Жабайы жануарларды суретке түсіру: Қазақстандағы фотоаңшылық ерекшеліктері

Жабайы жануарларды суретке түсіру: Қазақстандағы фотоаңшылық ерекшеліктері

ТабиғатБелсенді демалыс

Қазақстанда кәсіпқой анималист фотографтар мен операторлар көп емес. Дегенмен, соңғы жылдарда елдегі ішкі туризмнің қарқынды дамуы қазақстандықтар арасында жабайы жануарларды бақылауға, әрі оларды фото және видеоға түсіруге бағытталған, көбінесе кішігірім экспедицияға ұқсас ұйымдастырылған турларға сұраныс туды. Әрине, мұндай фототурлар шетелдік қонақтарымызға да аса қызықты болмақ.

Қазақстанда кәсіпқой анималист фотографтар мен операторлар көп емес. Дегенмен, соңғы жылдарда елдегі ішкі туризмнің қарқынды дамуы қазақстандықтар арасында жабайы жануарларды бақылауға, әрі оларды фото және видеоға түсіруге бағытталған, көбінесе кішігірім экспедицияға ұқсас ұйымдастырылған турларға сұраныс туды. Әрине, мұндай фототурлар шетелдік қонақтарымызға да аса қызықты болмақ.

Қазақстан жерінде аю, арқар, тауешкі, бұлан, марал, қарақұйрық, ақбөкен секілді ірі сүтқоректі хайуандарды көре аласыз. Бағыңызды сынап, барыс, сілеусін, сабаншы, құдыр секілді жануарларға «фотоаңшылық» турына қатыса аласыз. Алайда, бұл аңдарды кездестіру мүмкіндігі әлдеқайда аз. Дегенмен, фото тұзақтар мен ғылыми бақылаулар аталмыш аңдардың тіршілік әрекетінің бар екенін дәлелдейді. Жануарлардың мекен ететін жерлері жайлы сіздерге ақпарат беру алдында, Қазақстанда танымал, үлкен операторлық тәжірибесі бар, табиғат туралы бағдарламаның авторы, әрі жүргізушісі Максим Левитиннің кеңестерін назарларыңызға ұсынбақшымыз.

- Қазақстанға келушілер, жабайы аңдарды суретке түсіруді жаны сүйетіндер, жануарлардың саны және оларды кездестіру жиілігі Африка немесе АҚШ-тың ұлттық саябақтарындағыдай болмайтынын жақсы түсініп, білулері қажет. Егер туристке аңның қапастағы емес, жабайы табиғаттағы фотосы керек болса, оған өте күрделі саяхатқа даяр болуы абзал.

Тау бөктері, жазық далалар, шөлді жерлер мен ми батпақ, сулы алқаптар – әр жерде жағдай әрқалай. Түрлі жерлер түрлі жабдықтар, түрлі арнайы киім мен аппаратураның болғанын талап етеді. Егер тау бөктеріне жолға шықсаңыз, шатыр астында түнеу керек болады. 3000 метр биіктікте температура жаз кезінің өзінде 0 градустан төмен болады. Жылы, әрі жеңіл ұйықтау қабы, мықты трекингтік аяқ-киім мен денеңізді жылы ұстайтын киім және ең бастысы, таулы жерлерде жүре алу дағдысы, ептілігі керек. Егер 20 кг-дық жүкпен вертикалды бағытта километр жерді жүріп өте алатын болсаңыз, тау бөктерінде фотоға түсіру турына шығуға болады. Ал егер, бұл іс сіз үшін тым үлкен қиыншылықтар тудыратын болса, бұл ойдан бас тартқаныңыз жөн.

Егер жазық дала немесе шөлді жерлерге жол тартсаңыз, сенімді әрі барлық жерлерден жеңіл өте алатын көлік түрі қажет. Өзен-көлдерге, әрине, су көлігі керек.

Қазақстанда жабайы табиғат фотографтары фокустық қашықтығы 300 мм-ден кем емес объективтерді пайдаланады. Себебі, олар 200 м немесе одан да алыс жерлерден түсіруге мәжбүр.

