menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

«Кинодағыдай» Қазақстан: Еліміздегі танымал фильмдер түсірілген орындар

  • Мәдени мұра
  • Қалалар

Қазақстанның әсем табиғаты мен салтанатты сәулеті талай режиссерге шабыт сыйлаған. Әсіресе, Алматы, Шымкент және Түркістан қалалары отандық, халықаралық кинофильмдер желісінде көптеп кездеседі.

Тарих тағылымын танытар фильмдер

Қазақстан аумағында орын тапқан ортағасырлық көне қалаларды әлемдік деңгейдегі кинотуындылардан жиі көреміз. Десек те, бұл – түсірілім тобының қажырлы еңбегінің арқасында бой түзеген декорациялық шаһарлар. Түсірілім аяқталғаннан-ақ, бұл алып құрылыстар жаңа фильмдерге арналған керемет алаң ғана емес, туристердің қызығушылығын тудыратын нысандар ретінде таныла бастайды. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы негізінде дүниеге келген ресейлік Сергей Бодровтың кинофильмі де мұның айқын мысалы. Іле өзенінің бойында(Алматы облысы, Қапшағай қаласының маңында) тұрғызылған көрнекті декорациялық қалашық, бүгінде саяхатшылар арасында үлкен сұранысқа ие туристік орын. Жол талғамайтын көлікпен ғана жетуге болатын жерге табан тіреген сәтте, өзіңізді баға жетпес әсерге бөлейтін керемет әлемнің есігін ашасыз!


«Көшпенділер» көшінен сарқыт болып қалған киношаһарда бірнеше рет музыкалық бейнебаяндар таспаланды. Тіпті аты шыққан режиссер Тимур Бекмәмбетовтың әлемге аян болған «Ночной дозор» фильмінің қорытынды бөлімі де осы жерде түсірілген. Айта кететін жайт, Бекмәмбетов аталған фильм прологіндегі көпшілік көріністерді толықтай қазақстандықтардың еншісіне қалдырған болатын.

Қызғалдақпен құлпырған дала шалғандары мен Канн фестивалі жүлдесі

Көктем келісімен қызғалдақтармен шырайланатын Бетпақдаланың көркем жазығы – танымал ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Тюльпаны» түсірілген бірегей өлке. Дворцевойдың бұл туындысы түрлі халықаралық фестивальдерден тоғыз мәрте Гран-При марапатын жеңіп алып, 2008 жылы Канн фестивалінің бас жүлдесіне лайықты деп танылды. Өткен жылы дәл осы режиссердің «Айка» фильмі Канн фестивалінің Алтын пальма бұтағын иеленген болатын. Оған қоса, кірпік қаққанша дүйім жұршылыққа танылған бұл фильмде де Қазақстан көрсетілген бірнеше эпизод бар.

Алма бағын аралаған Депардье

Шымкентке жақын маңда орналасқан Түлкібас ауданы жайлы сөз қозғалса, қашан да аңызға айналған алма бақтарын қоса еске аламыз. Сол бақтардың бірінде атақты француз актері Жерар Депардье де өз рөлін сомдаған. Сергей Азимовтың «Поздняя любовь» фильмі түсірілімінен кейін берген бір сұхбатында, Депардье заманауи қазақстандықтармен жақын танысып, халықтың қонақжайлылығы мен тереңде жатқан тамырларымен сабақтастықты сақтай білу қасиеттеріне тәнті болғанын айтады.


«Томирис» – 2019 жылдың басты киножаңалығы

2019 жылдың күзінде қазақстандық көрерменге Ақан Сатаевтың «Томирис» атты туындысы жол тартты. Фильм түсірілімдері режиссердің жеке студиясы мен «Қазақфильмнің» павильондарында өтті. Соғыс пен шайқас көріністері Алматы облысының Қапшағай қаласы маңында түсірілген. Фильм көптеген әлемдік кинофестифальдерде көрсетіледі деп жоспарлануда.


Алматы – махаббат мекені

Алматы – кез келген кинотуындыға қуатты сезім сарынын сыйлауға қауқарлы, романтикаға толы қала. Махаббат пен достық жайлы ой толғайтын Абдел Фифтибаевтің «Бойжеткен. Барлығы сол үшін» фильмі – сөзіміздің жарқын дәлелі. Өткен дәуір сәулеті мен заманауи кафелер үйлесімі аясында түсірілген фильм көрерменнің жан-жүрегін тебірентіп, жайма-шуақ көңіл күй сыйлайды.

2019 жылы кино әлемінде орын алған елеулі тұсаукесердің бірі – Қазақстан мен Қытай киномотографиясы серіктестігінің жемісі болған «Композитор» фильмі. Кинотуындыда тағдыр мен талант, өмір мен өнер табыстырған қос дарын: Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхайдың достығы баяндалады. Фильм желісі Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында қытайлық композитордың Алматы қаласына көшірілуі мен «тар жол, тайғақ кешуінде» жолықтырған жаңа жолдасымен арада болған шынайы достық хикаясы негізінде өрбиді. Фильм барысында «Алма-Ата кезіндегі» Алматының көшелері мен ғимараттарын тануға болады. Халықаралық жоба «Қазақфильм», Shineworks Pictures, China film кинокомпанияларының бірлескен жұмысы арқасында жарыққа шықты.


