menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Шырайлы Шымкент. Өзіңізге шаттыққа толы үш күндік демалыс сыйлаңыз!

  • Қалалар

Шымкентте өткен үш күндік демалыс - Қазақстанның бай тарихы, тұмса мәдениеті, таңғажайып табиғаты жайлы мәңгі есіңізде сақталар жарқын естелік болмақ.

Әлбетте, шымкенттік саяхатыңызды 3-күнге шектемей, мерзімін ұзартуға толық негіз бар. Себебі Шымкеттің бар кереметін бір аптаның ішінде көріп үлгерудің өзі қиынға соғуы мүмкін. Десек те, еншіңізде 3 күн және алдын-ала ойластырылған мәдени бағдарламаңыз болса, демалысыңызды қайталанбастай етіп өткізе аласыз. Саяхатыңыздың ауқымында шырайлы шаһардың көрнекті орындарымен бірге Түркістан облысының көркем табиғат көріністері толық қамтылуын қамтамасыз етіңіз. Көптеген туристер мен кей отандастарымыздың ойында бұл көне қаланың орналасуы жайлы шындықпен жанаспайтын таптаурындар қалыптасқан. Шымкент сар даланың қоршауында болғанмен, жақын маңда асқар таулар, қуатты өзендер, шатқалдар мен үңгірлер көптеп кездеседі. Бар әлем саяхатшыларының назарын аударып, қызығушылығын тудырып отырған көптеген тарихи маңызы ерекше, киелі орындар да жетерлік.

Демалысты жоспарлаудың тиімді жолдары


«Қажет» деген екі аптаның орнына, Шымкенттегі саяхатыңызға небәрі үш күн арнай алатын болсаңыз, ең алдымен әр күніңізді жеке тақырып аясында өткізіп, бағытыңызды сол бойынша құруға кеңес береміз. Осы арқылы демалысыңыз жүйелі, тиянақты әрі толыққанды өтеді.

Мәселен, саяхатыңыздың алғашқы күнін қала ішінде экскурсия жасап өткізген жөн. Жол жүріп келгеннен кейін тынығып, қаланың тыныс-тіршілігіне бейімделіп алу үшін жетіп-артылатын мәдени-тарихи ескерткіштер мен көрнекті орындарды аралап шықсаңыз болады. Шымкент – еліміздегі республикалық маңызы бар 3 қаланың бірі. Сондықтан, экскурсиялық нысандар саны күн сайын артып, қала үздіксіз көркейіп, өркендеп жатыр.

Екінші күніңіз үшін «Қасиетті жерлер және киелі орындармен танысу» тақырыбын таңдасаңыз болады. Шымкент өңіріндегі барлық киелі орындарды көруге уақытыңыз жетпесе де, негізгі басым көпшілігін аралап шығуға әбден үлгересіз. Демалысыңыз барынша ойластырылып, тиімді өтуі үшін жергілікті туристік ұйымдардың көмегіне жүгініп, олар ұсынатын біркүндік турларды қолдана аласыз. Кәсіби гидтер киелі орындардың тарихы жайлы көп қызықты ақпарат беріп, өлкені жаңа қырынан тануыңызға жол ашады (әдетте, гид қызметі тур құнына кіреді).

Саяхатыңыздың соңғы күнін табиғат аясында өткізуге кеңес береміз. Күннің алғашқы шапағымен оянып, арайлы таңның атысымен қала сыртына аттанып, көркем табиғат аясында мейлінше ұзағырақ болған дұрыс. Бұл аймақта демалушыларға қажетті барлық жағдай жасалған, пикник жасауға және қонуға арналған орындар өте ыңғайлы. Шымкенттіктердің өз қаласына деген махаббатын демалыс кезінде табиғатты бастапқы қалыпта сақтап қалуға деген айрықша ұмтылыстарынан-ақ байқауға болады.

Қала көріністері

Саяхатыңызды біздің кеңестерге жүгіне отырып ұйымдастыруға шешім қабылдап, алғашқы күніңізді қала көріністерін тамашалап өткізуге арнағыңыз келсе, Шымкенттің ең қызықты көрнекті орындары көрсетілеген төмендегі тізімге назар аударуыңызды сұраймыз. Бұл тізімде сізді таңдандыра аларлық нысандарды жинауға тырыстық.

«Кен-Баба» этнографиялық саябағы. Бұл туристер арасында танымал, қала тұрғындарының сүйікті орындарының бірі. Шымкенттің нақ орталығында орналасқанына қарамастан, саябаққа аттап басқан алғашқы қадамыңыздан-ақ өзге әлемге енгеніңізді түсінесіз. Аққулар жүзіп жүрген айдындар, гүлденген, жасыл желекке оранған айнала, көптеген субұрқақтар, тіпті сарқырама осы саябақтан табылады. Соған қоса, саябақта түрлі аттракциондар, құмдағы сафари, Қазақстан макеті, талантты қылқалам шеберлерінің еңбектері, қолөнершілер ауылы және көптеген кәдесый дүкендері мен жайлы дәмханалар бар.

