menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақстанда саяхаттауға қызықтыратын сіз күтпеген бес себеп

  • Табиғат
  • Мәдени мұра
  • Гастрономия
  • Белсенді демалыс

Қызғалдақтардың отаны – Қазақстан

Қызғалдақтардың шынайы отанының Голландия емес, Қазақстан екені сіз үшін таңқаларлық жағдай болуы мүмкін! Ал флораның ең нәзік өкілдерінің гүлденуіне байланысты ұйымдастырылатын жыл сайынғы гүлдер шоуына мыңдаған туристерді жинайтын Нидерланды елінен айырмашылығы, Қазақстанда қызғалдақ табиғат аясында, адамның араласуынсыз өсіп, гүлдейді және әлдеқайда үлкен аудандарды алып жатады! Мұнда сіз Орталық Азияда өсетін 65 жабайы гүлдің қырыққа жуық түрін таба аласыз және олардың 18-і Қызыл кітапқа енгізілген. Олардың арасында атақты қызғалдақтар Шренк пен Грейг те бар.

Сәуір мен мамыр айлары аралығында Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарының шексіз алқаптары мен тау бөктері ал қызыл, қызғылт сары және сары түсті гүлдермен жалындап жайнайды. Айта кететіні, осы көздің жауын алатын сұлулықты Шымкенттен Алматыға бағытталған қалааралық тас жолдарымен жүріп өту арқылы көруге болады. Бірақ жетуге жолы қиын жерлерде өсетін, сирек кездесетін үлгілерді іздеуде, сіздерге тәжірибелі гидтер көмектесе алады. Мысалы, Дасистемон Тарда сияқты түрлі жапырақты қызғалдақ түрлері тауларда және тіршіліктің ең жоғарғы шекарасында, альпі көгалдарында өседі, ал эндемикалық Кауфман қызғалдағы Батыс Тянь-Шань жасыл желектерінде арша ормандары арасында өседі.

Біздің елде қызғалдақтарды өсіп тұрған жерінен жұлуға болмайды, оның орнына табиғаттың ерекше және хош иісті көрінісіне шексіз таңданып, ұзақ уақыт көзіңіздің құрышын қандырып, тамашалай аласыз!

Отырар - ең жақсы селфи алаңы

Көптеген зиярат етушілер мен туристер ортағасырлық ең керемет ғимараттардың бірі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан Түркістан қаласын біледі және ол жаққа үлкен қызығушылықпен барады. Бірақ көпшілікке тосын болатын жайт, Түркістанға жақын жерде, егер Шымкент жақтан шықсаңыз, оған барар жолда аса айрықша жер - ежелгі Отырар қаласына тап боласыз. Отырарды әлі де ғалымдар мен археологтар зерттеу үстінде. Бүгінде ежелгі қаланың көптеген құрылымдары қалпына келтірілген. Бұл қала, оның ежелгі көшелерінде серуендеп, керемет фотосессиялар мен селфи жасауға рұқсат етілген еліміздегі аз ғана тарихи орындардың бірі болып табылады. Өткеннен сыр шертетін көшелерге аяқ басып, онда жүріп қазақ тарихының тамырына, ұлттық мұрамыздың тереңіне бойлап, ғажайып сезімдерге бөленеріңіз анық.

Бұл объектімен танысу үшін алдын-ала дайындалған жөн. Интернеттегі ақпаратты оқып, «Отырардың күйреуі» фильмін көруге немесе кәсіби гидпен бірге сапарға тапсырыс беруге кеңес беріледі.

Алакөлдің қара жағажайы

Егер алтын құмды жағажайлармен бұрыннан таныс болсаңыз, онда қара кремнийлі тастардың жағалауларымен танысуға уақыт келді! Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы Алакөл өзінің ерекше жағалауымен ғана емес, сонымен қатар келген қонақтарына берер емдік қасиеттерімен де мақтана алады. Қара жағажай суық тию және тері аурулары, жүйке аурулары бар адамдарды және табиғат аясында медитация жасауды жаны сүйетіндердің барлығын өзіне тартады да тұрады. Ұшудан кейін ғарышкерлердің өздері осы жерде қалпына келу курстарынан өтетінін атап өтсек, әрі қарай өзге себептерді ойлап тізбектеудің өзі артық болар еді! Бұл жерлерде сирек кездесетін құстарды қорғау мақсатында Алакөл қорығы құрылды, ал көл баурайында әйгілі күміс алабұға мекен етеді.

