menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақстанның қалалық демалыс мақсатындағы үздік орындары

  • Қалалар

Туристердің талғамдарына сүйене отырып, ең көп саяхат жасалатын қалалардың бестігі

Қазақстандағы қалалалық демалыстың үздік орталықтары.

Алып шаһар жағдайында бой сергіту мүмкін бе?

Мәдени демалыстың аталмыш түрі елімізде енді-енді дамып келе жатыр. Дегенмен, саяхатшылардың пікірін негізге ала отырып «Үздік бестікті» құрауға қауқарымыз жеткеніне қарағанда, қарқын жоғары. Қалалық демалыстың түп қазығы неде?

  • Әрине, бұл қазықты мұражайларға, көрмелерге, театрларға барып өнермен жақындасудан, саябақтар мен ойын-сауық орталықтарында көңіл көтеруден, сәнді дүкендерде сауда жасау мен талғампаз мейрамханаларда тамақтанудың жиынтығынан таба аламыз. Оған қоса, жанымыз жарқын сезімдер, жаңа таныстықтар, бұрын соңды болмаған белсенділікті қалайтын кездер де болады.

Олай болса, назарларыңызға жоғарыда аталғанның барлығын қамтитын еліміздегі қалалық демалыстың қайнаған қазаны атағына лайық шаһарлардың үздік бестігін ұсынамыз!

Нұр-Сұлтан (Астана)

Тарих тұғыры қалыптасып, болашақтың іргесі қаланған, жаңа мен көне тоғысып, мәдениет пен өнер озық технологиялармен үндескен, Аймен арайланып, Күнмен құлпырған әсем қала, елордамыз – Нұр-Сұлтан. Әлемдегі ең суық астаналардың көш басында тұрған (Рейкьявик пен Ұлан-Батордан кейінгі үшінші орында) Нұр-Сұлтан – таңқалдырудың шебері. Сағат сайын түрленіп жатқан шаһардың келбеті әлемнің үздік сәулетшілерінің қиялынан бастау алып, мыңдаған шамдар, кескіні келісті ескерткіштер мен мүсіндер, кең алаңдар, жасыл желекке оранған саябақтарымен көркейе түседі. Ақбұйра толқынды Есілдің бойында қала қонақтары мен тұрғындарын әсерлі лазерлі шоу, караоке кештері және басқа да қызықтар күтеді. Міндетті түрде сән-салтанаты жарасқан Нұржол бульварымен серуендеп қайтуға кеңес береміз. Жалпы, егер демалысыңызды астанада өткізуді жоспарласаңыз баруға тұрарлық қызықты орындар өте көп:

  • Хан-Шатыр. Бұл – үйреншікті сауда және ойын-сауық орталығы ғана емес, әлемдегі үздік экологиялық құрылыстардың ондығына кіреді. Хан Шатырдың астында бүтіндей бір көл, жағажай және саябақ бар. Сауда жасап зерігіп қалсаңыз, аттракциондарда көңіл көтеріп, мейрамханалардың бірінен тамақтанып, күш-қуат жинап алған дұрыс. Себебі Хан-Шатырдың ең жоғарғы қабатында тропиктік пальма ағаштарымен қоршалып, Мальдив аралдарының құмы жайылған жағажайда демалысыңызды әрмен қарай жалғастыра аласыз.
  • Нұр-Әлем. Әлемдегі шар пішінді жалғыз ғимарат, радиусы 80 метрді құрайды. Нұр-Әлем фотоэлектрлік панельдер мен жел генераторлары арқылы берілетін, толықтай табиғи қуатпен қамтасыз етілген. Болашақ энергиясы мұражайы әрқайсысы жеке бір тақырыпқа арналған 8 қабаттан тұрады. Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің мұрасы болған мұражайда су энергиясынан бастап ғарыш энергиясына дейінгі көптеген қызықты құбылыстар жайлы тың ақпарат алуға болады.
  • «Ailand» отбасылық демалыс орталығы. 2017 жылға дейін «Думан» атауымен белгілі болған демалыс орнын кең даладағы мұхиттың бір тамшысы десек те болады. Осынау су асты әлемінің жер үстіндегі бөлшегінде теңіз-мұхиттарды мекендейтін тіршілік иесінің 100-ге тарта түрін кездестіре аласыз.
  • Әлемдегі мұхиттан ең алшақ орналасқан мұхитарал, астананың «алақандағыдай» бейнесін көруге болатын шолу дөңгелегі, әлемнің сан түкпірінен жинақталған жануарларды тамашалауға мүмкіндік беретін экзотариум, аквапарк, анимациялық джунгли қашанда өз келушілерін асыға күтеді.