Шымкент хайуанаттар бағы. Мұнда жайлы жағдайда тіршілік ететін 2000-нан астам жан-жануарларды жақыннан көріп, рұқсат берілсе тамақтандырып, сипап көрсеңіз болады. Оған қоса, 500-ге жуық балық түрі мекен ететін аквариум да осы хауанаттар бағында орналасқан.


Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы. Әр келушінің жанында өшпес із қалдыратын орын. Мұражайда «Қызыл» лаңкестік пен сталиндік қуғын-сүргін сұмдұғын баяндайтын жүздеген жәдігерлер, құжаттар, инсталляциялар, фотосуреттер сақтаулы. ГУЛАГ лагерьлерінде 1921-1953 жылдар аралығында, зарлы 30 жыл бойы 5,5 миллион тағдыр тәлкекке ұшыраған болатын.

Шымкент өлкетану мұражайы. Киелі тарихи өлке жайлы баяндайтын мұражай экспозициясында 40 жыл бойы жинақталған құнды жәдігерлер орын тапқан.

Шымкент опера және балет театры, Орыс драма театры, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры. Киелі сахнада еліміздің театр майталмандарының өнеріне куә болып, рухани байлыққа кенеле аласыз.


Орталық мешіт. Өңірдегі ең ірі мешіт ішкі-сыртқы көркем кескіні жарасқан, қаланың негізгі діни орталығы ретінде танылған.


Алуандылық мен қанық түстердің молшылығын сезінгіңіз келсе шымкенттік базарлардың бірін аралап шығуыңызға болады. Олардың ең ірілері: жеміс-жидек, шығыс тәттілері мен дәмдеуіштердің түрлілігі көздің жауын алатын Жоғарғы базар, кез-келген сатып алушының талғамы мен талабына жауап бере алатын сапалы, сәнді, қолжетімді киім-кешек табылатын “Бекжан” базары (мұнымен қоса, бұл базарда мата, жіп, тігін жабдықтарының барлық түрлері бар). Әрине сауда сөрелері алтынмен апталып, күміспен көмкерілген зергерлік бұйымдарға толып тұратын “Самал” базарын атап өтпесек болмас.

Жоғарыда айтылған орындардан бөлек, Шымкентте ірі сауда орталықтары, бірнеше аквапарк, көптеген мейрамханалар мен дәмханалар, барлар мен бильярд орталықтары бар.

Киелі орындармен танысу

Түркістан облысында киелі орындардың көптігі аймақтағы діни және құлшылық ету туризмінің жақсы дамуының басты себебі болып табылады. Дегенмен, уақытыңызды негізінен тарихи құндылығы ерекше әрі қалаға жақын орналасқан қасиетті жерлерге арнау тиімді. Соған орай, келесі нысандарды атап өткіміз келеді:

Домалақ Ана кесенесі. Қаладан 90 шақырым қашықта салынған сәні мен салтанаты үйлескен кесене ХІ ғасырдағы сәулет өнерінің озық ескерткіші ретінде жақсы белгілі. Мұнда көбіне сәби сүйгісі келген, отбасына бақ пен береке тілеген аналар мінәжәт етіп келеді.

Көне Сайрам қалашығы. Мыңжылдықтар бұрын Испиджап аталған бұл қаланың орнын Шымкенттен 10 шақырым қашықтағы жерден табуға болады. Ғалымдар аталмыш қаланың Ұлы Жібек жолы бойындағы саудасы мен мәдениеті дамыған ауқатты шаһар болғанын айтады.


Ибраһим Ата кесенесі. Жасыл шұраттың қақ ортасында орналасқан сәулетті де көне кенесеге туристер мен құлшылық етушілер көптеп келеді. ХІ-ХІІ ғасырларда Қожа Ахмет Йассауидің әкесінің құрметіне салынған кесене уақыт әсерінен күйреп, бастапқы қалпын жоғалтқан. ХVI-XVII ғасырларда қайта қалпына келтірілген құрылыс қазіргі таңда ортағасырлық сәулет өнерінің жарқын үлгісі болып табылады.

Қарашаш Ана кесенесі. Бұл кесене парасаты мен мейірімі үшін халықтың құрметі мен ықыласына ие болған Қожа Ахмет Йассауидің ардақты анасының құрметіне тұрғызылған. Қарашаш Ана кесенесі Ибраһим ата кесенесінің маңында орналасқан.

