menu

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Қазақ

kk

English

Русский

Deutsch

Français

简体中文

한국어

عربى

Құзға өрмелеу спорты: Қазақстандағы үздік орындар

  • Белсенді демалыс

Бүгінгі таңда құзға өрмелеу елімізде спорттық белсенді демалыстың қарқынды дамып келе жатқан түрі ретінде танылуда. Құздар мен жартастардағы арнайы жабдықталған бағдарлар Еуропадағыдай көп болмаса да, олардың қатары әуесқойлардың талап-талпынысының арқасында жыл сайын ондаған жаңа нысандармен толығуда. Табиғат жаратқан «жанды» жартастарға еркін өрмелеудің кәсіби спортшылармен қатар, белсенді демалысты таңдайтын саяхатшылар үшін де тартымдылығы жоғары.

Құзға өрмелеу тақырыбы өзіңізге тым таңсық болғанына қарамастан, осы спорт түрімен шұғылданып, өзіңізді сынап көргіңіз келсе, еліміздің жасанды құз-жартастармен жабдықталған спорт кешендеріне барып, аталған саламен ертерек танысып алған пайдалы. Қызметкерлер сізбен бар білгенімен бөлісіп, қажет болса өзіңізге серік болар нұсқаушы немесе жаттықтырушы табуға да көмектеседі. Мұнда өз ісінің нағыз шеберлерлері еңбек етеді. Құзға өрмелеу бағдарларының көбі осы кешендердің спортшыларымен ойластырылып, даярлануы – сөзімізге дәлел.

Құзға өрмелеуден спорт шебері атағына кандидат, алматылық клубтардың бірінде бағдарларды құрушы, жаттықтырушы Валерий Алексеев осы салада 10 жылға тарта уақыт еңбек етіп, сүйікті ісін қоғам арасында насихаттап жүрген азамат. Валерий мырзаның пікірінше:

– «Еуропалықтар көбінесе өз беттерімен, «жабайы» саяхаттағанды жөн көреді. Осы тұста, еліміздегі инфрақұрылымның дамуы енді-енді алға басып, жақсарып жатқанын ескерсек, туристерге жартастар мен құздардың жағдайы, көліктік қамтылу және демалыс орындары жайындағы бар ақпаратты алдын-ала жинауға кеңес береміз. Жартасты аймақтар өркениеттен де, сәйкесінше, біз үйреніп қалған жайлылықты қамтамасыз ететін мекемелерден де алшақ. Егер саяхат жан-жақты әрі сауатты жоспарланатын болса, жоғарыда аталғанның ешбірі қиындық туғызбайды. Керісінше, табиғат аясында тынығып, бар қарбаластан бой жазуға керемет жағдай жасайды».

Ең танымал әрі қолжетімді құзды аймақтар Алматы маңына шоғырланған

Іле Алатауында өрмелеуге арналған үш ірі сектор бар. Олар: Бутаков сарқырамасы, Тұйықсудағы Мектеп жартасы, Октябренок шыңы.


Бұрындары Бутаков сарқырамасының құздарына тек жоғарғы сақтандыру арқылы өрмелеген. Валерий Алексеевтің арқасында соңғы жеті жыл бойы төменгі сақтандыруға бейімделген (қиындығына қарай) 12 бағдар ұйымдастырылды. Трассалар айтарлықтай күрделі, 6b+ және одан да жоғары санаттарға жіктеледі, тәжірибесіз спортшыларға арналмаған. Валерийдің айтуы бойынша аймақтың әлеуеті жақсы және уақыт өте келе бұл жерде жаңа трассалар пайда болуы әбден мүмкін. Тұйықсудағы Мектеп жартасына ресейлік құзға өрмелеуші Александр Кленов он жылдық қажырлы еңбегін арнаған. Соның нәтижесінде күрделілігі 5с-дан басталып 6с-ға жететін бес трасса салынды. Олар құзға өрмелеу спортына жаңадан қадам басқан жандар үшін керемет жаттығу алаңына айналды. Бұл трассалар өрмелеу техникасын үйреніп, жетілдіруге өте ыңғайлы.

Мектеп жартасының оң жағында әр түрлі күрделілік санатына жіктелетін жеті бағдары бар Октябренок шыңы орналасқан. Ең қарапайымы – 5с болса, ең қиыны – 8а. Соңғысы Қазақстандағы ең жоғарғы күрделілік көрсеткішіне ие. Мұндағы тау жыныстары өрмелеуге өте қолайлы – мұз да, қар да жоқ.

Құзға өрмелеу үшін ең оңтайлы кезең шілде-тамыз айларына тұспа-тұс келеді. Бар Қазақ даласын аптап ыстық жайлаған уақытта, бұл жер салқын самалы мен сая болар көлеңкесімен еліктіреді. Қыркүйек-қазан айларында саяхат мерзімін ауа-райына қарай икемдеуге тура келеді.

Үлкен Алматы көліндегі боулдеринг (санаулы тосқауылдар арқылы шыңға өрмелеп жету) жайлы ерекше айта кету керек. Бұл жердің сұлулығы сонша, қоршаған көз тоймас табиғат пен альпілік шалғындар қос алақаныңызға сыйып кеткендей ғажап күйге бөленесіз. Бұл бағдарлар негізінен тәжірибелі спортшыларға арналған.