  • Заманауи өнер мұражайы. Егер кешегі тарих пен ертеңгі болашақ жайлы мұражайларларға ақыл-ойыңызды әбден қанықтырып алсаңыз, бүгінгі күнгі өнердің дамуынан хабардар болу үшін елордамыздағы заманауи өнер мұражайына «Қош келдіңіз!» дейміз!
  • Гастротуризмді таңдаған туристер үшін Нұр-Сұлтанның ұсынары көп. Елордамызда мәзірі еуропалық және азиялық жоғары талғамды тағамдардан тұратын сәнді мейрамханалар, үйдегідей жайлылық пен нәрлі тағамдар ұсынатын кішігірім дәмханалар мен кафелер, суши-барлар мен стейк-хаустар сияқты түрлі тамақтану орындары жетіп артылады.
  • Бейбітшілік және Келісім сарайы. Халық арасында «Пирамида» атауымен танымал. Ғимараттың алтыншы қабатында орналасқан «Құланшы» Заманауи өнер орталығында есімдері аңызға айналған Сальвадор Дали, Пабло Пикассо, Марк Шагалдың литографияларының түпнұсқалары қойылған.
  • Бәйтерек. Міндетті түрде баруға тұрарлық Қазақстан астанасының басты көрнекті орны. Мұндағы 100-метрлік биіктіктен ұлан-ғайыр даланың төрінде қанат жайған әсем қалаға ашылатын көрініс қайталанбас әсер сыйлайды.
  • Астана Опера. Театрдың ішкі-сыртқы көркемдігі, репертуарындағы таңдаулы қойылымдар, мінсіз дыбысталу өнерсүйер қауымға қазақстандық талғам мен өнердің жаңа деңгейін танытады.

Бұл аталғандар елордадағы демалысыңыздың бағдарламасына қосуға тұрарлық орындардың аздаған бөлігі ғана. Оны өзіңіз де жақсы біліп отырған шығарсыз! Нұр-Сұлтандағы демалысыңызды дәл осы нысандарға барудан бастап, қыдырыс барысында өзге де қызықты орындарға тап бола аласыз!

Білгенге маржан: қаладағы қозғалыс үшін ең ыңғайлы көлік – автобустар. Назар аударыңыз, төлем түріне байланысты жол жүру құнында айырмашылықтар бар: арнайы терминалдардан алуға болатын көліктік карта арқылы төлесеңіз – 90 теңге, қолма-қол төлесеңіз – 180 теңге. Экспресс-автобустарда да сәйкесінше 150 және 250 теңге. Такси қызметі кемінде 700 теңгеге бағаланады. Егер уақытыңыз бен қаражатыңызды тиімді пайдаланғыңыз келсе, CityPass туристік картасын иеленіп алған жақсы. Оның көмегімен қаланың көрнекті орындарына кіру билеттерін 50% дейінгі жеңілдікпен, үйден шықпай-ақ сатып алуға болады. Қажет десеңіз, қызметкерлер картаны қалаған жеріңізге жеткізіп береді. Орналастыру орындарының бағасы тәулігіне шамамен 7000 теңгеден басталады.