Боралдай петроглифтері. Қола дәуірінің тасқа қашалған жазуларын көру үшін небәрі 70 километр қашықтықты еңсеру керек. Өзі аттас өзеннің иіріміндегі ірі-ірі тастарда түрлі аңшылық, ежелгі тұрмыс, тіпті тайпалық белгілердің бейнелерін кездестіруге болады.

Қазығұрт тау жотасы. Жергілікті халық бұл жотаны адамзаттың екінші бесігі деп аса құрметтейді. Аңыз бойынша Нұқ пайғамбардың кемесі дәл осы шыңға қайраңдап тұрған. Мыңдаған жыл бұрын адамзат пен жануарлар дүниесін топан судан құтқарып қалған кеме орнында бүгінде шындыққа әбден үйлесетін ескерткіш кеме орнатылған. Қазығұртқа барар жолыңызды кешкіге қалдырып, саяхатыңызды осы жорықпен аяқтасаңыз еліктірер көрініске куә боласыз. Кемедегі жүздеген оттар жанып, көз алдыңызға ерекше көрініс келеді.

Табиғат аясында тынығу

Қарбаласқан қала тіршілігінен алшақтап, табиғат аясында демалып, күш-қуат жинағыңыз келсе, сізге төмендегі тізімде келтірілген орындарға баруды ұсынамыз. Керемет көріністер ақыл-ойыңыз бен жан дүниеңізді баурап алады: дархан дала, мөлдір бұлақтар мен ағынды өзендер, бауырайына жасыл кілем жайылған, аппақ қардан бөрік киген заңғар таулар.

Біркөлік аңғары. Қаладан 50 шақырым жерде айбынды Біркөлік тау тізбегі жатыр. Оның бауырайында көптеген демалыс орындары жұмыс жасайды.

Сайрамсу өзені жағасындағы аттас аңғар. Сайрамсуда да жайлы демалыс орындарына орналасып, өз таңдауыңызбен түрлі қиындық дәрежесіндегі бағытпен тауға шығып немесе көркем табиғат аясында пикник жасап, өзен жағасында сауық құрсаңыз болады.


Сайрамсудың Жоғарғы көлі. Өзі аттас аңғарда, 3000 м биіктікте айдыны айнадай мұзды көл жасырынған. Көлдің түсі таңғажайып: көк түстің қанық болғаны сонша, судың астында бір жарық беретін құрылғылар бар секілденеді.

Ақмешіт үңгірі. Бірнеше мыңжылдықтар бұрын бұл жерде жерасты мешіті болғандықтан Ақмешіт үңгірін киелі жерлер қатарына да қосуға болады. Ежелгі мешіттің күмбезі құлаған кезде, үңгір мен мешіт орны анықталып, бір-екі онжылдық бұрын мешіт күмбезі арқылы үңгірге апарар өткел жасалған болатын. Ендігіде туристер мен зиярат етушілер өзінің ауа-райы мен экожүйесі (үңгір ішінде ағаштар өсіп, жануарлардың кей түрлері мекен етеді) қалыптасқан табиғат ғажайыбымен толық танысуға мүмкіндіктері бар.

Қызғалдақтардың құлпырып гүлденуі. Сәуір айының басында Боралдай шатқалына апарар жолда дархан дала алқызыл отқа оранады. Бұл от – алуан түрлі гүлденген қызғалдақтардың алауы екенін тек жақындап келсеңіз ғана аңғара аласыз.

Көкнәр алқабы. Қаладан 180 шақырым қашықта жыл бойы айдыны берекелі балықшылар ауылы орналасқан. Егер демалысыңыздың бір күнін балық аулаумен өткізгіңіз келсе, жол жөнекей күтпеген көріністі тамашалай аласыз. Көкжиекті қызыл желекке бөлеген көкнәр алқабының гүлденуін көру үшін, жыл сайын мыңдаған туристер осы аймаққа саяхаттап келеді.

Қанша тырысқанмен, бір күн ішінде табиғаты көркем барлық жерлерді көріп шығуға үлгеру – мүмкін емес дүние. Ықыласыңыз зор болғанымен, уақытыңызды назарға алсақ, өзіңізге ерекше ұнайтын нысандарды таңдап алып, барынша сол көріністерден ләззат алу – ең тиімді шешім болып табылады. Демалысыңыз соңына таяған шақта Шымкент өңірінде өткен үш күн сізге таңданыс пен қайталанбас әсерлерге, кішігірім қарбалас пен сан-түрлі сезімдерге толы бөлек әлем болып көрінуі ғажап емес. Осы орайда, Шырайлы Шым қала сіздерге тағылымды тарих пен бай мәдениеттен, тұмса табиғат пен ұмытылмас естеліктерден құралған сый-сияпат дайындап қойғаннын тағы бір мәрте есіңізге саламыз.