Егер мамыр айының басында келсеңіз, бердвотчерлер, яғни “Алакөл қанаттары” фестиваліне келетін құстарды тамашалаушылар қатарына қосыла аласыз. Бұл іс-шара кремний жағалауына тек құс тамашалаушыларын ғана емес, сонымен қатар журналистер, шығармашылық кәсіп иелерін, йога практиктері мен музыканттарды да тартады. Алакөлде демалыс маусымы осындай сұлу көрініспен басталады. Әрі қарай жадыраған жаз келіп, шомылу, мамыражай күн мен судағы ойын-сауықтың уақыты басталады, ал күзде қыркүйектің бірінші демалыс күндерінде Алакөл жағалауында тағы «Окунькөл» атты балық аулау және туристік фестивалі ұйымдастырылып, әуесқой балықшылардың алабұға балығын аулау мерекесімен жалғасады.

Әлемдегі алғашқы және ең үлкен ғарыш айлағы

Әлемдегі алғашқы және ең үлкен Байқоңыр ғарыш айлағының Қызылорда облысында орналасқанын бірі білсе, бірі біле бермейді. 2050 жылға дейін ғарыш айлағын Ресей Федерациясы жалға алды, бірақ заңды түрде ол өзінің барлық инфрақұрылымымен Қазақстанға тиесілі және сәйкесінше, қазақстандық туристік агенттіктер сізге зымырандар мен спутниктердің ұшуын тамашалау үшін ғажайып тур ұйымдастыра алады. Алғашқы рет ғарышқа ұшу орын алған жерге бару өте қызықты емес пе? Иә, ғарыш қалашығының атмосферасына орану шынымен де сезінуге тұрарлық тәжірибе!

Қазақстанның дәмі

Әрине, қазақ тағамдарының гастрономиялық дәмін елемей кету мүмкін емес. Көптеген адамдарды қазақ ас мәзірі күтпеген жерден жағымды дәмімен үйіріп алып кетері айдан анық. Сондай-ақ құтты қонақтарымыз осы тағамдар арқылы халқымыздың не жеп, не ішетіндігі жайлы да жаңа мәліметтер алады. Ал қазақ ас мәзірі пайдалы тағам түрлеріне, табиғи өнімдер және сүт өнімдеріне бай.

Бүгінгі таңда елімізде гастрономиялық туризм қарқынды дамуда. Ұлттық тағамдардың осындай алуан түрлілігін және дәм мен талғамның осынша араласуын әлемнің басқа еш жерінде таба алмайтыныңыз сөзсіз. Бұл Қазақстан жерінде 135-тен астам ұлт өкілдері тұратындығымен байланысты. Бірақ, Ұлы Дала көшпенділерінің дәстүрлеріне негізделген қазақ ас үйі тағамдарының орны әрқашанда ерекше болып қала бермек. Көшпенділердің дәмді, әрі пайдалы тағамдары туристер арасында барған сайын танымал болып келеді.

Ет, бауырсақ, қазы, ірімшік сияқты әйгілі қазақ тағамдарынан көптеген қалалық кафелер мен мейрамханаларда ауыз тиіп, дәмін татуға болады. Алайда, ұлттық тағамдардың дәмін этно-ауылдарда тату әлдеқайда қызықты, әрі керемет. Мұнда арнайы шақырылған этнограф мамандар қалпына келтірген рецепт бойынша әлемдегі кез келген басқа қазақ тағамдарына ұқсамайтын, аса ерекше, дәмі тіл үйірер тағам түрлерін сіздер үшін даярлап қана қоймай, олардың қалай пісірілетінін көрсете отырып, аталмыш тағамдар туралы небір аңыздар мен ерекше оқиғалар айтып, таң қалдырады. Мейманымыз осы арқылы қазақ халқының рухани мұрасы мен өткен тарихының тереңіне бойлай алады! Өткеннің өсиетінен өнеге алып, ұлттық құндылығымызға қанығады.

Ескі дәстүрлерін сақтай отырып, заманауилықтан қалыс қалмаған еліміз – сұлу да қонақжай Қазақстанға қош келдіңіз!