Алматы

Көз көргенді оймен шолып өтсеңіз, Алатаудың бөктерінде қанат жайған Алматының елордадан айырмашылығы бірден білінеді. Алматы да, Нұр-Сұлтан да мегаполис болғанымен, әрқайсысының көңілі, ажары бөлек. Нұр-Сұлтан өте қарқынды дамып жатқан, жаңалығымен жарқырап тұрған қала. Мұндағы әрбір минуттың атқарар міндеті, орны толмас маңызы бар. Алматыға да бұл қала қарбаласы таңсық емес. Дегенмен, оңтүстік астаның шырайы жылырақ, әр қонағын жақынындай, кең құшағын жая қарсы алады. Тынымсыз көлік қозғалысынан шаршасаңыз, тұрғын үйлердің тыныш, жайлы аулаларында сая таба аласыз. Ал тезірек алып шаһардың қуатын сезінгіңіз келсе, орталық даңғылдардың бойымен серуендесеңіз болғаны, Алматы еліктіріп әкетеді. Бұл қаладан әркім жанына жақын, көңіліне қонымды дүние таба алады. Ал қайдан іздеу керектігін төменде келтіріп көрейік!

  • Егер Алматыға алғаш баруыңыз болса, қаланың негізгі көрнекті орындарын аралап шығыңыз: Ботаникалық бақ, Көктөбе, хайуанаттар бағы, Көк базар, 28-панфиловшылар саябағы, Аквапарк, Мұхитарал.
  • Романтикалық орындарды ұнататын қала тұрғындары мен қонақтары үшін Махаббат аллеясы, «Неделька» деген атпен белгілі субұрқақ, Гоголь көшесіндегі татуласу орындығы, Махаббат көпірі сияқты керемет нысандар бар.
  • Мәдени демалысыңыздан эстетикалық ләззат алғыңыз келсе, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрына келіп, дарынды актерлердің орындауындағы мәнді қойылымдарды тамашалап қайтуға кеңес береміз.
  • Гастротуризмнің жақтаушысы болсаңыз, қуана берсеңіз болады. Алматыда қытай, кәріс, ұйғыр, орыс, грузин, армян және басқа да халықтардың ұлттық тағамдарынан дәм ұсынатын сан алуан мейрамханалар жетіп, артылады.
  • Достарыңызбен бірге көңілді де белсенді демалғыңыз келсе, пейнтбол, бильярд, боулинг ойнап, түрлі квестерге қатысып, караокемен ән айтып, екідеңгейлі алаңда спорттық көліктермен жарыс ұйымдастыра аласыз. Қаланың түнгі өмірі де өте қанық. Қызықты демалыстарыңызды би алаңдарының бірінде жалғастыра аласыздар.
  • Қаладан бірнеше шақырым қашықта Алматының әлем таныған «інжуі» - «Медеу» биіктаулы мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты орналасқан. Асқар таудың бауырайында құмарыңыз қанғанша коньки теуіп, одан асқан күшті әсер аламын десеңіз «Шымбұлақтың» белестерін бағындыруға аттаныңыз. Мұнда шаңғы спортының қыр-сырын меңгеру үшін барлық жағдай жасалған. Мейрамханалар мен дәмханаларда жылынып, жақсылап ауқаттанып алуға болады. Бұл - барлығын тізбектемей-ақ, бір ғана Тянь-Шаньның ұлылығына тамсанып, сөзбен айтып жеткізуге келмейтін қуатты сезіну үшін міндетті түрде келуге тұрарлық жер.

Білгенге маржан: жалпы алғанда, Алматыда мәдени және белсенді демалыс үшін бәрі бар. Жеке көлігіңізбен жүрсеңіз, жүктелімі жоғары жолдар мен кептелістерге дайын болыңыз. Автобустармен жүру де ыңғайлы. Тек электронды карта немесе телефон арқылы төлем – 80 теңге болса, қолма-қол төлем 150 теңгеге шығатынын біліп жүріңіз. Орналасу құны астанадағыдай 7000-8000 теңгеден басталады. Бағалар жайлылық деңгеіне қарай белгіленеді.

