Сарқырамалар өлкесі: Катон-Қарағай ұлттық саябағы

Табиғат

Сарқырамалардың көптігі сонша, бірқатарына атау да берілмеген. Көркемдігін айтып жеткізуге сөз жетпейтін осынау табиғат кереметін әрбір тау соқпағынан кездестіруге болады. Әлемнің жұмбақ сырларын ашуға талпынған жандар таңғажайып табиғат пен қиял-ақиқаты аралас аңыз-әпсаналарды тоғыстырған Алтай бауырайын тылсым Шамбала өлкесі деп те атайды. Зейін салып қарасақ, Алтайдың да, Катон-Қарағайдың да ашылмаған құпиялары жетерлік. Әзірге, осы мақаламызда, ең ірі және ең танымал сарқырамалар жайлы ғана сөз қозғайты

Катон-Қарағай немесе Алтай дегенде көз алдымызға бірден бұлттармен таласқан Мұзтаудың бейнесі келеді. Қос шыңды (Батыс шыңы - 4440 м, Шығыс шыңы - 4506м) таудың атағы елімізден шет аймақтарда да асқақтап тұр. Бұл – Өр Алтайдың басты болса да, жалғыз мақтанышы емес. Аймағы 643 477 га тең ұлттық саябақ кең-байтақ аңғарларға, тасыған тау өзендері мен айдын көлдерге, қуатты сарқырамаларға бай.

Көккөл сарқырамасы

Алтайдың ең ірі сарқырамасы Үлкен Көккөл өзенінің сағасында орналасқан. Маңғаз Мұзтауға көтерілуге ниеттілердің барлығы дерлік Көккөлдің кереметіне куә болып, жол жөнекей атақты сарқырама жаққа ат басын бұрмай кетпейді. Қанша дегенмен, Көккөл онсыз да танымдық туризмнің дараланған, маңызды нысаны болып табылады. Биіктігі 60 метр, ені 10 метрге дейін жететін тік жартастан арқырап аққан алып су ағымы мен сарқыраманың бар кеңістігін жайлаған майда су тозаңының күн шуағына шағылысқандағы ғажап күйін елестетіп көріңізші! Еліктірер көрініс.

Сарқырама, тау шатқалы, шыршалы-қарағайлы аралас орман – қиялдағы ертегі әлемінің есігін ашады. Ал Табиғат-Ана сыйлаған шолу алаңында осы ертегіге қанық болып, естелік болар әдемі фотосурет жасау үшін барлығы алдын-ала ойластырылып қойғандай.

Көккөлге тек екі жолмен: жаяу не салт атты жетуге болады. Сарқырама бойымен өтетін туристік соқпақ Берел мұздығына жол тартқан саяхатшылар арасында да аса танымал. Жалпы Мұзтауға қарасты өзен алаптарында ұзын саны – 162 тау мұздығы бар.

 

Қаракөл сарқырамасы

Қаракөл көлінің жағалауынан да мұнарлы Мұзтаудың әсем көріністері ашылады. Осы айдынды мекен еткен аққайран балыққа байланысты орыс тілінде Қаракөлді «Язевое» атаған. Көл теңіз деңгейінен 1656 метр биіктегі аңғарда орналасқан. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, бұл өңірде Қатын мұздығының тармағы өтіп, кейіннен орнында өзен ағысымен шайылып кеткен шағын мореналар ғана қалған. Көлден 5 шақырым қашықта, ғасырлар әлдилеген 20-25 метрлік ағаштардың арасымен өтетін бағдарды басшылыққа алсаңыз, көлмен аттас Қаракөл сарқырамасына да жетесіз. Мұндағы он шақты жартастың ортақ биіктігі 10-12 метрді құрайды. Сарқыраманың төменгі жағындағы қуатты су ағыны әуесқой балықшылардың қарауыз балықты олжалап қайтуларына таптырмас мүмкіндік береді.