Әрине, кез келген фотоаңшылықтың сәтті өтуінің басты кепілі – тәжірибесі мол, барған жерді жақсы білетін жол көрсетуші. Жабайы табиғат саласының мықты сарапшысы болсаңыз да, жабайы аңдар туралы біліміңіз аса терең болып тұрса да, алыс аймақтың жергілікті тұрғыны осы аумақтағы кез келген жалғыз аяқ, соқпақ жолдары мен аңдардың көбірек шоғырланып жүретін жерлерін сізден әлдеқайда жақсы біледі. Мәселен, жергілікті жер ерекшеліктерін жақсы білмей тұра, тауға ат үстінде өз бетіңізбен аттансаңыз, жартасты бедерлі жерлерде атпен жүру адам өмірі үшін аса қауіпті жерлерге тап болуыңыз мүмкін.
Экологиялық фото-туризмнің тағы бір маңызды жағын айта кетсек. Жергілікті экожүйенің сақталуына себептес болатын туризм түрлері экологиялық туризм болып табылады. Ландшафт, флора және фаунаның сақталып қалуына экотуристер қалайша әсер етуі мүмкін? Тек бір ғана әдіспен: қол тимеген қалыпта тұрған ландшафт пен бай жабайы табиғатқа деген сұранысты тудыру арқылы. Әдетте, адамдар өздеріне пайда әкелмейтін ресурстарды бағалай бермейді. Фотографтар жергілікті тұрғындарға (гидтер, жол көрсетушілер, атшы, үй иелері) белгілі бір қызмет түрлері үшін ақша төлегенде, адам қолы тимеген жабайы табиғатқа деген сұранысты тудырады. Пайда көре тұра, жергілікті тұрғындар осы табыс көзін сақтап қалу туралы ойлай бастайды.

Егер туристер жануарларды суретке түсіру үшін ақша төлесе, туристердің жабайы аңдарды жеңілінен фотоға түсіре алуы үшін, жергілікті тұрғындардың жабайы аңдар санын көбейтуге ынтасы жоғарылайды.

Егер экологиялық туристер азды-көпті жеткілікті түрде ақша төлеп тұрса, экологиялық фотоаңшылықтың трофейлік аңшылық орнын толық басу мүмкіндігі бар. Туристердің жергілікті тұрғындарға белгілі бір қызмет түрлері үшін ақы төлеуге не ықыласы, не мүмкіндігі болмаса, тұрғындар да оларды құшақ жая қарсы алмасы анық, оған таң қалмаңыз. Планетадағы халық санының экспоненциалды өсіміне байланысты, адам қолы тимеген жерлер таңдаулы және қол жетімсіз байлық түріне айналуда.

Ал енді ықыласыңыз бен физикалық мүмкіндігіңіз жеткілікті болса, Қазақстанның қай жерлерінде жабайы аңдардың бірегей фотоларын жасай алатыныңыз туралы айтып береміз.

Шығыс Қазақстанның аю, марал, бұландары

Шығыс Қазақстаннан басталық. Дәл осы аймақ – цивилизация қолы тимеген жабайы табиғат ерекшеліктеріне бай, алуан түрлі аңдардың ең көптеп шоғырланған жері. Мұнда фототур ұйымдастыруға дайын компаниялар да баршылық.

“Осында орналасқан туристік базалардың бірінің иесі Аэлита Ахметсалимқызы: “Сауыр тау бөктерінде арқарлардың осы жерге ғана тән бірегей түрін тамашалай аласыз, – дейді. – Сауыр тауының етегі шөлейтті белдем мен жазық далалы, ал биікке жоғарылаған сайын сібір сағызқарағайы мен Тянь-Шань шыршасы өсетін ормандар басталады. Әрі қарай жоғарылай түсе берсең, субальпі шалғындары мен тіпті мұздықтарға да жетуге болады. Дәл осындай табиғи ортаның сан алуандығы туристер мен фото аңшыларға марал, аю, елік, суыр, түлкі, қабан, құр, ұлар, кекілік, жылқышы құсын және басқа да көптеген жануарларды кездестіруге бар мүмкіндікті береді. Бұл өте жиі кездесетін тау мекендеушілерінің тізімі. Аталмыш тау бөктерінде “қызыл кітапқа енгендерді” де кездестіруге болады. Мысалы, жергілікті тұрғындар бұл жерде ілбістің іздерін жиі көруге болатынын айтып бере алады. Онымен кездесу мүмкіндігі аз да болса, кенеттен кездестіріп қалу ғажап емес!”

Шығыс Қазақстан облысының басқа жағында, Риддер қаласының жанында, жергілікті туристік базалар “жақыннан” түсіру фотоаңшылығы түрімен қоса, көру алаңдарынан түсіруді де ұсына алады.

“Біздің база Қара Ұба тайга өзенінің жағалауында, Риддерден 50 км қашықтықта орналасқан, – дейді Евгений Сидельников, экологиялық елді мекен иесі. – Үлкен мегаполистерден алыс орналасқандықтан, бұл жердегі ландшафтылар адам қолы тимеген күйінде сақтаулы. Ивановский, Үлбі, Халзун және Көксу жоталары тоғысқан, Ақ пен Қара Ұба, Тургусун және Борсық өзендері бастауын алған Кенді Алтай жерінде қорық ашылғаны тегін емес. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ сыртында да жабайы табиғат көріністері көздің жауын алады. Мұнда жануарлардың екі жүзден астам түрлері мекендейді, ал осындай шынайы жабайы тайга табиғатын сіз Қазақстанның басқа жерінде көре алмайсыз. Аңдарды, олардың мекен ететін табиғи ортасында көру үшін тек кішкене сабырлық пен дене шыдамдылығы қажет.”