Шымкент

Күн нұрынан нәр алған шырайлы Шымкент алғаш келгенде екі түрлі сезім сыйлайды. Бастапқыда ыстық райымен баурап алып, күйбелең тірлікке жетелеп әкетеді. Ал күн ұясына батқан сәтте, бұл қарбалас одан да күшейе түседі. Бірақ, ендігіде қоршағанның барлығы жақсы таныс, үйреншікті. Қала шамдары жанған мезеттен нағыз шығыс ертегісі басталады.

Шымкент – тарихын толқынды су да, толассыз ғасырлар да өшіре алмайтын киелі өлке. Мұнда түркі әлемінің ең құнды сәулет жауһарлары заманауи құрылыстармен керемет үндесіп жатыр. Оңтүстіктің бар ырыс-берекесін осы қаладан көруге болады. Мінсіз жолдар, су жаңа сауда және ойын-сауық орталықтары, салтанаты сарайлардан кем түспейтін мейрамханалар, көркем мұражайлар, іші-сырты тап-тұйнақтай саябақтар сөзіміздің айқын дәлелі болмақ. Шым қала сіздің патша көңіліңізді жаулап аларына еш күмәніміз жоқ! Шымкенттегі демалысыңызды келесі орындарға барудан бастауға кеңес береміз:

  • Кем дегенде, Шымкенттегі үш саябақтың біріне (Дендропарк, Тәуелсіздік саябағы, Абай атындағы саябақ) барып көріңіз. Мұнда Нұр-Сұлтан мен Алматының табиғатынан мүлдем ерекше әлемге қадам басасыз.
  • Қаладағы сән мен сауықтың басты орталықтары: Шымкент Плаза, Мега Шымкент, Орталық әмбебап дүкен (ЦУМ). Әрбірінде брендтік дүкендер, қызықты ойын-сауық орындары өте көп.
  • Ұлы Жібек Жолы дәуіріне саяхат жасағыңыз келсе, шымкенттік базарларға келіңіз. Шығыс саудасының қандай болатынын дәл осы базарларда көре аласыз. Жан-жағыңызда тауарға толы сөрелер, саудаласуға дайын тапқыр сатушылар, түстер мен хош иістердің түрлілігі, тоқтаусыз қозғалыс. Тәттілер, дәмдеуіштер, кептірілген жемістер мен жаңғақтар Жоғарғы базарда, маталар мен киім-кешек «Бекжан» базарында, алтын, күміс, қоладан соғылған зергерлік бұйымдар «Самал» базарында сатылады. Саудаласудан тартынбаңыз, тиімді бағамен сапалы тауарды олжалап, керемет көңіл күймен қайтуыңызға болады.
  • Шымкентте тамақтану орындары өте көп. Ал мәзірдің түрлілігі мен бағалары сізге қуанышты таңданыс сыйлайды. Тағамдардың дәмділігі сонша, саяхатыңыз аяқталғаннан кейін сол күндеріңізді талай аңсайтын боласыз!

Білгенге маржан: Нұр-Сұлтан мен Алматыға қарағанда Шымкенттің бағалары төменірек болып келеді. Автобуспен жүру 80 теңге, қонақ үйде тұрақтау тәулігіне 5000 теңгеден басталады. Мейрамханалар мен дәмханаларда тамақтансаңыз да, дүкеннен азық-түлік сатып алсаңыз да бірдей шығынданасыз. Бұл демалыс жылылығымен, дәмділімен есіңізде қалады. Шымкент – қашан да келген қонағын қайта асыға күтетін, жанға жайлы қала