Арасан сарқырамасы

Мұзтауды іздесеңіз, Арасан өзенінің аңғарындағы «Рахман бұлақтары» курорттық аймағынан шығатын жаяу экосоқпақпен серуенге шықсаңыз, қарға оранған қос шыңға көзіңіз жетеді. Бұл маңда адасып кету қауіпі де жоқ. Жалғыз жол Арасан көлінің батыс – оңтүстік-батысынан өтіп, әрмен қарай Берелге апарады. 3 шақырымдық жол ашық күні Мұзтауды анық көруге болатын, ақпараттық тақта мен демалыс күркелері құрылған шолу алаңына жеткізеді. Тағы 1 шақырымды еңсере алсаңыз, Арасан сарқырамасының дәл өзі көз алдыңызға келеді. Арасанға апарар жолда ағаш баспалдақтармен жабдықталған тік еңістікке салынған соқпақ бар. Биіктігі 5-6 метрге жететін сарқырама шағын жартаспен екіге бөлінген. Өкінішке орай, 2007 жылы бұл жердің табиғи игілігі отқа оранып, әлі күнге дейін қалпына келтіріліп жатыр.


Рахман сарқырамасы

«Рахман қайнары» курортының маңында, Арасан өзенінің аңғарында, оңтүстік-шығысқа қарай 1,8 шақырым жерде Рахман сарқырамасы орын тапты. Ел арасында сарқыраманы арудың сүмбіл шашына ұқсатқан көркем теңеулер де кездеседі. Биіктігі 30 метрге жететін Рахман сарқырамасы кішігірім биіктаулы мореналық көлден (теңіз деңгейінен 2265 метр биікте) бастау алатын бұлақтан қалыптасып, Рахман көліне құяды.Туристерге келесідей бағдар ұсынылады: қайықпен көлдің арғы бетіне өтіп, ағаштан соғылған соқпақпен сарқырамаға қарай қозғалу. 4 шақырымдық соқпақ ну орманның ортасынан сарқырамаға ауқымды көрініс ашылатын шолу алаңына жол салады. Су гранитті және тақтатасты үш деңгейлі тік жартастардан жіңішке ағындар түзе төмен қарай құлайды.


Пиала сарқырамасы

Теңіз деңгейінен 2370 метр биікте орналасқан Пиала сарқырамасына Катон-Қарағай ұлттық саябағы бойынша ұйымдастырылған 22 шақырымдық «Сарымсақты» турына қатысу арқылы жете аласыз. Тастан салынған атты жүріс соқпағы Сарымсақ өзені бойы мен әсем балқарағай орманы арасынан Қызылқұм өткеліне дейінгі аралықты қамтиды. Жолшыбай ала тышқан, алтайдың шиқылдақ торғайы, тиіндерді көптеп кездестіруге болады. Одан бөлек, балқарағай торғайы, жорғаторғай, байғыз сияқты құстар мен мұндағы жаңғақтарды жем көретін жабайы қабандар мен аюларды көріп қалуыңыз ғажап емес.

Шамамен орта жолда негізгі маршрут үш радиалды бағытқа тармақталады:

  • Біріншісі: Тоқтағұл шатқалы, Жоғарғы-Маралёнок-Қарлығашкөлдері, бағдар ұзындығы 5 шақырым;
  • Екіншісі: Тұрпан көлі;
  • Үшіншісі: Пиала сарқырамасы. Сарқырама биіктігі 5-6 метр. Айтарлықтай ірі болмаса да, оны қоршаған табиғаттың кереметіне еш талас жоқ. Тау өзені жартастан пішіні кесеге ұқсайтын кішігірім көлге әкеп құйып, ары қарай 1 шақырымдық жерде Сарымсақты өзеніне қосылады. Құлаған судың дыбысы сарқырамаға жақындамастан-ақ естіліп тұрады.

Туристік бағдар желісі одан кейін де Сарымсақ өзені аңғарымен жалғасады.

Жоғарыда аталғандай, бұл өңірде атау алмаған сарқырамалар да жетерлік. Осы орайда Белқарағай (Медведка) ауылы мен «Ясная поляна» жерінің маңындағы сарқырамаларды атап кетуіміз керек.

Катон-Қарағайдың қай тарапына тоқтасыңыз да, жергілікті тұрғындарға сарқырамаларға шағын саяхат ұйымдастырып берулерін сұрап көріңіз. Алтайдың қонақжай халқы келген мейманның бетін қайтармай, қашан да көмек қолын созуға сақадай сай. Егер өз саяхатыңызды сауатты жоспарлап, Катон-Қарағайдың бар көрнекті орындарын саяхат барысында аралап шығуды мақсат етсеңіз, ойланбастан туристік агенттіктер қызметіне жүгінуге кеңес береміз.

Similar publications