KazTourism

«Коронавирус, кет, кет, кет!»: Қазақстан аумағындағы коронавирустан кейін оңалуға арналған ТОП 10 санаторлы-курорттық нысан

Климат жағдайының жайлылығы, бірегей минералды қайнарлар мен шипалы балшық көздерінің көптігі, көрген сәтте көңілді баурап алар қайталанбас көріністер... Осындай, тізбектей берсең таусылмайтын себептер Қазақстанның әр өңірінде емдік-сауықтыру туризмін дамытып, курорттар мен санаторийлер санын арттыруға керемет мүмкіндіктер беруде.

COVID-19 індеті қалыптасқан қағидаларымызға қайта көз жүгіртіп, үйреншікті өмір салтымызды өзгертуді талап етуде. Қазіргі таңда әрқайсысымыз жеке басымыздың амандығына ғана емес, бүтіндей қоғамның саулығына жауапты екенімізді аңғардық. Демек өзіміз сырқат атаулыдан құлан таза айығып кетсек, ортамыз бен жақындарымызға белгілі бір дәрежеде қауіпсіздік сыйлаймыз. Бүгінгі мақаламыз сіз бен біздің, жоғарыда айтылғандай, коронавирустан құлан таза айығып кетуімізге; ауырмаған болсақ, ары қарай да сырқат атаулыға «берілмейтіндей», иммунитетімізді нығайту үшін барлық жағдай қарастырылған үздік 10 санаторлы-курортық нысан жайында болмақ.

Еліміздегі санаторлы-курорттық кешендердегі емдік-сауықтыру шараларының сипаты мен бағыты аймақтардың табиғи ерекшеліктері мен климатына қарай айқындалады. Мысал ретінде оңтүстіктегі Сарыағаштың шипалы қайнарларын айтуға болады. Мұндағы минералды су қабынуға қатысты туындаған талай дертке ем болып, адам ағзасының сауығуына оң әсер етеді, оған қоса созылмалы инфекциялық аурулардан кейін иммунитетті қалыпқа келтіруде де тигізер пайдасы көп.

Оңтүстік өңірлерден орын тапқан санаторийлердегі демалысты көктем және күз айларына жоспарлаған жөн. Бұдан бөлек бұл жақтағы шіліңгір шілдедегі ыстық та, нақтырақ айтсақ, жаз кезінде ерекше жарқын болатын күн сәулелері, белгілі бір тері ауруларын жазып берер таптырмас «дәрі» болып табылады. Денсаулығыңызды жөнге келтірмекке Сарыағаш жеріне аттанбақ болсаңыз, санаторийлерінің көбі Көктерек елді мекенінде шоғырланғанын біле жүріңіз.

Әңгіме ауанын оңтүстіктен шығысқа қарай ойыстырсақ, дәстүрлі шығыс медицинасының бірегей саласы – пантамен емдеу бірден ойға оралады. Бұғы мүйізінің емдік қасиеті ежелден-ақ адам баласына мәлім. Заманауи медицина да пантамен емдеу әдісінің нәтижелігін дәлелдеп берді. Әлемдік ауқымда төмендеп тұрған адамзат иммунитетін нығайтуға да, қан қысымын реттеуге де, жүйке жүйесі ауруларының алдын алуға да, сүйек пен буындардың саулығын қамтамасыз етуге де, сарқылған күш-қуатты толықтыруға да қауқары жететін емнің бұл түрі Шығыс Қазақстанда, өр Алтайдың баурайында жақсы дамыған. Шығыстың шипасы мұнымен де шектелмейді. Катонқарағайдың радонды арасан сулары эндокриндік жүйе ауруларын емдеуде кеңінен қолданылады. Бір жағынан суға шомылып, дертіңізге дауа тапсаңыз, екінші жағынан тау соқпақтарын аралап, Алтайдың тамашасына көз тойдырып, күнделікті қарбаластан тынығасыз. Бұл маңның табиғаты маусым талғамайтындықтан, санаторийлер мен курорттардың есігі туристер үшін қысы-жазы айқара ашық. Жетімсіз ылғалдану зонасында орналасқандықтан, керемет климатологиялық курорт болып табылатын Алакөл жайлы да ұмытпаңыз. Алакөл айдынында демалған туристердің жылдар бойы қалыптасқан пікіріне сүйенсек, жаздың күні Алакөлде сауығып қайтқан кісілер салқын күзден де, қытымыр қыстан да, құбылмалы көктемнен де тұмауратпай, тұмау тисе де, ұзаққа бармай, жылдам жазылып шығады екен.

Еліміздің батысындағы емдік орталықтар тірек-қимыл жүйесі, жүйке жүйесі, ағзадағы гинекологиялық және урологиялық ауытқулар, тері ауруларын емдеуге маманданған. Әдетте емшаралар минералды ванна қабылдау, балшық аппликацияларын қою сияқты басқа да табиғи терапия түрлерінің кешенінен тұрады. Бұл орайда, ақ Жайықтың жағалауында орналасқан санаторийлердің орны бөлек. Мұндағы емдік балшықтың құрамы адам ағзасына аса пайдалы минералдарға бай.