Ақтау

Ақтау – Каспийдің жағасында бой көтерген еліміздегі жалғыз портты қала. Шөлді аймақтың шұғыл-континентальді климатының әсерінен мұндағы ауа-райы айтарлықтай қатаң. Қысы суық, жазы ұзақ (мамыр-қазан айлары аралығында) әрі ыстық, шілдеде судың температурасы +26 градусқа дейін жетеді. Тарих таразысында өте аз уақыт, 50 жылдың ішінде Ақтау еліміздің инфрақұрылымы мен өндіріс саласы дамыған, көрнекті орындары мен заманауи сәулеті жарасқан ірі облыс орталығына айналды. Ресми түрде қала курорттық аймақ санатына кірмесе де, жыл сайын қатары көбейіп жатқан мыңдаған турист үшін сүйікті демалыс орны болып табылады. Ақтауда қашан да керемет саяхат ұйымдастыруға болады. Сізге ыңғайлы болу үшін, төменде ең маңызды көрнекті орындардың тізімін келтірдік:

  • Бірден қаланың бар кереметіне бойлау үшін бірінші кезекте теңіз портына баруды ұсынамыз. Мұнда ірілі-кішілі түрлі мақсатта қолданылатын кемелерді көре аласыз. Танкерлер мен баржалар, жүк және мұнай тасымалдаушы кемелер, тағысын тағы да. Сөзімізге сеніңіз, бұл естен кетпес көрініс!
  • Кейін №4 шағын ауданда бой көтерген шамшыраққа қарай беттесеңіз болады. Бұл құрылыстың өзіндік ерекшелігі бар: шамшырақ тұрғын үйдің төбесіне салынған.
  • Ақтаудың қалалық саябағында серуендеп қайтсаңыз болады. Гүлмен көмкерілген саябақтың өз теміржолы, тіпті жеке Эйфель мұнарасы бар.
  • Мыңдаған жарқыраған шамдардың жарығымен Ақтау түрлене түседі. Осы арада ерекше діни құрылыс, көк күмбезді орталық мешітке баруды ұсынамыз. Мешіт сәулетінің бар әсемдігін өз көзіңізбен көргеніңіз жөн. Мешітке барар жолда көптеген қызықты, құрылысы қайталанбас ғимараттарды кездестіре аласыз. Орталық Неке Сарайы осы қатарға кіреді.
  • Жергілікті демалыс орындарында денсаулығыңызды қалыпқа келтіріп, сауығып қайтуға мүмкіндік аласыз. Мұндағы геотермальді бұлақтардың минералды суы аса шипалы.
  • Қала аумағында жайлы, барлық талаптарға сай заманауи демалыс орындары өте көп. Меймандар курорттық тынығумен қатар, ойын-сауық құрып, демалыстарын пайдалы да көңілді өткізе алады. Орналастыру орындарында эконом санатынан бастап, люкс және премиум санатына дейін қалаған бөлмеңізді таңдай аласыз.
  • Ақтауға жол түссе, қала маңындағы тарихи, табиғи нысандарға баруды естен шығармаңыз. Түрлі туристік агентіктер арқылы Тамшалы шатқалы, жерасты мешіттер, Торыш алқабы, Шерқала тауы, Саура көлі, Үстірт қыраты сияқты бірегей орындарға естен кетпес сәттерге толы сапарлар жасай аласыз.

Білгенге маржан: Ақтауда көлік қызметі, Қазақстанның өзге қалаларымен салыстырғанда, айтарлықтай арзан. Автобуспен жүру небәрі 50 теңге тұрады. Ал орналасу жағы қымбатырақ, қонақ үйден бөлме немесе жеке пәтер жалдау құны жайлылық деңгейіне қарай анықталады, орта есеппен 8000 теңгеден жоғары. Жаз мезгілінде ақтаулық ауа-райы өте ыстық келеді, сол себепті еріксіз туындайтын шөлді басу үшін әрдайым өзіңізбен су алып жүрген дұрыс. Портты қалада керек мекенжайды табу қиын болмайды, себебі шағынаудандардың атауы сандармен белгіленген.

