menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақстанның балық аулауға арналған ең үздік суайдындары

  • Табиғат

Сіздерге Қазақстанның балық аулайтын жерлері, өзендері мен көлдері жайлы баяндап береміз.

Асыра сілтеп айтусыз, әрбір үшінші қазақстандық отбасында өз балықшысы бар, деп айтуға болады, ол балықшы–әкесі, ұлы немесе бауыры болуы мүмкін. Дәстүрлі кәсіптік балық аулаудан басқа, елімізде спорттық-әуесқойлық балық аулау белсенді дамып келеді: федерациялар, клубтар және жай қоғамдастықтар жұмыс істейді. Спорттық балық аулау бойынша Қазақстанның ұлттық құрама командасы жалпыкомандалық есеп бойынша екі рет әлем чемпионы атанды, команда мүшелері көптеген халықаралық турнирлердің жүлдегерлері. Мұның бәрі, әрине, кездейсоқтық емес, біздің балықшылардың өздерінің дағдыларын жетілдіретін жерлері де бар. Сіздерге Қазақстаннан ғана емес, әлемнің түпкір түпкірінен келетін балықшылардың жиналатын балық аулау жерлері, өзендері мен көлдері жайлы баяндап береміз.

Олжалы Балқаш маңы

Барлық уақытта Оңтүстік Балқаш аймағындағы Іле сағасы балық аулау үшін ең қолайлы орын болып саналды: мұнда балық түрлері көп және олжалар да өте әсерлі. Еуропадан келген алғашқы шетелдік туристер шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында "Сағаға" қуатты жарнамасын жасап, оны «олжа жайынын аулау үшін әлемдегі ең жақсы орын» деп, атаған кезде шетелде біздің саға 90-шы жылдардың басында танымал бола бастаған. Айтпақшы, Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария өзенінде екі метрлік аса ірі жайындар да бар, бірақ, оның Балқаш маңынан басты айырмашылығы–демалуға арналған қызмет түрлері жоқ екендігінде. Бүгінгі күні сағада оннан астам жақсы, ыңғайлы балық аулау демалыс орталықтары бар және мында шетелдік туристер ғана емес, сонымен қатар қазақстандықтар да демалу үшін келеді. Мұнда отбасыларымен, балаларымен және әйелдерімен бірге келеді, өйткені, мұнда тек балық аулап қана қоймай, табиғатта керемет уақыт өткізуге болады: моторлы қайықпен қамыс арасындағы «Джунгли» лабиринтімен серуендеуге, сағаның ең таза көлдерінде суға сүңгуге де болады. Бірақ, әрине, басты мақсат–лайықты олжа алу. Жайыннан басқа, мұнда, тұқы тұқымдас балықтар да ауланады: сазан, ақ амур. Лақтырма қармақпен ақмарқа балығын аулау қызықты.

Соңғы жылдары сағаны жыланбас балықтар да мекендей бастады, алайда жергілікті тұрғындар оны нағыз зиянкес деп есептесе де (бұл агрессивті жыртқыш маңайындағылардың бәрін жейді), еліміздің басқа өңірлерінен және шетелден келген қонақтар үшін бұл балықтар экзотикалық болып саналады, сондықтан үлкен қызығушылық тудырады.

Сонымен қатар, саға су асты аңшылары үшін ең жақсы орындардың бірі болып саналады. Мұнда, тіпті, жайын, сазан, амур және көксерке тәрізді балықтарды аулау бойынша жыл сайынғы су асты жарыстары өткізіледі!

Шортанның өзі өлсе де, тісі қалады

Ал, енді Балқаш маңы мен Балқашта не жоқ десек, бұл шортан! Оның сыртқы дене бітіміне қарап шортанның агрессивті, шапшаң және жыртқыш екенін білуге болады. Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көліне құятын Қара Ертіс өзені олжалы шортандарымен мақтана алады. Бұл аймақта балықшыларды шортанмен қатар ірі алабұға мен ақтабан балықтары қызықтырады.

Шортандар, сондай-ақ, Орталық Қазақстанның өзендерінде мекендейді: Есіл, Тобыл және Нұра өзендерінде. Оңтүстікте–Шу мен Сырдарияда кезігеді. Орал қаласынан 150 шақырым жерде орналасқан Шалқар көлі де шортандарымен белгілі. Бұл балықтың салмағы кейде 40 кг-ға дейін жетеді дейді, алайда соңғы жылдары ондай балық ұсталғаны жайлы фотофактілер жоқ, көбінесе балықшылар 15-20 кг жыртқыш шортандардың суреттерін көрсетеді.

Каспий алыптары

Қазақстандағы ең үлкен балық болып бекіре тұқымдастарына жататын ақсерке балығы танылған. Ол Каспий теңізінде өмір сүреді, салмағы 300 кг дейін жетеді. Бірақ, ақсерке Қызыл кітапқа енгізілген, сондықтан оны аулауға тыйым салынған. Дегенмен, Каспий теңізі мен оған құятын Жайық өзенінде аулауға рұқсат етілген басқа да балықтардың түрлері жеткілікті: көксерке, торта, сазан, кефаль, ақтабан, жайын, ақбалық. Бекіре тұқымдас балықтарды аулауға тыйым салынған, сондай-ақ «Қызыл кітаптағы» балықтарды да аулауға болмайды, атап айтқанда каспий арқан балығы, каспий ламприі, күтім балық.