Іледегі Тамғалы Тас жартасы


Құзға өрмелеудің ең танымал орындарының бірі – Алматыдан 110 шақырым қашықта, Іле өзенінің шатқалында орналасқан Тамғалы Тас жартастары – отандық құзға өрмелеу спортының тарихы басталған ең көне нысандардың бірі. Өткен ғасырдың 70-жылдарының өзінде Тамғалы Тас альпинистер мен құзға өрмелеушілердің назарына іліккен. Бұған дейін құзға өрмелеу жеке спорт түрі ретінде қабылданбай, альпинистер дайындығының міндетті бөлігі ғана болатын. Спортшылар құздарға тек жоғарғы сақтандырумен шыққан. Бірақ, заман өзгерді. Соңғы онжылдықта төменгі сақтандырумен өрмелеу белең алып келеді. Қазірде осы өңірде ең жаңа заманауи құралдарды қолдану арқылы 50-ге жуық бағдар салынған. Трассаларды соғу бастамасы альпинист Кирилл Белоцерковскийге тиесілі. 2013 жылдан бері спортшы жыл сайын жаңа трассалар құрып, аталмыш спорттың ауқымын кеңейтіп жүр. Бағдарлар ең қарапайымнан бастап, 7с, 7с+ күрделілік деңгейіне дейін түрленеді. Таңдау өз еркіңізде!

Шалғайда жатқан аймаққа тек автокөлікпен жетуге мүмкіндік бар. Дүкендер мен ауруханалар 40 шақырым қашықтағы Қапшағайдан ғана табылады. Шатыр құрудың қыр-сырын ертерек меңгеріп алған дұрыс, себебі басқа орналасу орнын табуыңыз екіталай. Ұялы байланыс тек трасса бойында қолжетімді, басқа жерде өркениеттің осы игілігінен де құр алақан қалуыңыз ғажап емес. Өрмелеуге ең қолайлы кезең наурыз-мамыр және қыркүйек-қазан айлары аралығында.

Бектау ата – үздік боулдеринг алаңы

Бектау ата – Қазақ жазығының қақ ортасындағы таулы аймақ. Қарағанды облысында, Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 70 шақырымда орналасқан. Осынау «сарғылт табақ» ғарыштан да айқын көрінеді. Толқынды түрде қалыптасқан тау жыныстары боулдерингпен айналысуға жақсы келеді. Биіктігі де өте қолайлы – 5 метрге дейін. Алаңдары жазық. Жартастардың өзі де мықты, граниттен түзілген.


– «Шатырларды қай жерге тіксеңіз де, жартастарға өте жақын болады. Бағдарға жету үшін бар болғаны 5 минут шығындайсыз. Ең алыс дегендердің өзіне 40 минутта жетуге болады. «Бектаудағы» өрмелеу бағдарлары жыл сайын көбеюде. Қазіргі таңда біз өзіміз ашып, тазартып, сынап көрген 50-ден астам боулдерингтік трасса бар. Аумақ өте үлкен. Боулдерингті де, хайкингті (белгіленіп дайындалған сүрлеуді бойлап жаяу өту) де, crack өрмелеуді (құздағы жарықтар арқылы өрмелеу) де жоғары деңгейде ұйымдастырып, өркендету үшін бәрі бар. Мүмкіндіктер де жетерлік! Белсенді кезең сәуірде басталып, маусымның басына дейін жалғасады. Кейін маса бұлттай төніп, күн райы да шыдатпастай ыстыққа ұласып кетуі ықтимал. Қыркүйектің ортасы мен қарашаның соңына дейін «Алтын маусымның» құрметіне Бектау атаға қайта жол бастасаңыз, еш өкінбейсіз», – дейді Валерий Алексеев.

Түйіндейтін болсақ, Қазақстанда құзға өрмелеу маусымы айтарлықтай ұзақ жалғасады. Жаздың күні аптап пен қапырықтан бой тасалап, таудан пана таба аласыз. Күзде еш алаңсыз демалыс орталықтарын қайта далалы өлкеге «көшіруге» болады .

Жоғарыда сөз болған орындарға қоса, Ақмола облысындағы онға жуық өрмелеу бағдары бар Щучье-Бурабай курорттық аймағын, Түркістан облысындағы Машат шатқалы мен Сайрам-Өгем жотасын атап өту керек. Құзға өрмелеу спортына қажетті бағдарлар мен сақтандыру жағдайы қажет дәрежеге жете қоймағанымен, бұл аудандардың да даму әлеуеті өте жоғары.

... Маусымаралық кезеңде спортшылар да, әуесқойлар да арнайы машықтану орталықтарындағы жасанды құз-жартастарда өз дайындықтарын ұштап, біліктіліктерін арттыра алады. Мұндай спорттық орталықтар Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Қарағандыда қызмет етеді. Басқа қалаларда түрлі мемлекеттік мекемелерге қарасты арнайы залдар жабдықталған. Сол себепті құз басына жеткізер жаттығу «жолы» маусым да, орын да талғамайды деуге толық негіз бар. Уақыты келгенде бірден табиғи «жанды» құздар мен жартастарға қарай бет бұрған жөн. Құзға өрмелеу – тек болаттай білек пен мықты жұдырық емес. Құзға өрмелеу – табиғатпен сыр бөлісер сұхбат,ортақ ойлы жандармен жолықтырып, күш-жігерді байқатар сынақ.