғылым мен техника әлеміне қадам басқаныңызды бірден аңғарасыз (2 сағат).

Астаналық көңілді демалыс

Саяхатыңыздың бірінші бөлімі аяқталып, жаңа білім мен қайталанбас әсерге қанығып алған соң, еш уайымсыз көңілді де қызықты демалысқа көше аласыз. Төменде сізге арнап ең қызықты орындарды келтірдік.

«Ailand» отбасылық демалыс орталығы. Армандағы демалыстың қандай болатынын көргіңіз келсе, «Ailand»-тың ұсынарын байқап көріңіз. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің ықыласына бөленетін орталықта ересектер де өз қаларын табатынына кепіл бола аламыз. Керемет аквапарк, адам сенгісіз динозаврлар «Джунглиі», еліміздегі ең биік шолу дөңгелегі және әлемдегі мұхиттан ең алшақ орналасқан океанариум! Бәрі-бәрі осында! Бұдан өзге демалысыңызды артық жүгірістен құтқаратын көптеген дәмханалар мен мейрамханалар, ойын-сауықтан демалып,тынығуға болатын орындар да бар.

Қазақ аспаздық дәстүрінің жоғары талғамды мейрамханалары. Саусақпен санарлық бұл мейрамханалардың атауы мен мекен-жайын әп сәтте ғаламтор желісінен табуға болады. Қолжетімді бағаға сіз қазақ асханасын жақсырақ біліп қана қоймай, айтарлықтай эстетикалық және гастрономиялық ләззат аласыз. Жоғары талғамды ұлттық нақыштағы мейрамханада тамақтана отырып, сіз қазақ тағамдарының әлем мойындап жатқан шынайы кереметін көріп, біліп, дәмін тата аласыз.

«Астана опера» опера және балет театры. Егер мейрамханада көп уақытыңызды өткізіп алмасаңыз, театрдағы кешкі қойылымға үлгеруіңізге болады. Үлгеруге кеңес береміз! Себебі еуропалық талғам мен ұлттық әсемдіктің мұндай дәрежедегі үйлесімін бұрын соңды көрмеуіңіз ғажап емес. Қазақ және әлем өнерінің жарқын жұлдыздары, әсем сәулет, ғажап әуендер сіздің кешіңізді мәңгі есте қаларлықтай етеді.

«Хан-Шатыр». Астанадағы уақытыңызды қызықты да көңілді өткізудің тағы бір амалын тапқыңыз келсе, әлемдегі ең үлкен шатырға қонақ болып көріңіз. Жүздеген әлемдік бренд дүкендері, мейрамханалар мен дәмханалар, кішкене қонақтарға арналған ойын-сауық паркі және «Хан-Шатырдың» төріндегі нағыз тропикалық жағажай. Нұр-Сұлтандағы 24-сағаттық саяхатыңызды осылай аяқтасаңыз нұр үстіне нұр болады дейміз.

Көріп тұрғаныңыздай, Нұр-Сұлтанда өткен 24 сағатты ұмытылмас саяхатқа айналдыру әбден мүмкін. Тіпті бар жоспарларыңызды ысырып тастап, ойластырған бағдарламаңыздан бас тартып, жай ғана серуендегіңіз келсе де астанамыз сізді таңдандыра алатыны сөзсіз. Күндіз Нұржол бульварының жарқын бояулары, бұрын соңды кездеспеген ерекше сәулеті, салтанатты субұрқақтары мен ерекше мүсіндер сіздің көз қуанышыңызға айналса, кеш батысымен ерке Есілдің суларында ойнақтаған қала оттары көзіңіздің жауын алып, жағалаудағы жастардың шырқаған әні, лазерлік шоу және басқа да қызықты дүниеге куә боласыз. Сонымен бірге түрлі саябақтар, цирк, бильярд пен геймерлік орталықтар, түнгі клубтар, квест-румдар сияқты ойын-сауық орындарында да көңіл көтеріп, қызықты демалыс өткізуге болады. Нұр-Сұлтанға келген әрбір адам өз толқынын тауып, шексіз мүмкіндіктер теңізіндегі шытырман саяхатқа аттануға дайын болуы керек! Себебі Нұр-Сұлтан жаңашылдық, еркіндік, алуандылық қаласы!

Similar publications