Таңқаларлық, аймақта әуесқойлар үшін іс жүзінде ешқандай балық аулау базалары жоқ, есесіне ғаламтор жергілікті балықшылар жүктеген бейнероликтермен толы, мысалы, жағалаудан спиннингпен тікенді балық аулап жатқан бейнероликтер.

Алабалық шалпылдайтын өзен…

Солтүстік және Орталық Тянь-Шань тауларында Жетісу (Жоңғар) Алатауының өзендерінде осман балығы, ал кейбір өзендерде алабалық бар, олар Қазақстандағы Алматы облысының тау маңындағы өзендері мен көлдеріне жерсіндірілген (Қазақстанда алабалықты жоспарлы жерсіндіру алғаш рет жүз жылға жуық бұрын 1929-1935 жылдары жүргізілген). Алабалық аулау, әрдайым, ақсүйектік деп саналған, бірақ та оны аулау оңай емес, кей кездері ол балықтың жүрген жерін іздеп бірнеше шақырымдап жүруге тура келеді.

Тайга өзендерінің тұрғындары

Батыс Алтайдың тайга өзендерінде, мысалы Қара Уба мен Ақ Убада қарауыз балығын аулауға болады. Балықшылар үшін ол балықтар жүрген жерге жетудің өзі бір шытырман оқиға деуге болады, ал жеткеннен кейін бірнеше балық аулап алса, өзін бақытты сезінеді. Әдетте, аздаған демалыс базалары балықшыларды өзен ағысының жоғарғы жағына бірнеше шақырымға қалдырып кетеді, балық аулаушылар күні бойы өзенді жағалай көзі түскін шұңқырларды тексере төмен қарай жылжып жүре береді. Өркениеттен қашықта, аюлар және басқа да орман жануарларына жақын жердегі балық аулау ұмытылмас сезімдер сыйлайды. Сондықтан, балықшылардың айтулары бойынша мұндағы маңыздылық олжа алу емес, үдерістің өзі.

Айтпақшы, мұндағы өзендерде таймень мекендейді, бірақ, оны аулау спорттық мақсатта болса да (ұстайсың- босатасың), біздің елде тыйым салынған.

Қорғалжында мұз астынан балық аулау

Астаналықтар Есілдің жағасында балық аулайды, «Бурабай» шипажайының көлдеріне барады, бірақ жергілікті балықшыларға Қорғалжын қорығының өзендеріндегі қысқы балық аулау ерекше қызығушылық тудырады. Су қоймаларында мұз қатып бастағанда, жүздеген балықшылар тесіктер бұрғылауға аттанады. Айтпақшы, бұл міндеттері - балықтардың қыста қырылуынан қорғау болатын саны аз қорық қызметкерлеріне көмек болып есептеледі. Барлық тараптар үшін табылған пайдалы, өзара көмектің керемет үлгісі!

Алакөлдегі «Окуньколь»

Балқаш-Алакөл ойпатының шығысындағы шөлейтті аймақта орналасқан Алакөл көлі балықты көп мөлшерде аулайтындарға, яғни кәсіпшіліктерге қызықты. Мұнда балық аулаудың жанкүйерлерін қызық болмайды: жағадан балықтың олжа үлгісін ұстау іс жүзінде мүмкін емес, ал қайықпен ашық суға шығуды мұнда ұсынбайды. Жоңғар қақпасынан соғатын қатты желден, тіпті, кәсіпші-балықшылар да қаймығады, жел соқұан кезде тез арада жағаға оралу керек екендігін айтады.

Ең қызықтысы, осымен күзде сегізінші жыл қатарынан Ақши кентіне жақын жерде «Окуньколь» атты балық аулау-туристік фестивалі өткізіледі. Әуесқойлар тікелей жағалаудан алабұға, көксерке, сазан аулайды.

Балық аулауда не маңызды? Дұрыс! Үдерістің өзі!

… Сонымен қатар, ірі қалалардың жанында орналасқан шағын жеке су қоймалары туралы да жеке айта кету керек. Негізінен бұл, әрине, Алматы мен Астананың маңындағы аймақтар. Осындай су қоймаларының иелері оларды отырып демалатын күркелермен жабдықтаған, ал, кейбір жерлерде үйлер салған; олар балықтарды жинақтады, негізінен тұқы түрлерінің балықтарын, ал қазір олар балықшыларға өздерінің балық аулау қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін белгілі бір ақыға мүмкіндік береді.

Әрине, берілген мәліметте біздің кең байтақ еліміздің барлық су қоймалары туралы айтылып кетпеген: өзендері, көлдері, су қоймалары. Толық ақпаратты барғыңыз келетін аймақтың балықшыларынан біле аласыз. Өйткені, «балық аулау рухы» барлар балық аулау бауырластығына жатады! Ал, бауырластар бір-біріне әрдайым көмек көрсету міндетті!