Орал

Орал – таңғажайып сәулет өнері және бай тарихымен белгілі қала. Өзінің бес ғасырлық ғұмырында қала сансыз рет маңызды тарихи оқиғалардың куәсі болып, сол тарихи оқиғалардың бастамашылары болған талай ғұламаларды дүниеге әкелген. Ұлы Отан соғысынан кейін Орал ірі өнеркәсіптік және экономикалық орталық мәртебесіне ие болып, әлі де сол тұғырында сенімді тұр. Қалада көне Яицк қалашығының көзіндей болған көп дүние сақталған. 1920-1930 жылдар аралығында қала жаппай қиратылса да, билік пен реставраторлардың ортақ талпынысымен Орал өзінің бастапқы келбетін сақтай алды. Келмесіңізден бұрын, ұмытпай фотоаппаратпен «қаруланып» алыңыз. Тарихқа тұнған бұл қаланың әр бұрышы жеке өнер туындысы сияқты. Әрқайсысына жеке тоқталайық:

  • Орал және Шаған өзендерінің қиылысында орналасқан Курени ауданы. Бұл – өзінің ортағасырлық сыр-сипатын барынша сақтап қалған тарихи орын. Ауданның тұрғызылғанына 278 жыл болған Михаил-Архангел соборы, жүздеген жыл бұрынғы көрінісінен айнымаған Емельян Пугачевтың үйі сияқты тарихи мұрасы бар.
  • Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы. Қазақстандағы ең көне мұражайлардың бірі. Мұражай экспозициясында аймақтың тарихын сипаттайтын аса құнды жәдігерлерді көре аласыз.
  • Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония. ХХ ғасырдың басында салынған ғимарат қайта жөндеуден өткізіліп, бастапқы ішкі көрінісі қалпына келтірілген. Бүгінде филармония қаланың музыкалық жүрегі іспеттес.
  • Құтқарушы Иса храмы. Храм өзінің керемет сәулеті арқасында туристер арасында қаланың бір белгісіндей қабылданады.
  • Ежелгі Орал мұражайына барып, 300-400 жыл бұрыңғы Яицк казак қалашығының тұрмыс-тіршілігімен таныса аласыз.
  • Оралдағы мәдени-тарихи орындарды өте ұзақ тізбектей беруге болады. Соның кейбіреуі: Табиғат және экология мұражайы, Қызыл мешіт, Покров әйелдер монастыры, А.С.Пушкин мұражайы, Николай Чудотворец храмы және тағысын тағы да.

Білгенге маржан: Жиі кездесетін мәдени орындарға қоса, Оралда тамақтанып, керемет кеш өткізуге болатын жайлы кафелер мен мейрамханалар да көп. Сауда және ойын-сауық орталықтарында көңілді демалыс өткізу үшін бар жағдай жасалған. Автобуспен жүру құны – 80 теңге, арнайы көліктік картаны алмауға да болады. Туристердің көпшілігі қалада жаяу қозғалғанды жөн көреді, шынымен де мұндай жолмен қаланы жақсырақ сезіп, әр жерімен асықпай танысатын боласыз. Оралда қонақ үйге, не болмаса пәтерге орналасу қымбат емес. Шамамен, тәулігіне 3000-6000 теңге. Оралдағы демалысыңыз танымды, тиімді, жаңа әсерлерге толы болатынын осы кішігірім мәтіннен-ақ аңғаруға болады!

Қорытындылай келе, жоғарыда аталған әрбір қалада керемет демалыс өткізуге болатынын айтқымыз келеді. Саяхатыңызды алдын ала ойластырып, жоспарлап қойсаңыз болғаны. Әр саяхатыңыздың жоғары деңгейде өтуін тілейміз! Осынау ізгі тілектің орындалуы жолында біздің мақалалар өзіңізге серік болсын!