Осы орайда Бурабай мен Қостанайдың жайқалған қарағайлы ормандарын ерекше атап өткіміз келеді. Қарағай бөліп шығаратын фитонцидтер ауадағы бактерияларды залалсыздандырады, тыныс жолдарымен өкпеге өтіп ауру тудырушы микроорганизмдердің көбеюін тежейді. Демек қарағайлы орманның ауасымен тыныстап жүріп-ақ сауығып, денсаулығыңызды жақсарта аласыз. Бетперде тағып, еркін демала алмай жүрген карантин шағында, бұдан артық ем табылмайтын сияқты. Ауамен емделуді жеткіліксіз көрсеңіз де, бұл курорттық аймақтардың ұсынар игіліктері көп. Атап айтсақ, заманауи диагностикалық орталық, жыл бойы жұмыс істейтін бальнеологиялық кешендер, пантамен және балшықпен емдеу, қымыз ішу арқылы сауықтыру және т.б. Мұның барлығы сайып келгенде демалушылардың жүйелі түрде ем қабылдап, сауығуына жағдай жасайды.

Санаторлы-курорттық кешендердің көбі демалушыларды жыл бойы қабылдайды. Сол себепті демалыс маусымынан тыс кезеңдерде (жылдың суық айларында) бағалар төмендеп, денсаулыққа пайдалы демалыс әдеттегіден қолжетімді бола түседі. Қысқы спорт түрлерімен айналысуды ұнатсаңыз, әрі көпшіліктен алшақ уақыт өткізуді қаласаңыз (індет уақытында бұл қалаудан бұрын қажеттілікке айналғаны баршамызға белгілі), демалысыңызды қараша-наурыз айлары аралығына жоспарлауға кеңес береміз.

Бүгінгі таңда COVID-19 коронавирус инфекциясының алдын алу және сырқаттанғаннан кейінгі денсаулықты қалыпқа келтіру мәселесі бүкіл әлемді алаңдатып отырған өзекті тақырыптың бірі.

Коронавирус науқастың ағзасын толықтай дерлік зақымдайды. Сол себепті реабилитация бағдарламасын құрастыру барысында демалушының алдын ала медициналық тексерістен өтіп, жеке өзіне арналып жасалған жоспармен ем қабылдауы аса маңызды. Ал аталмыш ауруды болдырмаудың ең абзал жолы – иммунитетті нығайту екеніне сіз де келісесіз деп ойлаймыз.

Коронавирустан кейінгі реабилитацияға деген сұраныстың ұлғайғанына орай Қазақстанның ұлттық курорттық ассоциациясы COVID-19 коронавирус инфекциясымен ауырып шыққан науқастарға арналған емдік-сауықтыру бағдарламасы бар санаторлы-курорттық нысандардың «Үздік ондығын» анықтады.

Үздіктер шеруін атағы әлдеқашан ел шекарасын асып өткен «Сарыағаш» курорттық аймағы бастайды. Жері шұрайлы, ауа райы қашанда жайма-шуақ Түркістан облысында орналасқан Сарыағаштың аумағында шипажайлар өте көп. Соның ішінде коронавирустан кейінгі оңалуға арналған үздіктер ретінде «Алтынай», «Казақстан KZ» және «Манкент» санаторийлері танылды.

Жамбыл облысынан ондыққа «Merke Radon» санаториі мен Жамбыл облысы әкімдігінің «Айша бибі» оңалту орталығы санаториі ШЖҚ МКМ кірді.

Сонымен бірге Ұлттық курорттық ассоциация коронавирустан кейінгі оңалу бағдарламалары бар бірқатар санаторлы-курорттық нысандарды ерекше атап өтті. Бұл қатарда:

  • Алматы қаласындағы «Қазақстан» санаторийі мен «Altyn Kargaly» қонақүй-санаторийі;
  • Алматыдан 3 шақырым қашықта, Іле Алатауының баурайында орналасқан «Almaty Resort» санаторийі;
  • Батыс Қазақстан облысында – «Nurbergen Health Resort» санаторийі;
  • Ақтөбе облысында – «Шипагер» санаторий-профилакторийі бар.

Мақаламызды қорытындылай келе, дендеріңіз сау, иммунитеттеріңіз мықты болсын деп тілейміз! Сағындырған саяхаттарымызға оралып, бетперде тақпай, алаңсыз қыдыратын күндер де алыс емес деген ізгі сеніміміз бар. Бастысы, жауапкершілік жайлы ұмытпайық!

В этой статье упомянуты

Визитные карточки
Магазины сувениров

http://zerger.asia.kz/

Эксклюзивные ювелирные украшения из серебра ручной работы в казахском национальном стиле.
улица Байбурт, 18, Туркестан, Туркестанская область, Казахстан
+7(700)000-00-00

Студия авторского текстиля ручной работы в стиле пэчворк.

Студия, где мы шьем уютный текстиль (одеяла, подушки, сувениры) из миллиона лоскутков. Студия, где мы обучаем традиционному виду ремесла - курак. Студия, где можно узнать очень много о казахских национальных орнаментах.
микрорайон Мамыр-7, 8/2, Алматы, Казахстан
+7(771)999-72-94

Empire

Подарок от Empire — это идеальный выбор для любого повода. Каждое изделие, выполненное с высочайшим мастерством, способно рассказать необыкновенную историю и передать всю палитру прекрасного, включая лучшие человеческие чувства — Восхищение, Любовь и Уважение!
улица Достык, 9, Астана, Казахстан
+7(717)279-55-39