Жоғарыда аталғандары – бертін келе шыққан фильмдер. Әйтсе де, Алматы бұған дейін де еліміздегі киноның қайнаған қазаны атанып жүрген. Оны кезіндегі «Перекресток» сериалының үлкен танымалдылыққа ие болуынан да топшылай берсеңіз болады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941–1945), «Мосфильм» Алматыға көшіріліп, сол уақытта елімізде «Иван Грозный» тарихи фильмі де түсірілген еді.

Үшқоңыр мен Лос-Анжелесті жақындастырған «Әміре»

Ұлы Даланың үнін алғашқы болып әлемге әйгілеген Әміре Қашаубаев жайлы түсірілген көркем фильм 2018 жылы көрермен игілігіне тапсырылып, жалпыға жария етілді. Фильм сонау 1925 жылы Париждегі EXPO көрмесінде қазақ домбырасы мен қуатты дауысы арқасында әлем жұртшылығын таң-тамаша қалдырған дала дарынының жұмбаққа толы тағдыры жайлы сыр шертеді.

«Әміре» ағылшын тілінде түсіріліп, субтитрлер арқылы бірқатар тілге тәржімаланған. Кинотуынды түсірілімімен голливудтық режиссерлер айналысты. Фильм Латвия, Америка, Алматы қаласы мен Үшқоңыр өңірінде түсірілгені мәлім.



«Игла»

1988 жылы түсірілген Рашид Нұғмановтың «Игла» фильмі қай жағынан алып қарасаң да, ұмытылмас туынды: Виктор Цойдің актерлік қырынан танылуы, тартылып бара жатқан Аралдың келмеске кеткен көркем көріністері. Бас кейіпкерлер – Моро мен Дина – Арал аумағында тат басқан кемеге кез болады. Шындығына келгенде, фильмде көрсетілген «Гидролог» ғылыми-зерттеу кемесі әлі де сол қалпында, сол орнында, тіпті танымал туристік нысанға айналып үлгерген.

Фильмнің соңғы кадрлары алматылық Калинин (бүгінгі Қабанбай батыр) және Жамбыл көшелерінің қиылысында түсірілген. Қала тұрғындары арасында «Тулебайка» деген атаумен танылған Мұқан Төлебаев атындағы көшеде, режиссер Нұғманов отбасының үйіне жақын арада Виктор Цойға ескерткіш орнатылған. Ескерткіш музыканттың фильмдегі бейнесін арқау ете отырып жасалған. Оны Цойдың қолындағы оттықтан да бірден байқауға болады.

Шымкент. Ретро сарынындағы фильмдер

Шымкент аумағында сақталған сталиндік дәуір сәулеті – соғыстан кейінгі жылдардағы өмір мен «Хрущев жылымығы» толғандырған режиссерлер үшін бұлжымас ұмтылыс нүктесі болып келеді. Жарыққа шыққанына аса көп уақыт бола қоймаған Рүстем Әбдраштың Қазақстанның Тұңғыш Президенті жайындағы «Балалық шағымның аспаны» фильмі дәл осы шырайлы қалада түсірілген. Кейбіреуімізге бұл күтпеген дерек болуы да ғажап емес. Дегенмен, фильм түсірілімі бұрынғы «Металлург» сарайы мен саябағы аумағында жүргізілген екен.


Шымкентте Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін жапондық әскери тұтқындар салған үйлер, тағы бір ерекше кинотуындының декорациялық бейінін қалыптастырды. Қалыбек Салықовтың «Балконында» ескіше Ленин - қазірше Қалдаяқов және Кремлевская көшелері қиылысындағы сталиндік ампир стилінде салынған екі қабатты үйлер көрініс тапқан. Оған қоса, фильм барысында шымкенттік ипподром мен балалар темір жолын да байқауға болады.

Алтайдың аясында

2011 жылы Шығыс Қазақстанда Риддер қаласы маңында Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы – «Беглецы» фильмі түсірілді. Басты рөлді Лиза Боярская сомдады. Өкінішке орай, Поперечное ауылы мен қала арасындағы әсем шалғында арнайы орнатылған ағаш үй сақталмай қалған.

Кейініректе Лиза өзінің жеке сайтында: «Тамыз бойы мен тайгада өмір сүрдім. Бұлақтың суымен жуындым. Еш жайлы жағдай жасалмаса да, өзімді керемет сезіндім. Ұялы байланыс болмады. Бар түсірілім тобы өркениеттен қол үзді. Бұл өте қызық әрі ерекше тәжірибе болды», – деп жазған.


Әрине, бұл елімізде түсірілген фильмдердің барлығын жинақтаған топтама емес. Бірақ, Қазақстан бойынша саяхатқа аттанбастан бұрын осы аталғандардың жартысын болса да көріп, танысқан абзал. Бұл арқылы сіз ұлан-ғайыр еліміздің табиғаты, халқы, оның мінезі мен құндылықтары, тарихы жайлы хабардар боласыз. Оған қоса, көк экранның арғы жағынан көрген орындарға барып, оларды өз көзіңізбен көріп-білуге толық мүмкіндігіңіз бар! Бұл мүмкіндікті жіберіп алмаңыз! Себебі, ең озық технологиялы дисплейлер мен экрандар, қанша тырысқанмен, саяхаттың бар әсерлілігін жеткізе алмайды.