Кез келген фотоаңшылық қаруланған қорықшымен бірге жүргізіледі. Дегенмен, аңдардың өздерінің сақ болатыны соншалық, хайуанға жақындай түсіп, білдіртпей фото түсіру мүмкіндігін пайдалана алу, туристке жануарды жақындатып көрсете алу – тек аса шебер әрі тәжірибелі жол көрсетушінің ғана қолынан келетін іс. Мысалы, аюдың көзі нашар көргенімен, оның иіс сезу және есту қабілеті жақсы дамыған. Сол себепті, ол адам иісін әрқашанда бірінші болып сезіп, жақын арада адамдар жүргенін ести қалса, сол мезетте ол жерден кетіп қалуға тырысады. Ал аналық аю өзін басқаша ұстайды, сондықтан аю мен қонжықтарына жол беріп, оларды өткізіп жіберген дұрыс. Аюларды бақылаудың ең жағымды кезі – тау баурайлары ашық, жақсы көрінетін, көктем мен жаз мезгілінің басы. Тайганың марал, елік, бұлан секілді басқа мекендеушілерін арнайы жабдықталған көру алаңдарынан тамашалауға болады.

“Фотоаңшылықтың қызықты болғаны соншалық, мен бір де бір демалыс күнін жібермей, апта сайын орманға жол тартамын, табиғаттың жанымызда болғаны қандай керемет, – дейді Александр Клименко, Риддер қаласының әуесқой фотографы, түрлі фото байқаулар жеңімпазы. – Жануарлармен кездесуден әр кез жаңа эмоцияларға бөленесіз. Аюмен кездесуден қаныңызда адреналин мөлшері көтерілсе, ал елік, бұғы, жылан, құстарды кездестіргенде олардың сұлулығына шексіз таңданасыз (өздерін тамашалауға мүмкіндік бергендерінше, әрине). Осылайша, табиғаттың тылсым дүниесінің бір бөлшегі екеніңізді сезінесіз...”

Жануарлар ұлттық парктері

Екі облыс – Ақмола мен Қарағандының аумағында, Нұр-Сұлтаннан үш сағаттық қашықтықта орналасқан “Бұйратау” ұлттық саябағында сіз жартылай жабайы маралдарды жақыннан көріп, суретке түсіре аласыз. Бұғылар мұнда жартылай бос жағдайда, арнайы қоршауда күтіледі. Бұл қоршауды сафари паркі деп те атайды, өйткені онда тек маралдар ғана емес, сонымен қатар басқа да жануарлар мекендейді. Саябақтың аумағында сізді жабайы аңдардың өмірі туралы әңгіме айтып, оларды тамашалауыңызда өз көмегін көрсетуге даяр тұрған мейірімді қызметкерлер қарсы алады. Сонда түнегіңіз келсе, «Тихий кордон» атты шағын қонақ үй де бар.

Табиғи жағдайға жақын ортада жануарларды бақылау, тіпті шектеулі жерлерде болсын, үлкен эстетикалық және танымдық құндылыққа ие.


“Алтын-Емел” ұлттық паркі де жақсы фотосафари үшін жасалған керемет жағдайларымен мақтана алады. Саябақтың жайлы қонақ үйлер, жабдықталған туристік маршруттар, сапалы жолдар секілді дамыған туристік инфрақұрылымы бар. Бұл ашық кеңістіктегі барлық ландшафттарды ғана емес (таулар, жазықтар, өзен алқаптары, тоғай ормандары, құмдар), сонымен қатар жақын қашықтықта шөлді жерде мекен ететін тұяқты жануарлар – құлан мен қарақұйрықтарды көруге мүмкіндік береді.

«Ақсу мен Жабағылы өзендерін, оның айналасындағы ағаштар, бұталы екпелер мен шөп жабындысын, сондай-ақ, қорықта мекендейтін жануарлар дүниесін адам қолы тимеген күйі сақтап қалу мақсатында, табиғи ескерткіш ретінде» құрылған “Ақсу-Жабағылы” қорығының аумағында, тау бөктерінде жақын қашықтықта тауешкілерді немесе тау-текелерін көріп, фотоға түсіре аласыз. Сондай-ақ, Тянь-Шань аюымен, еліктер, жайра және басқа да жануарлармен кездесіп қалуыңыз әбден мүмкін.

Айта кету керек, барлық ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жануарларды байқап, тамашалауға болады. Бірақ, мақаланың басында Максим Левитин кеңес беріп кеткеніндей, кез келген жағдайда баратын өңіріңізден жақсы жол көрсетуші тауып алғаныңыз жөн. Ол үшін сол аймақтың туристік компаниясы немесе ұлттық парктер мен қорықтарынан ақпарат алуға болады. Жергілікті гид – сәтті кадр іздеудегі шағын экспедицияңыздың сенімді кепілі болады!


Similar publications